Accessibility links

Иранда әйел адам вице-президент қызметіне жетті


Вице-президент Элхам Аминзаде парламентке келді. Тегеран, 12 тамыз 2013 жыл.

Вице-президент Элхам Аминзаде парламентке келді. Тегеран, 12 тамыз 2013 жыл.

Иран президенті Роуханиді сынайтындар «сайлаушылар үмітін ақтамады» деп келген еді. Бірақ оның әйел адамды вице-президент қызметіне бекітуі жұртқа басқаша әсер етті.

Хассан Роухани Иранның құқықтық істер бойынша вице-президенті лауазымына әйел адамды тағайындады.

РОУХАНИДІҢ КӨЗІРІ

Оның президент сайлауында жеңуіне «Роухани Ирандағы әйел теңдігі мәселесін реттейді» деген үмітпен дауыс берген әйелдер көп септігін тигізген еді.

Ұлықтау рәсімі өткен күні (2013 жылы тамыздың 4-і күні) Роухани министрлер тізімін жариялады. Тізім бойынша үкімет мүшелері кілең ер адамдар болып шықты. Құқық қорғаушы ұйымдар Роуханидің бұл әрекетін дереу сынай бастаған еді. Алайда, Хассан Роухани министрлер кабинетінің мүшесі етіп әйел адамды тағайындап үлгерді.

Бұрын консервативті депутат болған, қазір бірнеше универститетте дәріс оқитын Элхам Аминзаде құқықтық істер бойынша вице-президент болып тағайындалды.

Иран президенті Хассан Роухани. Тегеран, 1 маусым 2013 жыл.

Иран президенті Хассан Роухани. Тегеран, 1 маусым 2013 жыл.

Тамыздың 11-і күні жарлыққа қол қойған Роухани «Аминзаде бұл қызметке ғылыми дәрежесінің, заң ғылымын терең білгендігінің, адамгершілігінің арқасында тағайындалды» деп мәлімдеді.

Иранда әйелдер құқығын қорғаумен танылған белсенді Сьюзан Тахмасеби Роуханидің шешімін қолдайды. Бірақ ол Роуханиден бұдан гөрі батылырақ әрекеттерді күткенін айтады.

- Әйел адамның министр болып тағайындалуы да әйелдер мәселесіне жатады. Иранның бұрынғы президенті Ахмадинежад үш бірдей әйелді министрлікке ұсынды. Олардың біреуін парламент заңды түрде бекітті. Роухани «әйелдер теңдігін қолдаймын» деп уәде бергендіктен, біз одан көп үміт күткен едік. Ахмединежад 8 жыл президент болды, көбінесе оған қатысты сын әйелдер құқығы мәселесін реттемегені үшін айтылған еді, - дейді Сьюзан Тахмасеби.

«ӘЙЕЛДЕРДІ САЯСАТТАН БӨЛІП ТАСТАҒАН БИІК ДУАЛ»

Роуханидің кілең ер адамдардан жасақталған кабинеті Ирандағы зиялы қауым мен әйелдер құқығын қорғайтын заңгерлердің қарсылығын туғызды. Қарсы болғандардың арасында заңгер әрі журналист Ашраф Герамизадеган да бар.

Тамыз айының басында, болашақ кабинеттің құрамын талқылауға байланысты Тегеранда митингі өткенде ол «Біз Роуханиге «билікті бөліс» демейміз, біз тек өз құқығымыздың қорғалуын талап етеміз» деп мәлімдеді.

Хаcсан Роухани парламентке келіп, үкімет мүшелері тізімін жариялады. Тегеран, 12 тамыз 2013 жыл.

Хаcсан Роухани парламентке келіп, үкімет мүшелері тізімін жариялады. Тегеран, 12 тамыз 2013 жыл.

Сол митингіде журналист Шахиндох Молаверди Роуханидің тек қана ер адамдардан тұратын министрлер тізімін «әйелдерді саясаттан бөліп тастаған биік дуал сияқты» деп сынаған еді.

- Роухани сайлау кезінде үнемі әйелдердің де билікке теңдей араласу мәселесін көтеріп жүрді. Соған орай біз де министрлер құрамында әйелдер саны да артады деп ойладық, - дейді ол.

Роухани сайлау науқаны кезінде әйелдер теңдігі мәселесін негізгі саяси платформасы етіп алды. Жүрген жерінде әйелдер теңдігі жайлы пікірлер айтып жүрді. Тіпті әйелдер ісі бойынша министрлік құруға да уәде берді.

Президент болып сайланған соң ол өзі құрған министрлер кабинетін сынап, «Ирандағы әйелдер теңсіздігін жоюмен айналысамын» деп мәлімдеді. Роухани сол жолы:

- Әйелдерден министр шыққан күннің өзінде олар толық теңдікке жетті деп айта алмаймыз. Билік жүйесінің барлық сатысында теңдік нормалары сақталуы керек. Әйелдерді билікке әкелгенде «Халайық. қараңдар, бізде әйелдер де билікке бара алады. Олардың құқығы сақталып жатыр» деп айтуды ғана мақсат тұтпауымыз керек, - деген еді.

Иранда әйелдер құқығын қорғаумен танылған белсенді Сьюзан Тахмасеби.

Иранда әйелдер құқығын қорғаумен танылған белсенді Сьюзан Тахмасеби.

Вашингтонда тұратын белсенді Тахмасеби бұл пікірмен келіседі. Оның ойынша, «әйел адамды министр етіп тағайындау - үлкен өзгерістің нышаны».

- Бұған қарап Роуханидің Иран халқының жартысы әйелдер екенін мойындайтынын білесіз. Оған дауыс берген адамдардың көбі - әйелдер. Бірақ министрлер кабинетінде бірді-екілі әйелдің болуы мәселені шешпейді. Меніңше, барлық министрлер әйелдер теңдігін қолдауы керек. Олар да әйелдердің билікке араласуына, құқықтарының теңелуіне және дамуына атсалысуы керек, - дейді ол.

ҮШ ӘЙЕЛДІҢ ТАРИХЫ

Ахмадинежад 2009 жылы Марзие Вахид-Дастжерди ханымды денсаулық сақтау министрі қызметіне екі рет тағайындаған еді. Ол Ирандағы тұңғыш әйел министр ретінде тарихта қалды. Алайда 2012 жылы оның жұмысына қатысты сын айтылған соң қызметінен алынды.

Әйел адамды алғаш рет биліктің жоғарғы эшелонына алып келген 1997—2005 жылдар аралығында Иран президенті болған Мохаммед Хатами еді. 1997 жылы ол Массоумех Ебтекар есімді әйелді қоршаған ортаны қорғау ұйымының басшысы және вице-президент қызметіне тағайындады.

Вице-президент Элхам Аминзаде парламентте депутатпен сөйлесіп тұр. Тегеран, 12 тамыз 2013 жыл.

Вице-президент Элхам Аминзаде парламентте депутатпен сөйлесіп тұр. Тегеран, 12 тамыз 2013 жыл.

Ал Аминзаденің қызметтік өкілетіне әйелдер проблемасы кіретін-кірмейтіні әзірге белгісіз. Соңғы 30 жылда Ирандағы әйелдердің құқықтары Ислам заңдарымен шектеліп келеді.

Аминзаде Глазго (Шотландия) университетіндегі халықаралық заңдар факультетінде «БҰҰ және халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздік» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғаған.

Қазір ол Тегеран университетінде заң ғылымы бойынша профессордың көмекшісі және Имам Садық университеті мен сыртқы істер министрлігі университетінде дәріс оқиды.

Аминзаде 2004-2008 жылдары парламентте депутат болған. Одан бөлек, сыртқы саясат және ұлттық қауіпсіздік комитетінде директор орынбасары қызметін атқарған.

Ирандағы Fars ақпарат агенттігі «Аминзаде парламентте депутат болған кезінде әйелдер құқығына қатысты бірнеше заң жобасын ұсынған» деп жазады.

Азаттық радиосы тілшісімен сөйлескен әйелдер құқығын қорғайтын бірнеше белсенді Аминзаде жайында онша көп ақпарат білмейтіндерін айтты. Олардың біреуі Аминзадені «реформистермен кеңесіп отыратын консерватор» ретінде сипаттады.

Ал Ayandehonline веб-сайты мақаласында «қазір Роухани үшін Аминзаденің әйел болғаны оның консерваторлық саяси бағытынан әлдеқайда маңызды болып тұр» деп жазды.

Гүлназ Эсфандиаридің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Сағынай Кәрім.
XS
SM
MD
LG