Accessibility links

Иранға оралған диссиденттер қайта қуғындалды


Иран президенті Хассан Роухани кітап көрмесінде жүр. Тегеран, 29 сәуір 2014 жыл.

Иран президенті Хассан Роухани кітап көрмесінде жүр. Тегеран, 29 сәуір 2014 жыл.

Иран президенті «шетелде жүрген ирандықтар елге оралыңдар» деп, оларды құшақ жая қарсы алатын сыңай танытқан. Бірақ қайтып келген диссиденттер қайта қуғынға ұшырап жатыр.

Шын атын айтудан бас тарқан, шетелде тұрып жатқан Әли есімді диссиденттің елге оралам деп жүргендерге айтатын бір ғана ақылы бар: «Бұл туралы әлі ойлауға да болмайды!»

ТЕРГЕУ

Ирандағы сайлаудан кейінгі шеру. Тегеран, 17 маусым 2009 жыл.

Ирандағы сайлаудан кейінгі шеру. Тегеран, 17 маусым 2009 жыл.

Журналистер, билікке наразы адамдар Махмұд Ахмадинежад жеңілген 2009 жылғы даулы сайлаудан кейінгі қысымға шыдамай елден кетіп қалған.

2013 жылғы тамызда болған келесі сайлауда Хассан Роухани жеңді. Роухани билікке келген соң Әли елге қайтуға бел буды.

Алайда ішкі-сыртқы саясатта «жылымық» пайда болғанымен, қайтып келгендер қуғынға түспейтіндей жағдай әлі де жасалмағаны белгілі болды.

Елге қайтып келген Әли сияқты диссиденттер тергеуге түсті. Кейбіреулері тіпті 2009 жылғы сайлаудан кейін болған көтерілістерге қатысы бар деген күдікпен қамауға алынды.

Роуханидің өзі қашқындардың қайтуына ықылас танытқанымен, Ирандағы консерваторлар әлі де райларынан қайтпаған.

Әли «Қуғынның басы-қасында Ислам революциясы сақшылары корпусы мен прокуратура тұр. Олар диссиденттердің қайтып келуіне қарсы. Бұл мәселеде сыртқы істер министрлігі мен барлау министрлігінің сөзі өтпейді» дейді.


АШЫҚ ЕСІК САЯСАТЫ

Қыркүйек айында Нью-Йоркте ираннан шыққан америкалықтар алдында сөйлеген президент Роухани «ирандықтарды елге қайту құқығынан айыруға ешкімнің хақысы жоқ» деп мәлімдеді.

- Иранның қожайыны – Иран азаматтары. Иран ирандықтаға тиесілі, – деген еді сол жолы Роухани.

Әли «жат жұрттағы өмірім тозақтан арман болды» дейді. Сондықтан ол Иранда тұру мүмкіндігі берілетін болса, тіпті түрмеге де жатып шығуға әзір болған. Енді ол мұндай тәуекелге барғанына өкініп отыр. Себебі, революция сақшылары оны алты жылға бас бостандығынан айырғалы жатыр.

Әлидің сөзіне қарағанда, оны аса ықпалды Ислам революциясы сақшылары корпусының барлау қызметі ұзақ тергеудің астына алған.

2009 жылғы көтеріліс кезінде тұтқындалып, кейін шетелге қашып кеткен, реформаны жақтайтын «Мошарекат» партиясының мүшесі саналатын тағы бір журналист Хусейн Ноуранинежад та Тегеранға қайтып оралған соң қайта сүргінге түскен.

Австралиядағы оқуын тастап, бесіктегі баласы және әйелімен қайта қауышу үшін елге оралғанына бір ай болғанда, яғни сәуірдің 21-і күні оны полиция қамауға алды.

Еуропадағы ирандықтар шеруі. Брюссель, 21 маусым 2009 жыл.

Еуропадағы ирандықтар шеруі. Брюссель, 21 маусым 2009 жыл.

Зайыбы Парастоу Сармадидің жартылай мемлекеттік ILNA ақпарат агенттігіне айтқанына қарағанда, Ноуранинежадты Ислам ревоюциясы сақшылары корпусының әйгілі Евин түрмесіне қамаған.

Үкімет әлі оны тұтқындау себебін хабарлаған жоқ. Дегенмен бұл оқиға елге қайтуды ойлап жүрген диссиденттердің көзін ашып, райынан қайтаратын түрі бар. Соңғы уақытта Ноуранинежадпен жақын араласқан бір журналист:

- Меніңше, оны азаптап жатыр, – дейді.

Азаттық радиосын сұхбат берген басқа екі диссиденттің сөзіне қарағанда, елдің барлау және сот саласы қызметкерлері Ирандағы туыстары арқылы оларға «тұрып жатқан жерлеріңде жүре беріңдер» деген сәлем айтқан. Еуропада тұратын, аты-жөнін атамауды жөн көрген бұрынғы саяси белсенді:

- «Елге келсең тұтқындаласыңдар» деді, – дейді.

«ЕЛ ШЫРҚЫН БҰЗАТЫНДАРҒА РҰҚСАТ ЖОҚ»

Иранға оралу диссиденттерге қауіпті екені мына жайттан да белгілі болды. Сәуірдің 28-і күні соттың ресми өкілі Мохсени Еджеи төрт «бүлікшінің» (Иранда оппозиционерлерге қатысты айтылатын сөз – ред.) сырттай бас бостандығынан айыру жазасына тартылғанын хабарлады. Оның үстіне ел ішінде жүрген «бүлікшілердің» шетелге шығуына тыйым салынды. Ресми өкіл ешкімнің атын атамады, қосымша дерек те келтірмеді.

Амстердамдағы Zamaneh радиосының атқарушы директоры Арьен де Вольфтің айтуынша, «бұл жерде үкіметтің айтпақ ойы анық»:

- Олар сыртта жүргендерге «елге қайтардан бұрын жақсылап ойланыңдар» деген сигнал жіберді. [Қатаң саясатты қолдайтындар] Роухани билігі тұсында оларға ұнамайтын адамдардың елге оралып, белсенді әрекеттердің қайта басталуынан қорқып отыр, - дейді ол.

Роухани билікке келгелі (2013 жылдың тамызы – ред.) қанша диссиденттің Иранға оралғаны белгісіз. Вольф төрт кісінің қайтып кеткенін айтады. Олардың төртеуі де Иранға барған соң қамауға алынып, Революция сақшылары корпусының тергеуіне іліккен, әрі паспорттары тәркіленген. Вольф «жұрт білмейтін осы тақылеттес жайттар көп болуы мүмкін» дейді.
Реза Мойни.

Реза Мойни.

Францияның «Шекарасыз тілшілер» баспасөзді қорғау ұйымының өкілі Реза Мойнидің айтуынша, «Иран басшылары оппозиция мүшелері мен режимді сынаушылардың елге оралғанын қаламайды».

- «Ирандықтар елге қайтып келуі керек» дегенде олар инвесторларды, байларды және Иран басшылығымен байланысы бар кісілерді, режимнің мүддесіне қызмет ететіндерді меңзеп отыр, - дейді ол.

(Гүлназ Есфандияридің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)
XS
SM
MD
LG