Accessibility links

Иран ғалымы: "Уақыт машинасын ойлап таптым"


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Әли Разеги есімді ирандық "өзі жасаған уақыт машинасын" елдің стратегиялық жобалар орталығында тіркеді. Оның сөзінше, "машина адамның алдағы 5-8 жылдағы өмірін 98 пайыз дәлдікпен болжап береді".

The Telegraph газетінің жазуынша, ирандық 27 жастағы ғалым Әли Разегидің "Ариайек уақыт кезу машинасы" деп аталған құрылғы болашақ туралы ақпаратты басып шығарады. Басылым ирандық БАҚ-қа сілтеме жасаған.

Разеги “Менің құрылғым ноутбуктың қабына сыйып кетеді. Сізді болашаққа апармайды, болашақты сізге алып келеді” дейді.

Ғалым Ирандағы стратегиялық жобалар орталығында менеджер болып жұмыс істейді. Бұған дейін 179 түрлі құрылғы ойлап тауып, тіркеткен. "Мына машинаға соңғы 10 жылымды жұмсадым" дейді ол.

Koker 1 ұшу аппаратының суреті
Koker 1 ұшу аппаратының суреті
Разегидің "уақыт машинасы" тек жекелеген адамдарға арналған құрал емес, дағдарыстардың алдын алғысы келетін үкіметтер үшін де пайдалы ресурс ретінде таныстырылған.

"Үкімет алдағы бес жылда не болатынын біліп отырса, тұрақтылыққа қатер төндіретін құбылыстарға алдын ала дайын болар еді" дейді ол.

Достары мен туыстары Разегидің бұл жаңалығын ұнатпай, "Құдаймен ойнау" деп сынаған.

Разеги бұл "құдыреті күшті" құралын алғысы келетіндерден қалай сақтану керек екенін де біледі. “Америкалықтар бұл құрылғыны миллиондаған доллар жұмсап жасай алмай жатыр. Ал біздің өз құрылғымызды бірден өндіріске шығармай тұрған себебіміз - Қытай идеямызды ұрлап алып, бір түнде миллион көшірмесін жасап беруі мүмкін” дейді ол.

Ғалымның бұл мәлімдемелеріне қарамастан оның жаңалығына күмәнмен қараушылар жетерлік.

Ақпан айында бір топ блогер Иранның жаңа Qaher-313 атты ұшқышсыз басқарылатын аппаратының тау үстімен ұшып бара жатқан суреті Photoshop бағдарламасы арқылы жасалған жасанды бейне екенін анықтаған еді. Олар ұшу аппаратының бүйіріндегі жарық іздеріне қарап, бұл фотоның жабық ғимарат ішінде түсіріліп, кейін Дамаванд тауының суретінің бетіне қондырылғанын дәлелдеуге тырысқан. Кейбір блогерлер ұшу аппаратының растығына да шүбә келтірген.

2012 жылы Иран Koker 1 атты "әлемнің бірінші тік көтеріле алатын" ұшу аппаратының суретін жариялаған. Бірақ интернет сарапшылар бұл құрылғыны Жапониядағы Чиба университетінің инженерлері 2008 жылы ойлап тапқанын жаппай жазған еді.
XS
SM
MD
LG