Accessibility links

Иран зымырандарын сынақтан өткізді, қысым тағы күшейді


Иран зымырандарын сынақтан өткізуде. 27 қыркүйек, 2009 жыл.
Иран зымырандарын сынақтан өткізуде. 27 қыркүйек, 2009 жыл.

Иран қысқа қашықтыққа ұшырылатын екі зымыранын сынақтан өткізді және ұзақ қашықтықтағы зымыранын тәжірибеден өткізбек. Ал бұл аралықта ядролық амбициялары жоғары Теһран мен Батыс арасындағы текетірес өрши түсуде.

Мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Иран әскери жаттығулар барысында қысқа қашықтықтағы екі зымыранын сынақтан өткізген. Тондар-69 және Фатех-110 зымырандары жексенбі күні ұшырылды делінеді.

Ал мемлекеттік радиодан берілген хабарға қарағанда, ұзақ қашықтықтағы Шахаб-3 зымыраны қыркүйектің 28-де тәжірибеден өткізілмек. Сарапшылардың айтуынша, бұл зымыран Парсы шығанағындағы Израиль мен АҚШ базаларына жете алады.

Израиль сыртқы істер министрінің орынбасары Даниел Аялонның мәлімдеуінше, Иран зымыран сынақтары мен әскери жаттығуларын өткізу арқылы халықаралық қауымдастықтың пікірлеріне құлақ аспауда.

«Бүкіл ядролық бағдарламасы мен зымыран сынақтарын өз еркімен тоқтату немесе зардап шегу ирандықтардың өздеріне байланысты», - деді Аялон.

Иранның Исламшыл төңкеріс сақшылары корпусы сенбі күні бірнеше күнге созылатын әскери жаттығулар өткізетінін жариялады. Корпустың қолбасшысы Хуссейн Салами бұл жаттығулар басып алғысы келетіндерге Иранның шексіз беріктігі мен қарсы тұруын білдіреді деп атап көрсетті.

Соңғы кездері Иран өзінің ядролық бағдарламасына байланысты халықаралық қауымдастықтың қысымына тап болуда.

Қыркүйектің 21-і күні Иран уран байытатын екінші зауытын салып жатқанын хабарлады. Бұл туралы ресми Теһран Атом энергиясы бойынша халықаралық агенттікке жолдаған хатында айтқан.

Нью-Йорктегі БҰҰ Бас ассамблеясына қатысқан Иран президенті Махмуд Ахмадинежад қыркүйектің 25-де журналистердің алдында сөйлеген сөзінде Қом қаласының жанында орналасқан жаңа зауыт халықаралық ережелерге сай салынуда, оны БҰҰ-ның мамандары тексерсе болады деп мәлімдеді.

Сенбі күні Теһранға оралған Ахмадинежад Батыс елдеріне бағынбайтынын жеткізді:

«Олар Қомдағы жаңа ядролық зауытымыздың әрекеттеріне қарсы науқан жүргізді. Біз бұл зауыт туралы халықаралық агенттікке өзіміз хабарлаған болатынбыз. Олар бізді құпия ядролық зауыт салып жатыр деп айыптап, осы мәселе төңірегінде дау шығарды. Олар осы іс-қимылына өкінеді деп үміттенеміз. Әрине олар коммерциялық пайдасы үшін бұл әрекеттерін жалғастыра беруі мүмкін. Алайда бұл империалисттік саясаттарға қатты соққыға айналды», - деді Ахмадинежад.

Бейсенбі күні Иран ресмилері Теһранның даулы ядролық бағдарламасына байланысты БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің бес тұрақты мүшесі – АҚШ, Британия, Ресей, Қытай, Франция елдерінің – және Германияның өкілдерімен кездеседі деп жоспарланған.

АҚШ, Британия, Франция мемлекеттерінің жетекшілері Теһранды халықаралық ережелерді бұзып, жаңа зауыт салуда деп айыптап, егер Иран әлемнің алпауыт елдерімен толық ынтымақтаспаса, оған қарсы жаңа санкциялар енгізілуі мүмкін деп ескертті.

Батыс елдері Иран жасырын түрде ядролық қару жасамақшы деп қауіптенеді, бірақ Теһран бұл айыптауларды жоққа шығарып отыр.

Нью-Йоркте «Азат Еуропа / Азаттық радиосына» сұхбат берген Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров барлық тараптарды ұстамдылыққа шақырды. Алдымен жаңа зауыт мұқият тексерілуі тиіс деді Лавров.

Сонымен қатар Нью-Йоркте Ирақ президенті Жалал Талабани Иранға қарсы жаңа санкциялар еш нәтиже бермейді деп мәлімдеді. Израиль немесе кез келген басқа елдің Ирақ жерінен Иранның ядролық нысандарына шабуыл жасауына ешқашан мұрсат етілмейді деп ескертті Талабани.

Ирақ президентінің мәлімдеуінше, әлемнің алпауыт елдері Иранмен "нағыз келіссөз" жүргізіп, Теһранның бейбіт мақсатта ядролық энергияны пайдалану құқығына кепілдік беруі тиіс.
XS
SM
MD
LG