Accessibility links

Иран билігі Нобель лауреаты Ширин Ебадидің алтын медалі мен дипломын тәркілеген


Ирандағы адам құқықтарын қорғаушы белсенді Ширин Ебади Женевадағы баспасөз маслихатында мәлімдеме жасауда.19 маусым 2009 жыл.
Ирандағы адам құқықтарын қорғаушы белсенді Ширин Ебади Женевадағы баспасөз маслихатында мәлімдеме жасауда.19 маусым 2009 жыл.

Иран билігі адам құқықтары белсендісі Ширин Ебадидің бейбітшілік Нобель сыйлығын тәркілеген. Соңғы сәтте Иран Сыртқы істер министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарды. Ебади мәртебелі Нобель сыйлығымен 2003 жылы марапатталған болатын. Бұған қатысты Норвегия үкіметі мен Нобель комитеті наразылық танытты.

«Ассошиэйтед Пресс» ақпарат агенттігіне Лондоннан телефон арқылы берген сұхбатында Ширин Ебади Иран билігінің одан Нобель медалі мен дипломын алып қойғанын хабарлады. Иранның билік орындары осыдан үш апта бұрын Теһранның Төңкерісшіл сотының бұйрығымен Ебадидің банктегі құнды заттар сақталатын жәшігінен сондай-ақ Франция үкіметі берген медаль мен Германия журналистері қоғамдастығы сыйлаған жүзікті де алыпты.

Ебадидің алтын медалі мен Нобель дипломынан айырылуы президент Махмуд Ахмадинежадтың режимінің үкімет сыншыларын құртуға бағытталған әрекеттерінің күшейіп отырғандығын білдіреді.

Ебадидің айтуынша, Иран билігі оның және күйеуінің банктегі есеп-шоттарын тоқтатып, 410 мың доллар көлемінде салық төлеуін талап етуде. Ресми Теһранның айтуынша, Ебади мемлекетке өзінің 1.3 миллион долларлық Нобель сыйлығынан салық төлеуі тиіс.

Биліктің бұл қадамын Ебади заңсыз деп атады. Оның айтуынша, Иран заңдарына сәйкес, мұндай сыйлықтар салықтан босатылады. Теһрандағы билік орындары үйімді де тәркілегісі келеді дейді Ебади.

Ширин Ебади Бейбітшілік бойынша Нобель сыйлығымен марапатталған алғашқы мұсылман әйелі және ол Ирандағы жалғыз ғана келіншек-судья боп табылады. Ебади өзін Иран билігі бәрібір қорқыта алмайтынын айтып отыр.

Бірақ Ебади Теһраннан өз өміріне қауіп төндіретін ескертулер алғанын мәлімдеді.
Құқыққорғаушы Ширин Ебади Нобель сыйлығымен марапатталу рәсімінде. Осло, 10 желтоқсан 2003 жыл.


Бейбітшілік Нобель сыйлығы Норвегияда тапсырылады. Бұл елдің үкіметі әлгі сыйлықтың тәркіленуі Иранда сөз бостандығына қатты қысым жасалып отырғандығын көрсетеді деп мәлімдеді.

Норвегия сыртқы істер министрі Жонас Гахр Стоурдың айтуынша, Нобель сыйлығының 108 жылдық тарихында алтын медалді тартып алу жағдайы бірінші рет кездесіп отыр. Министрлік бұл оқиғаға байланысты Иран елшісіне наразылық нотасын жолдады.

Норвегияның Нобель комитеті де Ебадидің төңірегіндегі жағдайға байланысты алаңдаушылық танытты. Комитеттің тұрақты хатшысы әрі Ослодағы норвегиялық Нобель институтының директоры Гейр Лундестад былай деп мәлімдеді:

«Біздің жаман көңіліміз қалып отыр. Әрине Иран билігі мен Ширин Ебади арасында ұзақ уақытқа созылған дау бар. Бірақ сол дау енді өрши түсуде», - деді Лундестад.

Адвокат Мохаммад Әли Дадхах Ебадидің адам құқықтары тобын құруға көмектескен. Оның айтуынша, Ебадидің Нобель сыйлығынан түскен 1.3 миллион доллар Иран банкіне қойылып, бұл қаржы саяси тұтқындар мен олардың отбасыларына жәрдем беру үшін жұмсалуда.

Иран билігі осы есеп-шоттан ақша алынуына тосқауыл қойып отыр дейді адвокат Дадхах.

Оның айтуынша, Иран билігінің бұл әрекетінің саяси астары бар және ол «заңсыз» себебі тәркілеу жөніндегі шешім ашық сотта көрсетілген дәлелдер негізінде шығарылуы тиіс. Бұл істе мұндай дәлел болмаған дейді адвокат.

Ширин Ебади шілденің 12-дегі даулы президент сайлауынан бір күн бұрын Испаниядағы конференцияға қатысу үшін Ираннан кеткен болатын. Содан бері ол еліне оралған жоқ.

Оның орнына Ебади халықаралық қауымдастықты сайлаудан кейін адам құқықтарын таптаған Иран билігіне қарсы әрекет етуге шақырып келеді.

Ирандағы президенттік сайлаулардан кейін болған наразылық шерулер барысында мыңдаған азамат қамауға алынды.

Қауіпсіздік күштерімен арада орын алған қақтығыстарда ондаған Иран азаматы қаза тапты. Тұтқындалған оппозициялық тұлғалар түрмеде қинап-азапталуда деген айыптар да айтылып отыр.

Соңғы хабарға қарағанда, Иран сыртқы істер министрлігі Ебадидің Нобель сыйлығынан айрылғандығын жоққа шығарды.
XS
SM
MD
LG