Accessibility links

Иран музыканттары жақсылықтан үміттенеді


Тегеран симфониялық оркестрі. Иран, "Фаджр" халықаралық музыка фестивалі, 14 ақпан 2012 жыл.

Тегеран симфониялық оркестрі. Иран, "Фаджр" халықаралық музыка фестивалі, 14 ақпан 2012 жыл.

Иран президенті Роухани соңғы жылдары сахнадан көрінбей кеткен, бірақ бұрындары Иранның мақтанышы болған оркестрді қайта жандандыруға уәде берді. Бірақ оған күмәнданатындар да бар.

Александр Рахбари (Иранда Әли Рахбари деген атпен танылған – ред.) Тегеран симфониялық оркестрінде жұмыс істеген жылдарын, әсіресе 2005 жылдың күзін ерекше сағынышпен еске алады. Олар Бетховеннің 9-симфониясын орындаған кезде Иран астанасындағы Вахдат Холл (Vahdat Hall) сарайында иін тірескен халық отырды.

МУЗЫКАНТТАРЫ КЕДЕЙ МЕМЛЕКЕТ

- Бетховеннің 9-симфониясына Тегеранда жеті түн қатарынан дирижерлік жасадым. Оны Нью-Йорк немесе Австрияда солай ойнасам, екі түннен соң зал бос болар еді. Ал Тегеран халқы ағылып келіп жатты. Кейін газеттер «сонша жылдан кейін Иранға оралғанда, симфонияны небәрі жеті түн ғана орындады» деп жазды, - дейді Рахбари.

Бүкіл әлемге танымал ирандық маэстро Еуропаны 30 жыл шарлаған соң еліне оралды. Бірақ бірнеше рет өнер көрсеткен соң оны қызметтен босатты, солайша музыкант Ислам Республикасынан көңілі қалып, тағы да елден кетті.

Сол уақытта Рахбари мемлекетке қарайтын оркестрдегі музыканттардың жалақысын көтеруді талап етті. Оның айтуынша, оркестр мүшелері тиын-тебен үшін қызмет еткен – негізгі орындаушылардың өзі айына 150 доллар ғана алатын. Сондықтан олар екі-үш жерде жұмыс істеуге мәжбүр болған. «Осы тұрғыдан алғанда, Иран мен көрген елдердің ішіндегі ең кедейі болып шықты» дейді ол.

ОРКЕСТРГЕ ЖАСАЛҒАН ҚИЯНАТ

2012 жылы қаржыландыруға қатысты қиындықтар туындады. Осы кезде Рахбари мен оның ізбасарлары «1930-жылдары құрылған, Таяу Шығыстағы ең көне Тегеран симфониялық оркестрінің дауысы естілмей кеткенін» айтып, шағымданды.

1998 жылы ирандық сазгер әрі дирижер Фархад Фахреддини негізін қалаған Иран ұлттық оркестрі де осындай жағдайды басынан өткерді. Фахреддинидің өзі 1999 жылы отставкаға кетті, тек классикалық иран әуенін орындайтын оркестр 2012 жылдың қазан айында тарап кетті. Ирандық БАҚ-тың жазуынша, екі оркестрдің музыканттарының келісім-шарттары ұзартылмаған, жоспарланған концерттері көрсетілмей қалған. Ұлттық оркестрдің бір музыканты:

- Біз жалақымызды сұраған кезде оның бюджетте қарастырылмағанын айтты, - дейді.

Шенеуніктер екі оркестрді қайта құрып, жаңарту үшін шара қабылдайтындарын айтып жатса да, олардың жабылғаны музыканттарға үлкен соққы болды.

Иран ұлттық оркестрін YouTube видеосынан көріңіз:



1979 жылғы Ислам революциясынан кейін әсіредіншілдер музыканы жемқорлық пен кертартпалық белгісі санады. Соңғы жылдары сол тоң сәл жібіп, жыл сайын өтетін «Фаджр» халықаралық музыка фестивалі Ирандағы ең танымал мәдени шараға айналды. Биыл бұл фестиваль ақпанның 13-20-сы күндері аралығында өтіп жатыр. «Фаджр» фестивалі бұрынғы мәдениет министрі Мохаммад Хатамидың ұйымдастыруымен 1986 жылы басталған еді.

Соңғы уақытта билік классикалық музыка, соның ішінде парсы классикалық әуенін қолдай бастады. Ресми шараларда классика ойнатылатын болды. Бірақ бұның бәрі Тегеран симфониялық оркестрінің гүлденген дәуірі – 1960-70-жылдармен салыстыруға келмейді. Сол кезде әлемдегі ұлы музыканттардың бірі, скрипкашы Иегуди Менухин де бұл оркестрдің өнерін жоғары бағалаған еді.

2013 жылы Роухани президент болғанда музыканттар жақсылықтан үміттенді. Қаңтардың 8-і күні мәдениет қайраткерлері мен өнер адамдары алдында сөйлеген Роухани «Тегеран симфониялық оркестрі мен Ұлттық оркестрдің жабылып қалғаны өкінішті-ақ. Үкімет алдағы айларда оларды қайтадан жасақтауға кіріседі» деді.

«МУЗЫКАНТТЫ ҚАДІРЛЕЙ БІЛУ КЕРЕК»

Иранның мәдениет министрі Әли Жаннати ақпанның 15-і күні «Фаджр» халықаралық музыка фестивалінде сөйлеген сөзінде «үкіметтің музыканы қолдауға көңіл бөлетінін» айтып, өнер адамдарын үміттендіріп қойды. Бірақ уәде беру оңай, орындау қиын. Мұндай пікірді Тегеранда қаңтарда өткен баспасөз мәслихатында танымал музыкант Хоссейн Ализаде айтты.

Ол «Үкіметтің ядролық мәселені шешуге шамасы жеткенде, музыкалық мәселелер одан қиын деп ойламаймын» дейді. Ализаде «өзгеріс жасауға биліктегілердің саяси жігері жетер ме екен» деп күдіктенеді. «Бірнеше жылдан бері талай мәселеге қатысты тамаша ұсыныстар айтылды, бірақ соның ешбірі іс жүзінде орындалмады» дейді өнерпаз. Дирижер Рахбари оның пікірімен келісіп:

- Ол - симфониялық оркестр туралы айтқан жалғыз президент (Роуханиді айтады – ред.), бұрынғы басшы (Махмуд Ахмадинежад) мәдениетке мән бермейтін еді. Ирандық ретінде қазіргі президенттің сөзі көкейге мақтаныш ұялатады. Роухани «Хатамидің кезінде жағдай жақсы еді, оркестрді соның билігі тұсындағы жағдайға көтеру керек» деп ойлайтын шығар. Бірақ мен оркестрден Ахмадинежад емес, Хатамидің тұсында туындаған мәселелерге бола кеттім, - деді.

Тегеран симфониялық оркестрін YouTube видеосынан көріңіз:



Оның пікірінше, ең алдымен «музыканттарды қадірлей білу керек».
Кейван Сакет парсылардың шертпелі аспабында ойнайды. Бұл аспап парсы классикалық музыкасына қатты әсер еткен. Сакет - Тегеран симфониялық оркестрінде де, Ұлттық оркестрде де өнер көрсеткен музыкант. Ол «екеуінің де қаржылық қолдауға қатты мұқтаж» екенін айтады.

- Музыкамен түбегейлі айналысатын адамның табысы қомақты болуы тиіс. Кез келген қоғамда өнердің ең ықпалды түрі саналатын музыкаға Иранда көңіл бөлінбей жатыр. Кейбір үздік музыканттардың жалақысы жұрттың орташа табысынан да төмен, - дейді ол.

Иран басылымына жақында жарияланған сұхбатта композитор әрі дирижер Фахреддиниден тілші «Өзіңіз негізін қалаған оркестрге оралатын ойыңыз бар ма?» деп сұрайды. Сазгер «Ешқандай қаржылық әрі моралдық кедергілер болмаса, музыканттардың өнермен айналысуына жағдай жасалса, неге оралмасқа» деп жауап берген.

(Голназ Эсфандиари мен Мохаммад Заргамидің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)
XS
SM
MD
LG