Accessibility links

Иран оппозициясының «кешірілмес» іс-әрекеттері


Қатаң саяси курс жақтастары шығарған «Бүлікке арандату энциклопедиясы» кітабының мұқабасы.
Қатаң саяси курс жақтастары шығарған «Бүлікке арандату энциклопедиясы» кітабының мұқабасы.

Ирандағы қазіргі режимді жақтаушылар 2009 жылғы жазда үкіметке қарсы наразылық шерулерінің себебі туралы «Бүлік жасауға арандату энциклопедиясын» шығарды. Билік ол кездегі оқиғаларды «кешірілмес күнә» деп атайды.

Иранның жоғарғы жетекшісі Аятолла Хаменеидің ресми сайты 2009 жылы үкіметке қарсы жаппай наразылық шерулеріне қатысқан оппозиция мүшелері «кешірілмес қылмыс жасады» деп айыптайды.

ПЛАКАТТАҒЫ ҮКІМ

Сайттағы «2009 жылғы бүлікке арандату» деген тақырыппен берілген жасыл түсті (оппозициялық қозғалыстың түсі) сот құжаты бейнеленген плакатта 2009 жылғы оқиғаларға баға берілген. «Кешірілмес» сөзі қызыл түспен терілген. Құжаттың жанында Ислам республикасының символы ағаш балға бейнеленген.

Плакаттың астында Аятолла Хаменеидің 2011 жылы айтқан «Елдегі режимге қарсы ұйымдастырылған толқулар - оппозиция мүшелерінің «үлкен күнәсі» деген сөзі басылған. 2009 жылы оппозиция «Президент Махмұд Ахмединежадты
Иранның экс-президенті Махмуд Ахмадинеджад.
Иранның экс-президенті Махмуд Ахмадинеджад.
қайта сайлау кезінде жаппай бұрмалаушылыққа жол берілді» деп мәлімдеген болатын.

Басылым Иранда оппозиция жетекшісі Мир Хоссейн Муссаби, оның жұбайы Зара Рахнавард және үй қамағында бір мыңға жуық күн отырған рухани реформатор Мехди Каррубиді босатуға шақырған үндеулер күшейген тұста жарыққа шықты. Өзінің сайлауалды бағдарламасында саяси тұтқындарды босатуға уәде еткен президент Хасан Роухани билік басына келген соң оппозиция жетекшілерін босату талаптары күшейе бастады.

«ДАНАЛЫҚ КҮНІ»

Иранның көптеген сайттары мен әлеуметтік желілерде пайда болған плакат 2009 жылдың 30 желтоқсанында «бүлікке арандатушыларды» айыптау мақсатында мемлекет ұйымдастырған наразылық шерулерінің төрт жылдығы қарсаңында шықты. Иранның ресми тұлғалары Жасылдардың оппозициялық қозғалысын осы терминмен атайды.

Тегеранда үкіметке қарсы шерулердің бірі, 2009 жыл.
Тегеранда үкіметке қарсы шерулердің бірі, 2009 жыл.
Билік 2009 жылдың желтоқсанының 30-ында өткен үкімет жақтастарының жиынын «Дей 9» (үкіметшілдердің жиыны өткен айдың ирандық атауы) және Даналық күні деп атайды.

Мемлекеттік ақпарат құралдарының хабарлауынша, Ислам республикасына қолдау танытып, «бүлікке арандатуға» қарсылық білдіру үшін сол күні миллиондаған ирандық көшеге шыққан.

Төрт жылдық қарсаңында ресми тұлғалардың көбі аяусыз басып жаншылған оппозициялық қозғалысты айыптап сөз сөйледі. Иран ақпарат құралдарының жазуынша, полиция басшысы Есмайл Ахмади Моғаддам Аятолла Хаменеидің «2009 жылы Ислам республикасында іріткі салғандардың күнәсін ақтауға болмайды» деген сөзін қайталаған.

ТОҒЫЗ ТОМДЫҚ ЭНЦИКЛОПЕДИЯ

Президент Махмуд Ахмадинежадтың қайта сайлануына қарсы жаппай наразылық білдіру акциялары Ислам республикасын үлкен дағдарысқа ұшыратты. Қатаң саяси курс жақтастары бейбіт шерушілерді «билікті құлатпақ болды, төңкеріс жасамаққа дайындалды, шетелдік агенттердің тапсырысымен әрекет етті» деп айыптайды. Олар «Бүлікке арандату энциклопедиясын» халық арасында осы болжамды тарату мақсатында шығарған сияқты.

Тоғыз томдық «Бүлікке арандату энциклопедиясы» кітабының тұсаукесері.
Тоғыз томдық «Бүлікке арандату энциклопедиясы» кітабының тұсаукесері.
Иран баспасөзінің хабарлауынша, тоғыз томнан тұратын энциклопедияның мұқабасында Мир Хоссейн Мусави, Мехди Карруби және бұрынғы реформатор президент Мохаммад Хатамидің суреттері басылған.

Басылымды шығарушылардың айтуынша, Ислам республикасы 2009 жылдың «арандату» әрекеттеріне тойтарыс бергеніне қарамастан, болашақта қайталануы мүмкін мұндай арандатуларға тойтарыс беру қиын болуы мүмкін. Олардың пікірінше, келешекте мұндай «арандатуларға» тойтарыс беру үшін Иран халқы өткеннен сабақ алып, «қырағылық танытуы» қажет.

Гүлназ Эсфандиаридің мақаласы орысшадан аударылды.
XS
SM
MD
LG