Accessibility links

Иран баспасөзі: «АҚШ-ты бөгде ғаламшардан басқарады»


Ирандық ақпарат агенттігі Fars жариялаған АҚШ президенті Барак Обама мен Адольф Гитлердің коллажы.

Ирандық ақпарат агенттігі Fars жариялаған АҚШ президенті Барак Обама мен Адольф Гитлердің коллажы.

Иранның жартылай ресми ақпарат агенттігі ағылшын тіліндегі сайтына АҚШ туралы күмәнді мақала басты. Агенттік АҚШ-тың ішкі және сыртқы саясатын 1945 жылдан бері «бөгде ғаламшарлықтар басқарады» дейді.

Иранның үкіметке жақын баспасөзі Fars үкіметтік ақпарат агенттігі өзін «өтірікші» деп сынайтындарға тағы бір мүмкіндік берді. Fars ағылшын тіліндегі сайтына «1945 жылдан бері АҚШ-тың ішкі және сыртқы саясатын бөгде ғаламшарлықтар басқаратынын Ресей арнайы қызмет өкілдері анықтады» деген материал басты.

«СҰҢҒАҚ БОЙЛЫ АҚТАР»

Агенттік «АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік агенттігінің бұрынғы қызметкері Эдвард Сноуден 1954 жылы АҚШ президенті Дуайт Эйзенхауэрмен бөгде ғаламшарлықтардың кездескенін дәлелдейтін құжаттарды ұсынды» деп жазады.

Мақаладағы мәліметке қарағанда, «сұңғақ бойлы ақтар» деп аталған бөгде ғаламшарлықтар содан бері Американы құпия түрде басқарып келеді».

АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік агенттігінің бұрынғы қызметкері Эдвард Сноуден белсенділермен сөйлесіп отыр. Мәскеу, 9 қараша 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік агенттігінің бұрынғы қызметкері Эдвард Сноуден белсенділермен сөйлесіп отыр. Мәскеу, 9 қараша 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Fars жарияламас бұрын бұл мақала whatdoesitmean.com атты ақылға сыйымсыз дүниелерді басатын сайтқа шыққан. Мақалада «сұңғақ бойлы ақтардың» бұрын фашистік Германияны билеп-төстегені» айтылады және олардың «әлі де жер бетіне билік құруды армандайтыны» баяндалады.

Мәселен, «...сұңғақ бойлы ақтар» қазір өздерінің жер бетінде бар екенін жасыру үшін ғаламдық электрондық бақылау жүйесін орнатып жатыр». Мақалада «Сноуден құжаттарының бірінде олардың жоспарының соңғы сатысында жер бетінде тұтастай ассимиляция басталып, бүкіл әлемді билеп-төстеу мүмкіндігі туатыны айтылған" деп жазылған.

ИРАННЫҢ ӘЗІЛКЕШ БАСПАСӨЗДЕРІ

Fars тіпті АҚШ президенті Барак Обама мен Адольф Гитлердің Америка туының астында бөгде ғаламшарлық кейіпте оқырмандарға қарап тұрған суретін де шығарып қойған.

Ирандық БАҚ конспирациялық теориялар мен сатиралық материалдарды маңызды ақпарат ретінде жариялай береді.

Өткен жылдың қыркүйек айында Fars «Gallup жүргізген сауалнама бойынша, ауылда тұратын ақ нәсілді америкалықтар Барак Обамадан гөрі Махмұд Ахмадинежадты қолдайды екен» деп жазды.

Сауалнама туралы әзілді сатиралық «The Onion» сайты шығарған еді. Бірақ Fars оған сілтеме жасамай, бұл материалды шынайы дерек тәрізді жариялады. Агенттік кейін «қателескенін мойындады».

Принц Уильям (сол жақта) және Кейт Миддлтон үйлену тойында тұр. Лондон, 29 сәуір 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Принц Уильям (сол жақта) және Кейт Миддлтон үйлену тойында тұр. Лондон, 29 сәуір 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Fars-тың дөрекі қатесінен кейін «The Onion» Иранның жартылай ресми агенттігін «біздің ирандық филиалымыз» деп әжуалады.

Шілде айында Иранның тағы бір үкіметке жақын басылымы Mehr «Ұлыбританияның герцогинясы Кейт Миддлтон - еврей» деп жазып жіберді. Mehr-дің мәліметі бойынша, «принц Уильямға тұрмысқа шығу үшін ол құпия түрде шоқынған». «Шын мәнінде, король отбасының жаңа келіні – еврей. Үйлену тойы кезінде Кейт Миддлтон христиан деп саналса да, анасы жағынан алғанда ол - еврей. Үйлену тойының уақыты мен рәсімдері еврейлер ғұрпына негізделді» дейді Mehr.

Қазан айында ағылшын тілінде шығатын ирандық Press TV «Талибан» қозғалысы атқан пәкістандық белсенді қыз Малала Юсуфзайдың әрекеті - алаяқтық» деп тұспалдады. Кейін бұл мәлімдеме сайттан алынып тасталды.

2010 жылы Press TV «2009 жылғы сайлауға қарсы шығып, оққа ұшқан Неда Ага Солтан - АҚШ пен Ұлыбританияның тыңшысы, өлімді қолдан ұйымдастырған» деген деректі фильмді эфирге шығарды.

Иранның мемлекеттік телеарнасы саяси белсенділерге қарсы негізсіз деректерді жариялай береді. Телеарна азаптау кезінде белсенділер «мойындаған» мәлімдемелерді де таратумен айналысады.

(Гүлназ Эсфандиаридің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG