Accessibility links

Роухани-Обама «одағын» қолдаушылар көбейді


Роухани мен Обаманың телефон арқылы сөйлескені туралы мақала басқан Иран газеттері. Тегеран, 28 қыркүйек 2013 жыл.

Роухани мен Обаманың телефон арқылы сөйлескені туралы мақала басқан Иран газеттері. Тегеран, 28 қыркүйек 2013 жыл.

Хассан Роуханидің БҰҰ-да «аяқ астынан АҚШ-пен ынтымақтаса қалуы» Иранда әлі қызу талқыланып жатыр. Консерваторлардың сынынан гөрі, қолдау білдіргендер үні қаттырақ шықты.

Иранда АҚШ-қа қарсы саясаттың даңғаза ұрандары 30 жыл бойы басылмай келеді. Бірақ жаңа сайланған президент Хассан Роухани мен АҚШ президенті Барак Обаманың телефон арқылы сөйлесуін көпшілік құптады.

ОЯНҒАН ҮМІТ

Обама мен Роухани қыркүйектің 27-сі күні телефон арқылы әңгімелесті. Иран тұрғындарының бұл оқиғаны әлі күнге қызу талқылап жатуының себебі - 34 жыл бұрын Иран мен АҚШ арасындағы дипломатиялық байланыстар үзіліп, содан бері екі елдің билігі бір-бірімен хабарласқан емес.

Обамамен телефон арқылы сөйлескен Роухани өткен аптада Иранға оралды. Оны консерваторлар жұмыртқа мен аяқ киім лақтырып қарсы алды. Бірақ президенттің АҚШ-пен байланыс орнатқан қадамын қолдаған топтың қарасы наразы топтан көбірек, үні басымырақ болды. Наразылар дауысы бәсеңдеп барып, қазір мүлде естілмей қалды.
Иран президенті Хассан Роухани (сол жақта) мен АҚШ президенті Барак Обама

Иран президенті Хассан Роухани (сол жақта) мен АҚШ президенті Барак Обама


Роуханиді АҚШ-пен арадағы «тоңды» бұзғаны үшін қолдап жатқандар - Иранның қарапайым азаматтары, қоғамның реформаны жақтайтын бөлігі. Тіпті консервативтік биліктің кейбір мүшлелері де оның бұл әрекетін құптайтынын білдірді.

Кейбір азаматтар «Роуханидің бұл қадамы екі ел арасындағы араздық тоңын жібітіп, Иранның ядролық бағдарламасына қатысты халықаралық дауды шешуге әсер етеді» деп үміттенеді.

Иран қоғамының консервативтік мүшелеріне Роуханидің АҚШ-пен «татуласуы» ұнамады. Бірақ олардың арасында қатты қарсылық білдіргендер аз.

Сарапшылардың айтуынша, «консерваторлардың мұндай сабырлы күйіне Роуханидің әрекетін Иран мемлекетінің жоғарғы басшыларының қолдауы әсер еткен». Дегенмен президенттің бұл жолғы «дипломатиялық қателігін» оның қарсыластары саяси күрес кезінде әлі-ақ пайдаланады деген болжамдар бар.

«АСЫҒЫС ҚАДАМ»

Қыркүйектің 30-ы күні Иранның революция сақшылары ұйымының басшысы Әли Джафари телефон-сұхбатты «тым асығыс қадам» деп сынады. Оның айтуынша, «Иран президенті АҚШ өз әрекеттерінің шынайылығын дәлелдейтін қадамдарға барғанша күте тұруы керек еді».

Соған қарамастан, Джафари Роуханидің дипломатиялық өрісті кеңейту әрекетіне қолдау білдіріп, Нью-Йоркке сапары кезінде «өзін-өзі қатаң, әрі лайықты ұстады» деп оған мақтау айтты.
Әли Джафари (сол жақта), Ислам революциясы сақшыларының басшысы.

Әли Джафари (сол жақта), Ислам революциясы сақшыларының басшысы.


Ирандағы Tasnim ақпарат агенттігіне берген сұхбатында Джафари «Үкімет қызметінде телефон-сұхбатқа ұқсас басқа да стратегиялық қателіктер болуы мүмкін, бірақ, мұндай қателіктерді түзетуге болады» деді.

Елдің рухани басшысы Аятолла Әли Хаменеидің қарауындағы Иранның әсіреконсервативтік Kayhan газеті де Роуханидің Обамамен телефон арқылы сөйлескенін сынады.

Президенттің сынға ілінуі Ирандағы саясаттың күрделі екенін, әлемдік дерважалармен Иранның ядролық бағдарламасына қатысты келіссөздерді жаңадан бастауға ұмтылып жатқан Роухани мен оның командасы үшін кедергі көп болатынын білдіреді.

«ТАРИХИ ИКЕМДІЛІК»

Бұрын парламент депутаты болған ирандық журналист Джавади Хесардың айтуынша, екі жақтан да сын пікірлер болғанымен, оларды қазіргі биліктің жаңа саясатының жарнамасы басып кетеді.

- Қарсы пікір АҚШ-та да, Иранда да айтылады. Бірақ олардың үні анық естілмейді, себебі үкімет пен басшылықтың жаңаша қарым-қатынас орнатуды мақсат тұтқан әрекеттері басым түседі, - дейді ол.

Джавади Хесардың айтуынша, өткен айда ғана Иранның рухани жетекшісі Аятолла Әли Хаменеи «ядролық бағдарламаға қатысты келіссөздерде тарихи икемділік таныту қажеттігін» айтқан. Консерваторлар бұл мәлімдемеге қарсы шыға алмайды.
Джавади Хесар, ирандық журналист

Джавади Хесар, ирандық журналист


- Хаменеи әлем елдері мен Иран арасындағы проблемаларды шешу қажеттігін сезініп отыр, - дейді Хесар.

Алайда ирандық сарапшы Реза Алиджани Батысқа қатысты қатаң позиция ұстануды жақтайтын консерваторлардың Иранның ядролық бағдарламасына қатысты келіссөздерге кедергі жасауға тырысатынын айтады.

- Әсіресе соңғы 8 жылда әскер мен қауіпсіздік күштері саясатқа көп араласты. Қазір оларға кері шегіну қиын тиеді. Хаменеидің «тарихи икемділікке» шақырғанына қарамастан, консерваторлар АҚШ-пен тікелей сұхбаттасуды құптамайды. Сондықтан, Иранның Ислам революциясын қорғау корпусының кейбір командирлері мен Kayhan басылымы Роуханидің жаңа бағытына сын айтып отыр. Меніңше, бұл сындарды Роуханиге ғана емес, Хаменеидің өзіне әсер етуге жасалған талпыныс деп санауға болады, - дейді сарапшы.

ИРАН БИЛІГІНДЕГІ КОНСЕНСУС

Rand корпорациясының саяси зерттеушісі Әлиреза Надердің пікіріне қарағанда, «Обамамен сөйлескен соң президентке сын айтылуы – қалыпты жағдай».

- Иран басшылығы санкциялардан құтылып, экономиканы дамыту үшін АҚШ-пен қандай да бір диалог орнату қажет деген консенсусқа келген сияқты. Дегенмен Иран билігіне соңғы 8 жылда жүргізіп келген саясатының сәтсіз болғанын мойындау қиын тиіп тұр. Қазір олар өздері бұрын қарсы болып келген шараларды қолға алып жатыр. Дәл қазір олардың басқа амалы жоқ,- дейді ол.

Иранның рухани көсемі Аятолла Хаменеи Роухани мен Обаманың телефонмен сөйлесуіне қатысты жария пікір білдірген жоқ.

Аятолланың сыртқы саясат жөніндегі кеңесшісі Әли Акбар Велаятидің Нью-Йорктен ұшып келген Иран президентін қарсы алуы рухани көсемнің бұл қадамды құптап отырғанын аңғартады.
"Голливуд - Зиянвуд" деген плакат ұстап тұрған ирандық әйелдер. Тегеран, 13 қыркүйек 2012 жыл

"Голливуд - Зиянвуд" деген плакат ұстап тұрған ирандық әйелдер. Тегеран, 13 қыркүйек 2012 жыл


- Алайда Иран басшылығы мұндай қадамдарды үнемі құптай бермеуі мүмкін. Олар қазір Роуханидің бұл қадамы санкцияларды алып тастауға пайдасын тигізе ме деп күтіп отыр. Егер өзгеріс болмаса, онда Роуханидің саяси жағдайы нашарлайды, - дейді Надер.

Иранның революция сақшылары ұйымының басшысы Джафари қыркүйектің 30-ы күні «АҚШ Иранның адал ниетіне жауап қайтаруы керек. Соның ішінде Иранға қарсы жарияланған барлық санкцияларды алып тастап, АҚШ-тағы «тыйым салынған» Иран активтерін босатуы керек. Иранға деген өшпенділікті доғарып, Иранның ядролық бағдарламасын құптауы қажет» деп мәлімдеді.

Исфахан қаласында тұратын консервативтік діни басшы Мұхаммед Таги Рахбардың айтуынша, «әдетте мемлекеттік жиындар мен жұма намаздар кезінде айтылатын «Америка жойылсын!» деген ұрандар күндердің күнінде ұмыт болуы мүмкін. Оның айтуынша, бұл ұрандар – Құран аяттары емес, сондықтан олардың күні қысқа».

Гүлназ Есфандияридің мақаласын ағылшын тілінен аударған - Мұхтар Екей.
XS
SM
MD
LG