Accessibility links

Иран енді көлік экспортына үміт артты


Иран парламентінің спикері Әли Лариджанидің (отыр) жанына жиылған депутаттар. Тегеран, 2 қыркүйек 2009 жыл.

Иран парламентінің спикері Әли Лариджанидің (отыр) жанына жиылған депутаттар. Тегеран, 2 қыркүйек 2009 жыл.

Иранға мұнай экспорттауға санкция салынған. Бұл ел енді автомобиль экспортын күшейту арқылы экономикалық қысымды жеңілдеткісі келеді.

Батыстың Иранға экономикалық қысымы жалғасып отыр. Бірақ Тегеран да экономикалық қысымнан келетін қиындықты жеңуге қарманып келеді. Иран мұнай мен газдан кейінгі ең ірі екінші экспорт саласы - автомобиль өндірісін дамытып көрмек.

«677 МЫҢ КӨЛІК»

Тегеран 2013 жылы санкция кесірінен жоғалып жатқан миллиардтаған доллардың орнын автомобиль мен басқа да индустрия өнімдерінің экспортымен жабуды жоспарлап отыр. Лондондағы экономикалық-интеллектуалдық одақтың Иран бойынша сарапшысы Эдвард Белдың айтуынша, «қазір Тегеран үшін ең өзекті мәселе - қосымша табыс көзін табу». Ол:

- АҚШ пен Еуропа Одағы (ЕО) салған санкциялардың Иранның мұнай-газ секторына соққы болып тигенін биылғы жылдың бюджеті көрсетті. Яғни оны Иранның мемлекеттік басшылары да мойындады деген сөз. Иран мұнай мен газ экспортынан бұрынғыдай көл-көсір табыс таппайды. Сондықтан Иран үкіметі енді экспортқа қабілетті басқа салаларын дамытуды жоспарлап отыр, - дейді.
Иранның көлік шығаратын Iran Khodroзауытындағы жұмысшы. 20 маусым 2011 жыл.

Иранның көлік шығаратын Iran Khodroзауытындағы жұмысшы. 20 маусым 2011 жыл.


Бірақ Иранның мануфактура секторы мол табыс көзіне айнала алады ма? Бұл сауалдың әзірге жауабы табылған жоқ.

Иранның ірі автомобиль индустриясы да елдің экономикалық құлдырауының кесірінен тоқырап тұр. Өйткені алдымен Иранның ұлттық валютасы (риал) екі есе құнсызданды. Бұл Иранның автомобиль өндірісіне қажетті шетелдік тауарлар бағасының шарықтап кетуіне әкелген. Иранның Peugeot сияқты бірнеше шетелдік әріптестері ЕО мен Иран қарым-қатынастарының нашарлауына байланысты бұл елмен байланыстарын үзді.

«Financial Times» басылымы ақпан айында «Иранда шығатын автокөліктер Иранның былтырғы қаржылық жылының алғашқы тоғыз айында 677 мыңға дейін азайды. Бұл көрсеткіш былтырмен салыстырғанда жарты есеге кеміген» деп жазады.

Осындай факторлар Иран автомобиль индустриясын дамытуға кедергі болып тұр. Құлдырап бара жатқан саланы қалпына келтіру көп қиындықтың бірі ғана. Одан бөлек, Ираннан шыққан автомобильдерді Батыс пен Азияда жасалатын басқа көліктермен бәсекеге қабілетті етіп жетілдіру мәселесі де бар.

«1990 ЖЫЛҒЫ ТЕХНОЛОГИЯ»

Иранның көлік құрастыратын конвейер құралдары қазір ескірген. Олардың зауыттарға орнатылғанына 16 жыл болған. Салыстыру үшін айтқанда, Батыстың конвейер құралдары 11 жыл бұрын, ал жалпы әлемдегі конвейерлердің жартысы 12 жыл бұрын жаңартылған. Ескірген технология Иран өнімдерінің сапасына кері әсерін тигізіп, олардың кейбір аймақтарда сатылуын қиындатып тұр.

Бұған мысал ретінде Беларусьтегі Иранның мемлекеттік Iran Khodro автомобиль компаниясын айтса да болады. Минск қаласының жанында Беларусь пен Ресей нарығына арнап Иранның Samand деп аталатын автомобилін шығаратын біріккен зауыт салынған.

Таяуда компания басшылары автокөлік өндірісін арттыратындарын хабарлады. Бірақ бұл жаңалықты Беларусь халқы қуана қабылдаған жоқ. «Экономическая газетаның» сарапшысы Алес Герасименко оның себебін:
Iran Khodro көліктері.

Iran Khodro көліктері.


- Иранның Samand көлігі - 1990 жылғы технология. Қазір автомобиль нарығындағы бәсекелестіктің қандай екенін жақсы білесіз. Кедендік салық өте қымбат болса да, Белоруссия мен Ресей нарығында, жалпы Кедендік Одаққа мүше елдердің бәрінде жаңа әрі сапалы көліктер өте көп, - деп түсіндіреді.

Иранның ядролық белсенділігін тоқтату үшін Батыс пен ЕО экономикалық қысымды 2011 жылы күшейткенімен, Иранның мануфактуралық проблемалары бірнеше жыл бұрын басталған.

Оған да Беларусь мысал бола алады. Iran Khodro компаниясы мен Беларусь үкіметі 2006 жылы өзара әріптестік жобасына қол қойғанда екі жақ бірлесіп жыл сайын 30 мың көлік шығаруды жоспарлаған. Бірақ былтырғы ақпан айында Беларусь премьер-министрінің бірінші орынбасары Валимир Семашко бес жылда бір мың көлік қана жасалғанын хабарлады.

Жобаның толық жүзеге аспауына екі ел арасындағы заңдардың үйлеспеуі мен екі тараптың бірін-бірі «жеткілікті инвестиция салмадың» деп айыптауы сияқты бірқатар себептер әсер еткен. Бірақ кейбір сарапшылардың айтуынша, «Иран жағының проблемасы - тереңде жатқан, жүйелі қиыншылықтар. Соның ішінде, Иранның әміршіл басқару жүйесі де ел өндірісінің бәсекеге төтеп беруіне кедергі болып отыр».

«ӘРІПТЕСІМІЗ ИРАН ЕМЕС»

Лондондағы Data Matrix Systems орталығының Иран экономикасы бойынша маманы Мехрдад Эмади «Тегеран бұның алдында бір рет Иранның индустрия өнімдерін дамытуға талпынып көрген» дейді.

2003 жылы басталған өндірісті дамыту әрекеттері мемлекетті мұнай мен газ экспортына деген тәуелділіктен шығаруды көздеген. Сол жылы бұрынғы Совет елдеріне экспортталатын автомобиль, Түркияға сатылатын құбырға қажетті құралдар және Пәкістан мен Парсы шығанағындағы елдерге экспортталатын тамақ өнімдерінің өндірісін арттыру жоспарланған еді.
Иранның SAIPA көлігін көруге келген Иран президенті МахмұдАхмадинежад (оң жақтан санағанда екінші тұр). Көрнекі сурет.

Иранның SAIPA көлігін көруге келген Иран президенті МахмұдАхмадинежад (оң жақтан санағанда екінші тұр). Көрнекі сурет.


Жобалар бастапқыда қарқынды түрде іске асырыла бастағанымен, көп кешікпей үкіметтің басқа жоспарларымен қайшы келе бастады. Жоспар бойынша үкімет энергия мен тұтыну тауарларының бағасын ырықтандырып, инфляцияны тежеу үшін Қытай мен Үндістанның арзан тауарына шекараны ашу керек болатын. Эмади «бұл жоспардың кесірі өнім шығарып отырған отандық кәсіпкерлерге тиді» дейді.

- Қарапайым ғана мысал. Отандық өнім шығаратын кәсіпкерлер үшін бір куб метр табиғи газдың бағасы 1 доллар 20 центтен 6 долларға дейін қымбаттап кетті. Яғни 450 пайыздан да асып кетті. Бұл мануфактураға ауыр соққы болып тиді. Оның үстіне ешқандай да кеден салығы салынбаған арзан тауарларды сырттан әкеліп төккен кезде ирандық кәсіпкерлер жабылып қала жаздады, - дейді ол.

Эмадидің айтуынша, бұл бастамадан кезінде ең ауыр соққы алған сала Иранның автомобиль бөлшектерін құрайтын конвейерлі кәсіпорындары болған. Олар үшін жоспарды бұзу - шетелдік әріптестермен байланысты үзумен бірдей еді. Бақылаушылар «санкциядан туындаған қосымша қиындықтарды есепке алсақ, Иран басшыларының экспортты ұлғайту туралы уәделерінің орындалуы қиын» дейді.

Мұндай уәделер Иракқа шығарылатын экспортқа қатысты да айтылған.
2012 жылы Iran Khodro компаниясының атқарушы директоры Джавад Наджмеддин «Біздің компания Иракқа 2010 және 2011 жылдары құны 400 миллион АҚШ долларынан асатын автомобиль экспорттады және болашақта Иракқа жылына 30 мың көлік шығаруды жоспарлап отырмыз» деп мәлімдеген еді.

Бірақ Ирактың автомобиль өндірісіне жауапты тұлғалары ондай көлемде Иран өнімдерін сатып алатын нақты жоспардың жоқ екенін айтты. Ирактың General Automobile мемлекеттік компаниясының баспасөз хатшысы Хайдер әл-Шиммари Азаттық радиосының Ирактағы тілшісіне:
Санкциядан туындаған қосымша қиындықтарды есепке алсақ, Иран басшыларының экспортты ұлғайту туралы уәделеріне сену өте қиын.

- Бағдат осы айда бұл мәселе бойынша шетелдік әріптестерімен келісімдер жасаған жоқ, біздің әріптестеріміз Иран емес, Корея, Қытай, болмаса Франция болуы мүмкін, - дейді.

Ирак басшылары «Біз қазір ирандықтармен тікелей қарым-қатынас жасап отырған жоқпыз. Иракқа инвестиция салатын халықаралық брокерлер мен кәсіпкерлер жеткілікті» деп мәлімдеді.

Осындай түрлі факторлардың себебінен Иранның экспортты ұлғайту, автомобиль өндірісін дамыту, т.б. жоспарлары ұзаққа созылғалы тұр. Әрі бұл жобалардың жүзеге асар-аспасы да белгісіз. Бәрін болашақ көрсетеді.

Мақаланы ағылшын тілінен Сағынай Кәрім аударды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG