Accessibility links

Иран ИШИМ-ге қарсы жеке соғысады


Ирак әскері мен шиит жасақтарының жауынгерлері Амерли қаласын ИШИМ содырларынан азат еткенін мерекелеп тұр.

Ирак әскері мен шиит жасақтарының жауынгерлері Амерли қаласын ИШИМ содырларынан азат еткенін мерекелеп тұр.

«Ислам мемлекеті» содырларына қарсы құрылған халықаралық коалицияға Иран кірмей қалды. Бірақ бұл ел АҚШ бастаған одақпен қосарласып, содырлармен өз алдына жеке соғыспақ.

Америка Ирак пен Сириядағы «Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымының (ИШИМ - "Ирак пен Шам ислам мемлекеті" ұйымы) қарулы топтарына тойтарыс беру үшін алғашқы халықаралық коалиция құрды.

Бірақ АҚШ бастаған, 40-қа жуық мемлекет біріккен бұл коалиция жұмысын бастаған кезде оның қимылдарына кедергі келтіруі мүмкін екінші коалиция пайда болды. Оның құрамында бір ғана ел бар, ол – Иран.

Бірақ Тегеран Сирия мен Ирактағы жиһадшылармен бұрыннан соғысып жатқан шиит жасақтары мен басқа да сүнниттік әскери топтарға арқа сүйемек.

ЕКІ КОАЛИЦИЯ - ОРТАҚ ЖАУ

Иран қолдайтын ливандық-шииттік «Хизбалла» еріктілер жасағы Сирия үкіметі жауынгерлерімен бірігіп, көтерілісшілерге қарсы соғысып жатыр.

Бірақ АҚШ бастаған жаңа коалиция Сирия президенті Башар әл-Асадты биліктен тайдыруды көздейтін көтерілісшілерді қолдайды. Иран мен халықаралық коалиция арасындағы қайшылық осы жерден шығып тұр.

Бірақ әзірге бұл екі тараптың ортақ жауы «Ислам мемлекеті» (ИШИМ) ұйымының содырлары болып тұр. Иран қолдайтын шиит жасақтары Ирак армиясына қосылып жатыр. Ирак армиясына екінші жағынан АҚШ бастаған жаңа коалиция да көмектесіп отыр. Солайша әзірге бұл екі тарап «Ислам мемлекеті» ұйымы маусым айында басып алған Ирактың солтүстік және орталық бөлігін азат етуге тырыспақ.

Бірақ Вашингтон Иран қолдап отырған еріктілер жасақтарын Ирак үшін қауіпті деп санайды. Себебі олар елдегі ағымға бөліну мәселесін ушықтыра түседі.

Әзірге Вашингтон мен Иран «Ислам мемлекетіне» қарсы соғысу үшін күш біріктірмейміз» деп мәлімдеді.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри қыркүйектің 12-сі күні «Сирия мен басқа елдердегі әрекетін ескере келгенде... Тегеранның халықаралық коалицияға қосылуы орынсыз болар еді» деп мәлімдеді.

Иранның рухани көсемі Аятолла Әли Хаменеи қыркүйектің 15-і күні (коалиция құрылғаны туралы хабарланған соң) «Тегеран Вашингтонның коалицияға бірігу туралы өтінішін қабылдамады» деп мәлімдеді. Кейінірек Керри де «Иранмен ары-бері сөз таластыруға құлқы жоқ екенін» айтты.

Қыркүйектің 15-і күні Парижде өткен халықаралық конференцияға Иран шақырылмады. Жиын «Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымынан төніп тұрған қауіпті талқылап, басқа елдерді оған қарсы соғысатын одаққа қосылуға үгіттеу үшін өткізілген еді.

Бірақ екі тарап бір майданда соғысып жатқандықтан, «бірін-бірі елемеудің» қиын екені байқалды. Мәселен, Ирак шығысындағы Амерли қаласын (шиит түркімендер тұрады) «Ислам мемлекеті» содырлары екі ай қоршауда ұстады. Тамыздың 31-і күні Ирак армиясы, шиит жасақтары, күрд жауынгерлері және АҚШ-тың әуе шабуылы арқасында содырлар шегінді.

Шиит жасақтары Амерли қаласын азат еткендерін мерекелеп, аспанға оқ атып тұр. Ирак, 1 қыркүйек 2014 жыл.

Шиит жасақтары Амерли қаласын азат еткендерін мерекелеп, аспанға оқ атып тұр. Ирак, 1 қыркүйек 2014 жыл.

Бұл соғыста Вашингтон мен Бағдат майдан даласында ынтымақтаса алатындарын көрсетті. Бұл - Мосул қаласын алып, астананың шет жағын талқандаған «Ислам мемлекеті» содырларынан жеңіліп жатқан Ирак армиясының алғашқы ірі жеңісі болды. Бірақ Иран басқаратын шииттік коалиция бұл жеңісті өздерінің еңбегі етіп көрсеткісі келіп, Вашингтонның үлесін барынша азайтып айтуға тырысты.

«БІРІКПЕЙМІЗ, БІРАҚ БІР-БІРІМІЗБЕН СОҒЫСПАЙМЫЗ»

Ливандық «Хизбалла» ұйымымен байланысы бар сайт Ислам революциясы сақшылары корпусының (ИРСҚ) «Құдс» бригадасының жетекшісі Касем Сулейманидің қоршаудан босаған қаланың шетінде түскен суретін жариялады. Сақшылар корпусының негізгі стратегі Сулейманидің бұл соғысқа келуі Иранның майданның алғы шебінде болуға ниетті екенін аңғартады.

Сарапшылар Ирактағы шиит әскерилерінің қару-жарақ пен бұйрықты тікелей Тегераннан алып отырғанын айтады.

Бірақ иорданиялық сарапшы, «Ішкі Иран саясаты» кітабының авторы Кирк Сауэлл «Олар (Иран қолдайтын шиит жасақтарын айтады - ред.) кейбір қаруларын Ирак қоймалары талан-таражға түскен кезде алып қалған» дейді. Оның айтуынша, «Бірнеше апта бұрын Ирактың Иранмен шекаралас Майсан провинциясына белгісіз топ келіп, қару-жарақ қоймасынан қарудың бәрін алып кеткен». «Дегенмен Иран тарапынан көмек бар» дейді ол.

Шииттердің «Асаиб Ахли әл-Хақ» жасағы Иранның рухани көсемі Хаменеиді рухани жетекшіміз деп таниды. «Катаиб Хизбалла» жасағы да сондай. «Бадр Корп» ұйымы дәл олардай ұлықтамаса да, Хаменеиді қадір тұтады. «Жасақтардың кем дегенде екеуі – «Асаиб Ахли әл-Хақ» мен «Катаиб Хизбалла» Сирияға жауынгерлерін жіберіп, оларға ливандық «Хизбалла» және Башар Асад әскерімен бірігіп, жихадшыларға қарсы соғысуды міндеттеді.

Шиит жасақтары - «Ислам мемлекеті» содырларына қарсы соғысып жатқан күштердің үлкен бір қапталы болып отыр. Енді халықаралық коалиция екі тараптың қарулы күштері майдан даласында ұшырасқан жағдайда не істеу керегін ойластыруы тиіс. Амерлидегі соғыс екі коалицияның ортақ жаумен қатар соғыса алатынын көрсетті. «The Los Angeles Times» басылымы жақында «Амерли қаласы Иранның шиит жасақтары мен АҚШ әуе шабуылы, Ирак және күрд солдаттарының әрекеті арқасында азат етілді» деп жазды.

Бірақ бұл - Иракта болған оқиға. Ал Сирияға келгенде екі коалиция арасында түйткіл көбейе түседі.

СИРИЯНЫҢ ЖӨНІ БӨЛЕК

Екі тарап Сириядағы азамат соғысына екі түрлі қарайды. Мәселен, Вашингтон «Ислам мемлекеті» содырларына тойтарыс беру үшін көтерілісшілермен соғысып жатқан Сирия президенті Башар Асадпен күш біріктірмейтінін айтты.

Сондықтан көтерілісшілерді қолдайтын халықаралық коалиция әскері мен Асадты қолдайтын ирандық шиит жасақтары Сирия жерінде жау ретінде кездесуі мүмкін.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Керри қыркүйектің 12-сі күні VOA басылымына берген сұхбатында «ондай қауіптің бар екенін» айтып, Тегеран мен коалиция қимылдарын үйлестіріп отырмаса, «майдан даласында кездейсоқ қақтығыс шығып кетуі мүмкін» екенін мойындады. АҚШ мемлекеттік хатшысы «түбінде ақыл жеңеді деп үміттенемін» дейді.

Керри «Иранның да, АҚШ-тың да сақтық жасап, ондай шиеленістің алдын алуға ақылы жетеді деп ойлаймын. Бірақ бұл әскери немесе басқа тұрғыда әріптес боламыз дегенді білдірмейді» дейді.

(Чарльз Рекнагельдің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Мәзен)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG