Accessibility links

Құрсаудан соңғы «баллистикалық» санкция


"Ватан Емроуз" газетінің бірінші беті. Тегеран, 18 қаңтар 2016 жыл.
"Ватан Емроуз" газетінің бірінші беті. Тегеран, 18 қаңтар 2016 жыл.

16 қаңтарда Иран атом бағдарламасына қатысты Батыс санкциясы күшін жойды. Ал ертеңінде Тегеран баллистикалық зымыран сынағына орай АҚШ санкциясына ұшырады. Жергілікті БАҚ-та мұның алғашқысы «Иран жеңісі» ретінде бағаланып, соңғысы екінші кезектегі оқиғалар қатарында көрінді.

Иранда жұмыс аптасы басталатын сенбі, 16 қаңтар күні Батыс елдерінің Иранға қарсы салған санкциясы алып тасталынды. Бұған Иранның ядролық бағдарламасына қатысты мойнына алған халықаралық міндеттемелерді орындағаны себеп болған. Содан бері Иран БАҚ беттерінде ел президенті Хасан Роуханидың күлімсіреген суреті жарияланып, елдің жеңісі жайлы хабарланып жатыр. АҚШ президенті Барак Обаманың да шағын суреттері бұл күндері алабөтен Иран газеттерінің бірінші бетінен көріне бастады.

БАТЫСПЕН БАЙЛАНЫСТЫ БАҒАЛАУ

Бір қызығы – сенбі күні жергілікті газеттер Парсы шығанағында өз аумағына кіріп кеткені үшін ирандық шекарашылар ұстап алған америкалық әскери қайық, Сауд Арабиясымен арадағы дау мен халықаралық тақырыптарды сөз етсе, жексенбіден бастап газет мақалалалары сүйіншілеткен тақырыппен жарық көре бастады. Тіпті бүгінгі дүйсенбі күні де баспасөздің бірінші бетінен Хасан Роухани түскен жоқ.

Антиамерикалық ұран ілінген үйлер. Тегеран, 18 қаңтар 2016 жыл. (Көрнекі сурет)
Антиамерикалық ұран ілінген үйлер. Тегеран, 18 қаңтар 2016 жыл. (Көрнекі сурет)

Иран президенті Хасан Роухани елдің рухани басшысы аятолла Әли Хаманеиге жолдауында оны құттықтап, келіссөз бойынша елдің қандай мәселелерде «жеңіске жеткенін» санамалап шыққан. Батыспен арадағы келіссөздің 30 айға созылып, соңы оңды нәтижемен аяқталғанын Иран президенті аятолла қолдауының жемісі ретінде көрсеткен. Роуханидың айтуынша, Иран осы келіссөздің нәтижесінде уран экспорттаушы елдердің қатарына қосылған. Роухани Иранға қарсы халықаралық атом агенттігінің күшін жоймаған шешімдерін де тізбелеп көрсеткен.

Иран басшылары осылай бір-бірінен сүйінші сұрап жатқанда Тегеранға Халықаралық атом агенттігінің (МАГАТЭ) басшысы Юкия Амано бастатқан топ сапарлады. Одан басқа Еуропаның өзге де елдерінен делегациялар бірінен соң бірі ағыла бастады деуге болады. Осы аралықта ел президенті Хасан Роуханидың да келесі аптада Еуропаға баратыны хабарланды.

Дүйсенбі күні Иран сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Жабери Ансари санкциядан шығуды Тегераннның Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүшелікке (Иран әзірге ШЫҰ-ға бақылаушы) өтуін жеделдететін шара ретінде атады.

Иран өкілдері қай-қайсысы да Батыспен келіссөздің тек ядролық бағдарламаға қатысты екенін қайталаумен келеді. Одан артыққа бармаймыз деген ирандықтар Батыс саясаты жайлы айтқанда Американы меңзейтіні белгілі.

САНКЦИЯЛАР АСТАРЫ

Cенбі күні батыс санкциясынан шыққан Иран баллистикалық зымыран сынағын өткізіп жүргені үшін жексенбіде АҚШ-тың тағы бір санкциясына ұшырады. Жаңа санкция бойынша Иранның 11 компаниясы мен кейбір азаматтары Американың банк жүйесін пайдалануға тыйым салынады. Иран сыртқы стер министрлігі осыған орай баллистикалық зымыран бағдарламасын өздерінің заңды құқығы деп санайтынын, және санкцияға тиісінше жауап берілетінін жариялады. Бірақ сол «жауаптың» аты аталып, түсі түгенделмеді.

Иранның сынақтан өткізіп жатқан зымыраны. 11 қазан 2015 жыл.
Иранның сынақтан өткізіп жатқан зымыраны. 11 қазан 2015 жыл.

Бұл туралы елдегі консерваторлық бағыттағы «Кейхан» газетінің бас мақаласы «Кеткен санкция қайтып оралды» деген тақырыппен жарық көрді. Осы бағыттағы "Эттелаат" газетінде Иран мәжілісінің төрағасы Әли Ларижани санкциялардың алынуын Иранның дамуына оңтайлы сәт деп бағалады. Экономика тақырыбындағы осы бағыттағы газеттің бірі «Дүниай-е эқтесад» Иранға қарсы құрсаудың күйрегенін жазып, елдің жаңа ұшақтар сатып алатынына мән берген. Өйткені санкция бойынша Иранға жаңа ұшақ сатып алуға және «Боинг» ұшақтарының қосалқы бөлшектерін сатуға тыйым салынып келген болатын. Барак Обаманың Иранға «Боинг» ұшақтарын сатып алуға рұқсат бергенін хабарлаған консерваторлық «Ресалат» газеті санкциядан шығу жоспарынан экономикалық ғажайып күтілмейтінін жазыпты. «Шарқ» газеті Хасан Роуханидың Twitter желісі Иран халқын санкциядан ашығуымен құттықтағанын жариялаған.

Ал «Иран» газеті санкциялардың алынуын «алғашқы құлып ашылды» деп бағалайды. Экономикалық газет «Әср-е эқтесад» санкцияның алынуын «Мұнай базарындағы Иран отының тұтануы» деп сипаттайды.

Иран президенті Хассан Роухани (оң жақта) парламент спикері Али Ларжаниге бюджет жобасын беріп жатыр. Тегеран, 17 қаңтар 2016 жыл.
Иран президенті Хассан Роухани (оң жақта) парламент спикері Али Ларжаниге бюджет жобасын беріп жатыр. Тегеран, 17 қаңтар 2016 жыл.

Иранда бұл күндері келесі жылғы (Иранның жаңа 1395 жылы наурызда басталады - Азаттық) бюджет мәселесі талқыланып жатыр. «Санаат» газеті осы ретте «Санкциясыз бюджет» деген мақала жариялады.

Осы кезге дейін халықаралық қауымдастық оқшау қалдырып келген Иран, санциялар алынған соң, шетелдік банктердегі өзіне тиесілі миллиардтаған долларға бағаланатын активтерге қол жеткізіп, мұнайын экспортқа шығаруға мүмкіндік алады. Сонымен бірге, ел экономикасы мен өнеркәсіпті технологиялық тұрғыдан жаңғыртуға жол ашылады.

2015 жылы 15 шілдеде Иран мен әлемдік «алтылықтың» Тегеранның ядролық бағдарламасына қатысты келіссөзі нәтижелі аяқталып, тараптар келісім жасасқан еді. Оған сәйкес, Иран өз аумағындағы ядролық нысандарға Халықаралық атом энергиясы агенттігі инспекторларын жіберуге, ал Батыс елдері Иранға салынған санкцияларды біртіндеп алып тастауға міндеттеме алған.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

XS
SM
MD
LG