Accessibility links

Иран келіссөзі екіұдай жағдайда қалды


АҚШ президенті Барак Обама (ортада) Конгрестің қос палатасының бірлескен отырысында сөйлеп тұр. 24 қаңтар 2012 жыл.

АҚШ президенті Барак Обама (ортада) Конгрестің қос палатасының бірлескен отырысында сөйлеп тұр. 24 қаңтар 2012 жыл.

Иранның ядролық бағдарламасына қатысты әлемдік державалар өзара бір шешімге келетін сәт жақындады. Бірақ, Ақ үй әкімшілігіне әуелі өте күмәншіл Конгрестің көңілін табу қажет болып тұр.

КОНГРЕСС ҚАЛАУЫ

Иранның ядролық бағдарламасына қатысты келісімге келетін күн тақап қалды. Алайда оған дейін президент Барак Обаманың әкімшілігі секемшіл Конгреске жағатын мәмілеге қол жеткізуі тиіс. Егер қарашаның 24-іне дейін ондай келісім жасалмаса, одан да аз уақыт ішінде мәміле шартын қайта қарауға мәжбүр болады.

Себебі, келер жылдың қаңтарынан бастап жаңа - республикалықтар бақылайтын Конгресс жұмысқа кіріспек. «Қысқа мерзім ішінде шешім қабылдау керек болды, енді жаңа саяси фактор ары қарай созу мүмкіндігін шектейді» дейді Ұлттық америкалық-иран кеңесінің президенті Трита Парси Өкілдер палатасы мен Сенатты бақылау республикалық партияның қолына өткен соңғы сайлау жайлы.

Билікке келетін республикалықтар Иранмен жасалған мәміле көңілдерінен шықпаса, Иранға қарсы жаңа санкция салатын заң қабылдайтындарын ескертті. Тіпті мәміле жасалған күнде де сенаттың сыртқы істер комитетінің жаңа төрағасы – республикалықтар өкілі Боб Коркер (Теннесси штатынан сайланған) болашақ сенат сол мәмілені жан-жақты талқылайды деп үміттенеді.

АҚШ сенатының сыртқы істер комитетінің жаңа төрағасы, республикалық партия өкілі Боб Коркер.

АҚШ сенатының сыртқы істер комитетінің жаңа төрағасы, республикалық партия өкілі Боб Коркер.

«Ақ үй осының болғанын расымен қалай ма, жоқ па – оны саралауға Сенаттың мүмкіндігі болады деп ойлаймын» деді ол Азаттыққа қарашаның 18-і күні әкімшіліктің брифингінен соң. Осы аптада президент Обамаға хат жазып, Ақ үй жасырын жоспар жасап, Конгресті айналып өтпек деп «алаңдайтындарын» білдірген сенаттағы республикалық партияның 45 өкілінің арасында Коркер де бар.

«Бұндай жоспарға сай сіздің мәміле жасаушы өкілдеріңіз Америка халқының мүддесіне қайшы, әлсіз әрі қауіпті келісімшарт жасауы мүмкін» делінген қарашаның 19-ы күні сенаторлар жазған хатта. «Егер Тегеран ядролық амбициясынан бас тартып, басқа әлеммен сындарлы байланыс орнатпаса, оған қосымша қысым жасауға тырысамыз» деп ескерткен олар.

ЖАҚСЫ МЕН ЖАМАН РӨЛІН СОМДАУ

Конгрестің қысым жасауын құптайтындар жаңа санкция туралы заңнан қауіптенген Тегеран халықаралық санкциядан құтылу үшін талапқа көнуі мүмкін дейді. Ал өзгелері болса АҚШ заң шығарушылары мәмілені құрдымға кетіріп алуы мүмкін деп санайды.

«Конгресс өте қауіпті ойын ойнап отыр, нәтижесі қандай боларын білмей жатып жаңа санкция саламыз деп қоқан-лоқы жасады» дейді Вашингтондағы сараптама орталығы Ұлттық қауіпсіздік желісінің атқарушы директоры Джон Брэдшоу Азаттыққа.

АҚШ-тың Ұлттық америкалық-иран кеңесінің президенті Трита Парси.

АҚШ-тың Ұлттық америкалық-иран кеңесінің президенті Трита Парси.

2012 жылы шыққан «Обаманың Иранға қатысты дипломатиясы» атты кітаптың авторы Парси Конгресс пен Ақ үйдің «жақсы полицей мен жаман полицей» рөлін ойнап жүргенін айтады. Бірақ ол бұндай ойыннан нәтиже шығарына күмән келтіреді.

«Қарсы жақтағы адам жақсы полицейдің жаман полицейді тоқтатуға ниетті екеніне көз жеткізуі тиіс. Ал керісінше әсер қалдырса, жақсы полицейдің де айтары аз көрінсе, онда онымен келіссөз жүргізудің еш пайдасы жоқ. Жаңа санкцияға қатысты заңды Иранның ымырасыз күштері тіпті қош көруі де мүмкін, солайша келіссөздің бұзылуын Конгреске жаба салады» дейді ол.

РЕСПУБЛИКАЛЫҚТАР ЫҚПАЛЫ

Республикалықтар осы айдың басында 53-47 есеппен палатада басым түсіп, Сенатты өз бақылауына алды. Енді қаңтарда жаңа сессия өткізіп, Конгрестің екі палатасына да өз ықпалын жүргізбек. Биліктің ауысуы заң шығарушылардың Иранға санкция салатын заң қабылдауы мүмкін екенін көрсетті, бірақ олар екі палатада да үштен екі басымдыққа ие болып, президенттің ветосын қабылдамайтындай дәрежеге жете ала ма, жоқ па, - ол жағы әзірше белгісіз.

Иллинойс штатынан сенатқа сайланған республикалық партия өкілі Марк Кирк.

Иллинойс штатынан сенатқа сайланған республикалық партия өкілі Марк Кирк.

Иллинойс штатынан сайланған сенатор Марк Кирк пен Нью-Джерсиден сайланған демократ сенатор Боб Менендес өткен жылдың соңында 59 автор бірігіп шығарған заң жобасын таныстырды – онда Иран мәмілесі құрдымға кетсе қабылданатын қатаң санкциялар туралы баяндалған.

Бұл заң жобасы демократтар өктемдік етіп отырған Сенатта жатып қалды, демократтар жетекшісі Гарри Рид оны дауысқа салмады. Кирк «The Hill» газетіне алдағы Конгресс сессиясында заң жобасын қайта көтеретінін және оны президенттің ветосынан қорғау үшін палатада жақтастар жинап жатқанын айтты.

Өкілдер палатасының сыртқы істер жөніндегі комитетінің төрағасы Эд Ройс пен демократ Элиот Энгель қарашаның 20-сында бірлескен мәлімдемеде «Иранның уран байытуына жол беру – АҚШ-тың ондаған жылдар бойы жүргізген ядролық қаруды таратпау саясатынан ауытқу» деп атады. Олар «кез келген құжаттың нәтижесі Иранның ядролық қаруды өңдеуін тоқтатуға тиіс» дейді.

Иран сыртқы істер министрі Жавад Зариф (сол жақтан екінші), Еуропа Одағы делегациясының жетекшісі Кэтрин Эштон (ортада) және АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри (оң жақта) келіссөздер жүргізіп отыр. Вена, 21 қараша 2014 жыл.

Иран сыртқы істер министрі Жавад Зариф (сол жақтан екінші), Еуропа Одағы делегациясының жетекшісі Кэтрин Эштон (ортада) және АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри (оң жақта) келіссөздер жүргізіп отыр. Вена, 21 қараша 2014 жыл.

1979 жылы болған ислам төңкерісінен кейін Иранға Вашингтон түрлі санкцияларды жаудырып жіберді. Ал қазіргі жағдай «АҚШ пен халықаралық қауымдастық тарапынан жексұрын режимге салынған ең күрделі, ауыр санкция» деп сипатталады.

Сарапшылар қосымша санкция туралы қоқан-лоқы Обаманың қолына тұсау болып, ары қарай жағдайды шиеленістіруі мүмкін дейді. Азаттыққа сұхбат берген Парси «АҚШ-тың ықтимал санкциясы мен Иранның оған қарсы шарасы ядролық мәселеге тікелей байланысты болмаса да, соңғы нәтижесі келіссөздің сәтсіздікке ұшырауына ықпал етеді» дейді.

Вашингтондық қорғаушы Эрих Феррари америкалық заң шығарушылардың жаңа санкция туралы ескертулері ирандықтарға теріс әсер ететінін ескертеді. «Бұл заң қабылданады деп ойламаймын. Президент оған вето қоятын болар. Бірақ ол екінші тарапты жақсы іске ынталандырады деуге келмейді» дейді ол.

(Карл Шрек пен Люк Джонсонның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG