Accessibility links

ИШИМ Ирактың киелі орындарын қиратып жатыр


ИШИМ қиратқан шиит мешіті орнында жүрген адамдар. Мосул, 23 шілде 2014 жыл.
ИШИМ қиратқан шиит мешіті орнында жүрген адамдар. Мосул, 23 шілде 2014 жыл.

ИШИМ ұйымы Ирактың солтүстік-батысын басып алды. Енді олар билігін нығайтуға тырысып жатыр. Бірақ өзін өзі жариялаған «халифат» әуелі «исламға қайшы» дүниелерді қиратуға кірісті.

ИШИМ («Ислам және Шам ислам мемлекеті» ұйымы) жетекшілері ежелден келе жатқан тарихи-діни ескерткіштер мен мешіттерді талқандауға кірісті.

Олардың көбі – шииттердің қасиетті орындары. Ең сорақысы - бұл аймақтағы кез келген діни орын, мейлі христиан, мейлі сүннит немесе басқа діни ағымға тиесілі ескерткіш болсын, ИШИМ «шариғатына» қайшы деп танылса, оған қауіп төнді деген сөз.

Тал Афар

«ИШИМ әскері Ирактың батысындағы Тал Афар қаласын алды» деген хабар тарап, көп ұзамай осы топтың Twitter парақшасы саналатын бетте шииттердің діни құлшылық жасайтын орындарының қираған суреттері жарияланды.

Shaffaq news «Маусым айының соңында ИШИМ Тал Афарды алды. Ондағы Қадыр Ілияс, Имам Саад бин Акил, Ар Мамут мазарлары мен Имам әл-Хаким, Ахел әл-Бейт, Хуссейн Садиқ мешіттері қиратылды» деп жазды.

Мосул

Ниневия провинциясының астанасы Мосул ИШИМ-нің қасиетті орындарға қарсы жариялаған соғысының қайнаған ортасында қалды. Бұл қалада Жүніс (Иона) пайғамбардың моласы бар еді. Құранда да, Інжілде де Жүніс пайғамбарды алып балықтың жұтып қойғаны баяндалады.

Бұл кешен ИШИМ жауынгерлері келгенше еврей, христиан және мұсылмандар үшін ортақ зиярат орны болатын. Әскерилер моланың маңына жарылғыш зат қойып, шілденің 24-і күні кесененің тас-талқанын шығарды.

Шейх Муқтада әл-Садр шииттердің діни нысандарын қорғау үшін Ливаннан Иракқа оралып, мазарды қиратқандарды айыптады. Бейруттегі Daily Star Online басылымы Садрдың «Жүніс - барлық діннің пайғамбары» деген пікірін жариялады. Біздің заманымызға дейінгі 8-ғасыр мұрасы саналатын кесене қазір күлге айналса да, болашақта қайтадан салынады деген үміт бар.

Сиф пайғамбар мешіті

Адам ата мен Хауа ананың үшінші ұлы Сиф (Шит) пайғамбар жерленген деп саналатын кесенені да әсіредіншілдер жарып жіберді. Сиф те – мұсылман, еврей, христиандар бірдей құрмейттін тұлға. Оның Мосул қаласындағы көне мешітін шілденің 25-і күні қиратты.

Жарылысқа куә болған бір адам AFP агенттігіне «ИШИМ әскері адамдарды мешіттен қуып, ғибадатхана маңына жарылғыш зат қойды да, оны халықтың көз алдында жарып жіберді» деді.

Әун әл-Дин мазары

Шілденің 25-і күні Мосулдағы бағзыдан келе жатқан Әун әл-Дин мазары қиратылды.

Жиржис пайғамбар мешіті

Шілденің 26-сы күні ИШИМ 14-ғасырдың мұрасы - Жиржис пайғамбардың мешітін қасындағы шағын моласымен бірге жарып жіберді. Мосулдың оң жағалауында орналасқан мешітті содырлардың жарғалы жатқаны алдын ала белгілі болған еді, оның қираған суреттері де жарияланды.

Мар Бехнам

4-ғасырда Мосулдың оңтүстігінде салынған монастырь - Мар Бехнамдағы крестті жұлып тастаған ИШИМ әскері кешенді басып алып, монахтар мен дін қызметкерлеріне «қашыңдар немесе өлесіңдер» деген талап қойды. Монастырь әлі аман, бірақ оған қара ту ілінген, сондықтан оның және ішіндегі заттардың тағдырына алаңдаушылық бар.

ИШИМ «РАҚЫМШЫЛЫҒЫНА» ІЛІНГЕН НЫСАНДАР

Әл-Хадба мұнарасы

ИШИМ «Бүкір мұнара» аталып кеткен Мосулдағы әл-Хадба мұнарасын да жоймақ болған. Бірақ соңғы деректер бойынша, жергілікті тұрғындар мұнараны аман сақтап қалған.

Имам әл-Аскари мазары

ИШИМ-нің қасиетті орындарды талқандауы әлемдегі шииттердің бас қосып, қасиетті орындарды қорғауына түрткі болды. Иран президенті Хассан Роухани соғысқа араласуға дайын екенін алғашқылардың бірі болып ескертті.

Ирактың діни жетекшісі аятолла Әли әл-Систани жұма күнгі намаз кезінде «Исі мұсылман бірігіп, шииттердің қасиетті орындарын қорғауға тиіс» деп мәлімдеді. Шиит дін қызметкері Муқтада әл-Садр бұл үндеуге құлақ асып, Самарраға Имам әл-Аскари мазарын қорғауға келді.

Самаррадағылардың мазарды қорғаған еңбегі еш кетпеген сияқты. Шииттердің қасиетті мазарына қарай ИШИМ атқан зымыраннан 14 адам қаза тапса да, бейіттің өзі әлі күнге аман тұр.

2006-2007 жылдары бұл қасиетті орында жарылыс болып, оның соңы ағымдар арасындағы соғысқа ұласқан. Екі жылға созылған ол қақтығыстан мыңдаған адам опат болған еді. Мазардың бүлінген жерлері кейін қалпына келтірілді.

(Майкл Сколлонның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

XS
SM
MD
LG