Accessibility links

Ирактағы соғысқа Иран қалай көмектеседі?


Ирандағы Ислам революциясы сақшылары корпусы Ирак үкіметіне көмектесуі мүмкін.

Ирандағы Ислам революциясы сақшылары корпусы Ирак үкіметіне көмектесуі мүмкін.

Деректер бойынша, Иран одақтасы - Ирак премьер-министрі Нури әл-Мәликиге жәрдем үшін бірнеше әскери ұшақ жіберген. Содырлармен соғысып жатқан Иракқа Иран шиит жасақтарын аттандыруы мүмкін.

Нури әл-Мәлики үкіметіне Ирандағы Ислам революциясы сақшылары корпусы (ИРСК) «Ирак және Шам ислам мемлекеті» ұйымының (ИШИМ) содырларына тойтарыс беруге көмектесуі ықтимал. Сарапшылардың айтуынша, ИРСК кейінгі 10 жылда Иракта белсенді әрекет етіп келеді.

ИРАННЫҢ КӨМЕГІ

«Теңіз қарулы күштері» коммерциялық емес сараптама орталығының (CNA) Таяу Шығыс бойынша сарапшысы Афшон Остовар «Иранның Иракка әскери көмегі кеңес беру, жаттықтыру, жоспарлау және үйлестіру; ақпарат бөлісу және барлау; әскери техникамен жабдықтау түрінде жасалады. Меніңше, Иранның жәрдемі осымен шектеледі, бұл елдің әскері Ирактағы майданның алдыңғы шебіне шықпайды» дейді.

Женевалық зерттеуші Фарзан Сабет «Иран Иракқа әскери көмек бергенін мойындамай отыр, сенімді деректер айтылса да, мойындамайды» дейді. Сабеттің айтуынша, 1979 жылғы ислам төңкерісінен бері Иран осындай оқиғаларға араласуды емес, «атсалысуды» ғана көздейді.

Маусымның 30-ы күні америкалық басылымға Фарзан Сабеттің Иранның Иракқа беретін әскери көмегін талдаған мақаласы шықты. Ол «Иран шағын әрі тиімді операциялар жүргізіп, маңызды ақпараттарды жинап беретін барлау отрядтарының көмегін ұсынады. Тегеран бұл жерде мақсатқа жету жолын көрсететін тәлімгер мен кеңесші міндетін атқарады» дейді.

САҚШЫЛАР КОРПУСЫ

Деректерге сүйенсек, Тегеран Ислам революциясы сақшылары корпусының (ИРСК) элиталық «Құдс» бригадасын әл-Мәликиге көмекке жіберіп қойған. Бірақ Иран шенеуніктері бұл ақпаратты растамай отыр, олар «Ирак бізден көмек сұраса ғана қару беруге дайынбыз» дейді.

Остовардың пікірінше, Иракқа «Құдс» бригадасы мен басқа да мамандандырылған ИРСК жасақтары аздаған мөлшерде – 100 шақты жауынгер шамасында ғана барады. Ол «Иракқа барса, «Құдс» бригадасы Сириядағы әрекеттерін қайталайды» дейді. «Құдс» Сирияға барып, жаттығу ұйымдастыру мен басқа да шаралар арқылы Сирия басшысы Башар әл-Асадтың билікте қалуына көмектесті.

Сарапшы «Құдс» жасақтары негізгі екі жұмысты атқарады: оның әуелгісі саяси мәселе – яғни «Құдс» барған соң бұл жаққа түрлі қарулы шиит жасақтары көмекке келеді, екіншісі – соғысып жатқан шиит жасақтарының әрекетін үйлестіріп отырады» дейді.

ШИИТ ЖАСАҚТАР

Оңтүстік Флорида университетіндегі стратегиялық және дипломатиялық зерттеулер орталығының атқарушы директоры Мохсен Милани «Иран соңғы жылдары тыныш тірлік кешіп жатқан шиит жасақтарын іске қосуға тырысады» дейді.

Миланидің Ирактағы жағдайға арналған мақаласы маусымның 22-сі күні Foreignaffairs.com сайтына шықты. Онда сарапшы «Иран өзі жаттықтырған «Бадр» бригадасын қайта құрып, қаруландырмақ (бұл бригаданың көптеген мүшелері кезінде Иран ұлттық қауіпсіздік күштері қатарына қосылып кеткен – ред.). Тегеран шиит әскери дінбасы Муктада ас-Садрдың қуатты «Махди әскерін» күреске қосылуға ынталандырып, даулы қадам жасады» деп жазды.

Миланидың ойынша, Иран ИШИМ-мен соғысуға шағын шиит көтерілісшілерінің қарулы топтарын тартпақ. «Иранның жоспары: сүннит көтерілісшілерді жеңудің бірден-бір жолы – Ирактың қыңыр шиит жасақтарын ынтымақтас болуға көндіру» дейді ол.

Остовардың пікірінше, «Құдс» бригадасы ИШИМ-ге қарсы күресте шиит әскери жасақтарын үйлестіріп, жаңа жауынгерлер дайындауға көмектеспек.

«Құдс» бригадасының командирлері бұрын шиит әскери жасақтарымен тығыз жұмыс істеп, олардың Сириядағы соғысқа қатысуына көмектесті. Сондықтан Иракқа қатысты әрекеттері - осы тәсілдің жалғасы» дейді ол.

ӘСКЕРИ ТЕХНИКА

Стратегиялық зерттеулер халықаралық институты шілденің 2-сі күні Ирак билігі түсірген видеоны талдай келе, Иран Иракқа «Су» ұшағын жіберген деген қорытынды жасады. Мұны айтқан дереккөз ұшақты Иран әскерилерінің қолданар-қолданбасын білмейді.

Остовар бұл ұшақтардың ИРСҚ әуе флотының бір бөлігі екенін ескертеді. Ол Азаттыққа электронды пошта арқылы жазған хатында «Оларды ИРСК әшейін беріп қойды дегенге күмәнім бар. Сақшылар корпусының ұшқыштары кеңесші немесе нұсқаушы ретінде барған шығар» дейді.

«Ираннан барған» ұшақтарды мына жерден көре аласыз:

СОДЫРЛАРМЕН СОҒЫС

Сарапшылар дәл қазір Иран күштерінің ИШИМ-мен бетпе-бет келіп шайқасуы екіталай дейді. Остовардың айтуынша, егер ИШИМ шииттердің қасиетті орындарына шабуыл жасаса немесе Иран шекарасына жетсе ғана Иранның жоспары өзгеруі мүмкін.

«Егер олар Иранның шекарасына жетсе, Иран әскері ИШИМ-мен тікелей соғысады (шекара мен ұлттық қауіпсіздікті қорғау үшін – ред.)» дейді Остовар. Сабет те соны айтады. Ол «Иран әскері ИШИМ шекараға немесе Бағдаттағы шииттердің қасиетті орындарын талқандауға беттесе ғана қозғалады» дейді.

АҚШ-ПЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ

Остовар «АҚШ пен Иранның Ирак мәселесі бойынша әскери ынтымақтасқа айналуы екіталай» дейді. Оның ойынша, «АҚШ та, Иран да Иракқа кеңес беру немесе оқу-жаттығу шараларын жүргізу мақсатында көмектесуі мүмкін. Бірақ АҚШ та, Иранның «Құдс» бригадасы да бір-бірімен жұмыс істеуге ынталы емес» дейді ол.

АҚШ шенеуніктері «Иранмен әскери байланыс орнатпаймыз» деп мәлімдеді. Өткен айда Иран парламентінің ұлттық қауіпсіздік және сыртқы саясат комиссиясы бойынша баспасөз-хатшысы Хоссейн Нагави Хоссейни «Иран ешқашан АҚШ-пен бірігіп әрекет етпейді» деп мәлімдеді.

Маусымның 24-і күні Иран баспасөзі оның «Америка Ирактағы саяси мақсаттарына Иран арқылы жеткісі келеді, сондықтан Иран АҚШ-ты маңына да жолатпайды» деген сөзін жариялап жатты.

(Голназ Эсфандияридың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG