Accessibility links

«Сүннит бүлігін» басуға шиит жасағы аттанбақ


Багдат қаласында жүрген шиит жасақтары. Ирак, 15 маусым 2014 жыл.

Багдат қаласында жүрген шиит жасақтары. Ирак, 15 маусым 2014 жыл.

Ирак премьер-министрі көтерілісшілерге қарсы соғысатын үкімет әскеріне жәрдемдесуге шиит жасақтарын шақырып отыр. Екі діни ағымды бір-біріне қарсы қою азамат соғысына ұласып кетпей ме?

Өздерін сүннитпіз дейтін бүлікшілер Ирактың солтүстігіндегі елді мекендерді басып алды. Премьер-министр Нури әл-Мәлики ол қалаларды үкімет қарамағына қайтарып алу үшін еріктілерден әскер жасақтауға кірісті.

АЗАМАТ СОҒЫСЫ ҚАУПІ

Бірақ Бағдатқа жиналып жатқан еріктілер жасағының қарасы көбеймей жатыр. Өзі сұранып келген қарапайым тұрғындар қарулы күштің жартымсыз бөлігі болып тұр.

БАҚ мәліметі бойынша, «сүннит бүлікшілерге» қарсы аттанатын әскер екі бөліктен тұрады. Қарулы күштер қатарындағы үкімет жауынгерлерінен бөлек, арнайы оқудан өтіп, жаттыққан, армия бөлімшесімен бірге шабуылға шығуға дайын мыңдаған шиит жауынгерлері бар. Үкімет оларды әскер қатарына көптеп тартуға тырысады.

Мұнан соң «Шиит жасақтар сүннит көтерілісшілерін жеңуге күш қоса ала ма, әлде Иракта діни ағымдар арасындағы азамат соғысы тұтанып кете ме?» деген сауал туады. Мұның жайы Самаррада анықталмақ. Ол - Бағдаттың солтүстігіне қарай 100 километр жерде жатқан қала. Ел астанасы Бағдатқа аттанамыз деп мәлімдеген көтерілісшілерді үкімет әскері осы қалада тоспақ.

Маусымның 13-і күні Малики Самаррадағы армия офицерлерімен кездесті. Үкімет жасағы бұдан бір күн бұрын солтүстік Ирандағы Мосул мен Тикрит қалаларын көтерілісшілерден қорғап қала алмай, екі шаһар да жау қолында қалған еді.

Мәлики әскерге еріктілердің көмекке келе жатқанын және Самарраның жақында майдан шебіне айналатынын айтты.
Ирак әскеріне қосылған шиит еріктілері. Мосул маңы, 14 маусым 2014 жыл.

Ирак әскеріне қосылған шиит еріктілері. Мосул маңы, 14 маусым 2014 жыл.

Шын мәнінде, еріктілер Самаррада бұған дейін де соғысып жатқан. Олар шииттердің қасиетті қаласы саналатын Самарраны қорғауға келген жауынгерлер еді. 2006-2007 жылдары Иракта екі діни ағым өкілдері шайқасып, соңы азамат соғысына ұласа жаздаған. Сол жолы соғысқан әскер Самарра қаласын бомбалап тастаған еді.

Вашингтондағы Jihadology.net орталығы Ирак пен осы аймақтағы әскери мәселелерді зерттейді. Орталық өкілі Филипп Смиттің айтуынша, Мәликидің Самарраны «Ирак пен Левант ислам мемлекеті» ұйымының шабуылынан қорғау үшін шиит жауынгерлерден жәрдем сұрауы жақсылық нышаны емес. Ол «мұның бәрі орталық үкіметтің «шииттендірілгенін» байқатады, мұның соңы сүннит-шиит соғысына ұласып кетуі мүмкін» дейді.

ШИИТТЕРДІҢ МАҚСАТЫ

Шиит жасақтары ұлттық армияға қарағанда жақсы жаттыққан, көшедегі қоян-қолтық ұрысқа төселген, тәжірибелі. Сондықтан олар «Ирак пен Левант ислам мемлекеті» ұйымы жаулап алған қалаларды қайтарып алу операциясы кезінде үкімет әскерін басқарып та кетуі мүмкін. Бұл - жағдайды одан бетер ушықтырып жіберетін факторлардың бірі.

Қиын ахуалды шиеленістіріп жіберетін екінші себеп – жақсы қаруланған шиит жасақтары көбінесе Иранға арқа сүйейді. Осыдан келіп Ирак сүнниттері «олар Иракта шиит мемлекетін құрмақ» деп қауіптенеді. Смиттің пікірінше, осы екі себеппен Ирактағы сүнниттер «шиит үкіметіне» сенбей отыр.

Үкімет «Ирак пен Левант ислам мемлекеті» ұйымы мен оған одақтас БААС партиясы жақтастарын елден қуып шығамыз» деп мәлімдеген еді. Ал сүннит көтерілісшілер «мақсатымыз – сүнниттер қауымын шииттер билігінен қорғау» дейді.

«Ирак пен Левант ислам мемлекеті» ұйымына қарсы шыққандардың бәрі шиит жасақтар деп, қақтығысқа тек діни ағымдар шайқасы ретінде қарауға болмайды.

Шииттердің рухани басшысы Аятолла Әли әл-Систани маусымның 14-і күні еріктілерді Ирак армиясына қосылуға шақырып, олардың тұтас елді қорғау мақсатында күресетіндерін атап айтты. Ол «Сүнниттер мен шииттер туралы мәселені ұмыта тұру керек» деді.

Бірақ көше шайқасына машықтанған әсіредіншіл шиит жасақтары бұл қақтығысқа тек діни тұрғыда қарайды. Олардың көбі Сирияға жауынгер жіберіп, Дамаскіні қолдап, ол соғысты исламның екі негізгі ағымы арасындағы қақтығыс деп түсінеді.

Иранда дайындықтан өткен «Асаиб Ахл әл-Хақ» пен «Катаиб Хибулла» сияқты шиит жасақтары Ирактың шығысындағы сүнниттерге қарсы күресте белсенді болды. Сол кезде бейбіт тұрғындар қаза тапқан еді. Ең сұмдық жағдай наурыз айында болды – қарулы күштер мен «Асаиб Ахл әл-Хақ» мүшелері Дияла провинциясындағы Бохруз қаласында 23 адамды өлтірді.

Сарапшылардың айтуынша қазір Мәликидің таңдау жасайтын шамасы жоқ. Лондондағы Eurasia Group орталығының Таяу Шығыс бойынша директоры Айхам Камель «Мәлики мен басқа да Ирак саясаткерлері үкімет армиясының елдің солтүстігіндегі шайқаста төтеп бере алмайтынын ұқты, енді олар әскерді еріктілермен күшейтпек» дейді.

Көріңіз: Мосулдан қашқан Ирак әскері
Оның айтуынша, еріктілерден құралған әскерді дұрыс басқарса, Бағдат маңын үкімет бақылауына алуға мүмкіндік бар. Бағдат маңайын әртүрлі этникалық топтар мекендейді. Үкімет көтерілісшілердің бетін қайтара алса, астананы қорғай алатынын дәлделдеп, үрейленіп отырған жұрттың да көңілі тыным табар еді.

Бірақ Камель «шиит жасақтарын сүнниттер көп тұратын солтүстік аймақтарға жіберу жақсы идея емес» дейді. Ол «Бұл аймақтарды бағындыру үшін саяси мәміле керек. Шиит жасақтарының солтүстіктегі кез келген әрекеті жағдайды шиеленістіріп жібереді» дейді.

Саяси ымыраға келу мүмкіндігі бар, себебі сунниттердің көбі әсіредіншіл содырларды жақтыра бермейді. Сарапшылардың айтуынша, Мәликидің шииттер басқарған үкіметін сүнниттердің мойындамауы олардың «сүннитпіз» дейтін бүлікшілерді қолдайтынын білдірмейді. Сүнниттер тек «үкімет бізді қудалап отыр» деп күйінеді.

(Чарльз Рекнагельдің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG