Accessibility links

Ирак пен Сирияның бұрынғы, бүгінгі және болашақ картасы


Намаздан кейін құшақтасып жатқан сүнниттер. Бағдат, 8 тамыз 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Намаздан кейін құшақтасып жатқан сүнниттер. Бағдат, 8 тамыз 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Сирия мен Ирактағы қантөгістің тоқтайтын түрі жоқ. Кейбір сарапшылар бұл аймақтың саяси картасы өзгеруі мүмкін деп те болжайды.

Әзірге аймақтағы мемлекеттердің шекарасы өзгеруі неғайбіл болып көрінгенімен, келешекті нақ болжау тағы мүмкін емес. Азаттық тілшісі бұл аймақтың болашақ картасын жасап көрді.

Өткен жылдың қыркүйегінде The New York Times газетінде америкалық сарапшы Робин Райттың мақаласы шықты. Райт Таяу Шығыс картасын этникалық және діни тұрғыдан қайта сызып шыққан.

Оның пайымдауынша, бұл аймақтағы мықты қаруланған диктаторлар режимі жойылса, іргелері ажырап қалған этникалық және діни топтар қайта бірігер еді. Сонда аймақтың Осман империясы құлаған соң Еуропа белгілеп берген картасы да өзгереді. Райттың бұл теориясына Ирактағы соңғы бүліктер де әсер еткен тәрізді.

Соңғы бірнеше жылда Ирактың батысындағы сүнниттер жиі бүлік шығарып келеді. Олардың көбі Сирияда сүнниттер жағында соғысып жатыр. Солардың бірі – «Әл-Қаидамен» байланысы бар «Ирак және Леванта ислам мемлекеті» (Islamic State of Iraq and the Levant - ISIS) ұйымы Иракта ислам мемлекетін құру үшін күресіп келеді. Алайда Ирактағы сүнниттердің өздері үкіметтен бұл топты елден аластауды сұрады.

Азаттық оқырман назарына мына үш картаны ұсынады. Бірі – бүгінгі Ирак пен Сирия. Екіншісі – бұл елдердің Осман империясы құрамындағы кезі. Үшінші карта – болашаққа жорамал.

Осман империясы


ХХ-ғасырдың басында Ирак деген де, Сирия деген де мемлекеттер болмаған. Таяу Шығыстағы аймақтардың көбі 450 жылдық тарихы бар Осман империясы қарамағында болды. Қазіргі Ирак пен Сирияның бір бөлігі тәуелсіз ислам аймақтары болған.

Бүгінгі карталары


Осман империясы Бірінші дүниежүзілік соғыста жеңілген соң ыдырап, Таяу Шығыс бірнеше мемлекетке бөлініп кетті. Жаңадан құрылған Ұлттар Лигасы Британия мен Францияға мандат беріп, олар осы аймақтарды басқарып, ұлттық шекараларды белгілейтін болды. 1940-жылдардың соңына қарай жаңа құрылған мемлекеттер тәуелсіздік алды. Алайда олардың шекарасын Батыс анықтап берді. Тәуелсіз жаңа мемлекеттер үшін араб ұлтшылдығының жаңа кезеңі басталды. Бұл кезеңде аймақта зайырлы әрі орталықтандырылған билік жүйелері құрылды.

Сунниттердің «БААС» («Араб социалистік өркендеу партиясы») партиясы Иракты 1960-жылдардың соңынан 2003 жылғы АҚШ басқыншылығына дейін басқарып келді. Сирияны да соңғы 40 жыл бойы Асад әулеті ғана басқарып келеді. Олар – шииттік исламның алауит (алавиттік) ағымын ұстанатын діни азшылық.

Болжам-карта


Ирактағы соғыс пен Сириядағы азамат соғысынан кейін аймақта діни алауыздық ушықты. Этникалық және діни жіктелу тереңдеп барады.

Иракта барлық мәселені көпшілік шешеді. Алайда бұл елді шииттер билеп тұр. Олар бұған дейін сүнниттермен билікті шартты түрде болсын бөлісіп келген еді, қазір тіпті жолатпай отыр. Бұл жағдай үкіметтегі коррупцияны күшейтіп, діни мазхабтар арасындағы араздықты шиеленістіріп тұр.

Азаттық тілшісі болашақтың картасын Райттың тезисіне, Колумбия университетінің этнографиялық карталары мен Азаттықтың аймақтағы сарапшылары пікірлеріне сүйене отырып жасады. Болжам-картада жоғарыда айтылған факторлардың кесірінен Ирак пен Сирияның жеке-жеке төрт елге бөлініп кетуі мүмкін екені көрсетілген.

Шииттер мемлекеті. Ирактың оңтүстік-шығысындағы сүнниттер тұратын аудандарды есептемегенде Бағдаттан шығысқа қарай, Иранмен шекараға дейінгі жерлерді шииттер жайлайды. Ал елдің батыс аудандарына шоғырланған сүнниттер шииттік Иранның Иракқа (осындағы шииттерді қолдауын айтады – ред.) жасап отырған ықпалы шектен шығып кетті деп есептейді.

Сүнниттер мемлекеті. Бұл мемлекет Бағдаттан батысқа қарай жатқан жерлерді және Сирияның көп бөлігін алады. Сирия қазір соғысқа килігіп, дағдарыстан шыға алмай жатыр. Сондықтан бұл елдің бөлініп кетуі ғажап емес. Бұл болжам орындалған жағдайда мұндағы сүнниттер Ирактағы сүнниттерге қосылуы мүмкін.

Күрдтер елі. Ирактың автономиялық әрі айтарлықтай тыныш аймағы Бағдатқа экономикалық тәуелділігін біртіндеп жояды. Ол Түркиямен мұнай келісімін жасау арқылы іске асуы мүмкін. Бұған қоса Ирактағы Күрдістан Сирияның солтүстік-шығысындағы күрдтермен байланысын күшейткен.

Алауиттер мемлекеті. Алауиттер азшылық болғанымен, христиандардың қолдауымен әлі де Сирияның теңіз жағалауындағы аумақтарын басқарып отыр. Оппозицияның кейбір өкілдері президент Башар Асадты «келешекте алауиттер мемлекетін құру үшін елдің батысындағы сүнниттерді қуып жатыр» деп айыптаған еді. Алайда алауиттердің бекінетін шебі – елдің солтүстік-батысы мен Латакия порты. Асад режиміне қауіп күшейе берсе, олар паналайтын жалғыз орын – осы.

БОЛЖАМДАРДЫҢ ОРЫНДАЛМАУЫ ДА МҮМКІН

Мұндағы діни қақтығыстарға қарамастан, аймақтағы мемлекеттер мен әлем елдері Таяу Шығыстағы шекаралардың өзгеруінен қорқады. Сондықтан халықаралық күштер Ирак пен Сирияны осы қалпында сақтап қалуға барын салуы мүмкін.

Бұған қоса, араб ұлтшылдығы бар. Оның мұндағы процестерге әсері діни алауыздыққа қарағанда әлсіз болғанымен, ықпалын мүлде жойған жоқ. Мәселен, Ирак шииттері өздерін «Иран шииттерінен бөлек халықпыз» деп санайды. 1980-жылдардағы соғыста мыңдаған ирактықтардың Иранға қарсы соғыста қаза тапқанын да ескеру қажет. Олардың арасында шииттер де, сүнниттер де болған.

Ирак үкіметі бұл аумақтарды оңайлықпен бере салмайтынын тағы ескерген жөн. Шекаралар өзгермей, шииттер мен сүнниттер көсемдері билікті бөлісу жайында мәмілеге келуі де мүмкін.

(Гленн Кейтстің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Әзина Мақұлжан)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG