Accessibility links

Сириядағы соғыстың Иракқа жайылу қаупі


Сирияда әрекет ететін қарулы топтардың бірі тұтқынды көлікке отырғызып жатыр. 14 мамыр 2013 жыл.

Сирияда әрекет ететін қарулы топтардың бірі тұтқынды көлікке отырғызып жатыр. 14 мамыр 2013 жыл.

Ирак жасақтары көршілес Сирия жеріне өтіп, соғысып жатқан екі тарапқа да қол ұшын беріп жатыр. Екі ел арасындағы шекара күзеті күшейтілмесе, соғыс Ирак аумағына жайылып кете ме деген қауіп бар.

Сириядағы ұрысқа қатысу үшін қанша Ирак азаматының шекараны кесіп өткенін ешкім нақты айта алмайды. Бірақ күн сайын елге мәйіттер қайтарылып жатыр. Бұған қарап ирактықтардың арғы бетке топ-тобымен өткенін аңғаруға болады.

«МАҚТАНЫШ»

Жақында Басра қаласында Зия Муташардың жерлеу рәсімі өтті. 26 жастағы тас қалаушы мамырдың 2-сі күні Сирия үкіметінің жағында соғысып жүріп, Дамаск қаласында оққа ұшқан.

Зия Муташардың Сирия жеріне қалай өткені белгісіз. Есесіне оның «қасиетті соғыста құрбан болғанын» жарыса айтып жатқан адам көп. Оның «ерлігін» мақтан тұтатындар да аз емес.

Зияның ағасы Мустафа Муташардың айтуынша, інісі «Сириядағы шииттердің бейіттерін бүлінуден сақтау жолында жан тапсырған».
Саида Зейнаб

Саида Зейнаб - Мұхаммед пайғамбардың күйеу баласы, төртінші халиф, исламдағы шииттер ағымының алғашқы имамы Әлидің қызы. Бейіті Сирия астанасы Дамаск қаласында деп айтылады. Оның басына 20-ғасырда мешіт салынған. " target="_blank">Мешіт пен Саида Зейнабтың бейіті саналатын жер - шиит мұсылмандардың тауап ететін қасиетті орындарының бірі. Мыңдаған мұсылмандар, көбінесе, иран және ирак босқындары Мұхаммед пайғамбардың қызы Фатимадан туған Саида Зейнабтың басына мінажат етуге жиналады.

- Кетерінде ол Саида Зейнабтың бейітін қорғау жолында шейіт болу үшін аттанып бара жатқанын айтты. Бауырымыздың шейіт болғанын естігенде бойымызды мақтаныш сезімі кернеді. Жерлеу рәсіміне өте көп адам келді, - дейді Мустафа Муташар.

Зия Муташардың Сирия жағына қалай өткенін ешкім айтпағанымен, оның жаназасына шииттердің радикал жетекшісі Муқтада әс-Садырдың қатысуы біраз жайттан хабар беріп тұр.

Әс-Садырдың «Әл-Маһди армиясы» Сирияға жасақ жіберіп жатқан Ирактағы қарулы топтардың бірі ретінде аталады. Бұған қоса ирактағы «Хезболла бригадасы» мен «Асаиб әлул-Хақ» топтары да Сирияға сарбаз жөнелтіп отыр деген ақпарат бар.

«У-ШУСЫЗ ӨТКЕН ЖАНАЗА»

Ирактағы сүнниттердің ордасы саналатын Әл-Анбар провинциясында да Сириядағы соғыста құрбан болғандарды жерлеу рәсімдері жиі өтеді. Жақында ғана Сирияда сүнниттер жағында соғысып қаза тапқан төрт жігіттің жаназасы шығарылды.

Шейх Мухаммед әл-Хайыс - «Ирактың ұлдары» атты ұйымның ресми өкілі. 2007 жылы «Әл-Қаида» Иракта екі діни ағым арасында соғыс өртін тұтатуға күш салғанда дәл осы қозғалыс сүнниттер тұратын аймақтан «Әл-Қаиданы» ығыстырып, тәртіп орнатқан.

Ирактағы шиит қауымы жұма намазын оқып жатыр. Олардың алдында шиит діни жетекшілері Мұқтада әс-Садыр мен Хасан Насралланың суреті бар ыдыс тұр. 2 мамыр 2008 жыл.

Ирактағы шиит қауымы жұма намазын оқып жатыр. Олардың алдында шиит діни жетекшілері Мұқтада әс-Садыр мен Хасан Насралланың суреті бар ыдыс тұр. 2 мамыр 2008 жыл.

Әл-Хайыстың айтуынша, «Әл-Қаида» тәрізді сүнниттердің Ирактағы радикал топтары Сириядағы «Әл-Нусра майданы» сияқты жақтастарына жәрдемдесу үшін әскер жіберіп отыр.

Ал қаза тапқан сарбаздардың денелері мұздатылған азық-түлік тауарларының арасына жасырылып, заңсыз жолмен туыстарына қайтарылады. Мәйіттер у-шусыз, тыныш жерленеді. Өйткені шииттердың ықпалында болса да, Ирак үкіметі қазір Сириядағы биліктің ауысуын қаламай тұр.

- Қолда бар ақпаратқа қарағанда, Ирактың Әл-Анбар, Мосул және басқа да аймақтарынан арғы бетке (Сирияға) жасақтар өтіп, соғысқа араласқан. Ол жаққа кісі өлтіруге, адамның басын шабуға дағдыланған әккі қылмыскерлер мен қанішерлер барып жатыр, - дейді «Ирактың ұлдары» атты ұйымның ресми өкілі Әл-Хайыс.

«ИРАК ЕКІГЕ БӨЛІНУІ МҮМКІН»

Ирак азаматтарының Сириядағы соғысқа ерікті түрде араласып, екі жаққа да көмектесіп соғысуы Ирактағы секталар арасындағы араздықты қоздырып жібере ме деген қауіп бар.

Бағдаттағы саяси сарапшы Ибраһим әл-Сумайдаидің айтуынша, «бұған шииттер мен сүнниттер арасындағы араздық түрткі болып отыр». Оның сөзіне қарағанда, Ирак үкіметі жасақтардың шекарадан өтуіне тосқауыл қоймаса, екі топ арасындағы майдан Ирак жерінде жалғасуы мүмкін.

- Мұнда ислам дінінің екі ағымы – сүнниттер (Парсы шығанағы және Түркия) мен шииттер (Иран) арасында бәсеке жүріп жатыр. Бұл жағдай Ирак қоғамына да жік салуы мүмкін. Ондағы соғысқа араласып жатқан ирак сүнниттері мен шииттері ел ішінде соғыса бастауы мүмкін. Үкімет бұның алдын алып жатқан жоқ, - дейді сарапшы.

Бағдад қаласында жасалған жарылыстан қаза тапқан адамның туыстары оның жаназасын шығарып тұр. Ирак, 3 мамыр 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Бағдад қаласында жасалған жарылыстан қаза тапқан адамның туыстары оның жаназасын шығарып тұр. Ирак, 3 мамыр 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Иракта секталар арасындағы кикілжің басталғанда үкімет тараптарды бітімге келтіріп, қарулы топтарды саяси партияларға айналдырған болатын.

Бірақ жасақтарды қарусыздандыру ісі әлі жүзеге аса қойған жоқ. Қарулы топтардың Сирияда кеткен өшін қайтару үшін атысты Ирак жерінде бастап кетпеуіне ешкім кепіл бола алмайды.

Иракта шииттер мен сүнниттерге қарсы бомба жару, қастандық жасау сияқты оқиғалар соңғы айларда жиілеп кетті. Сәуір айында үкімет әскері елдің солтүстігінде бүлік шығарып жатқан сүнниттердің ауылдарына рейд жүргізгелі де жарылыстар көбейді.

Мақаланы ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.
XS
SM
MD
LG