Accessibility links

ИМ «Шөл дала қалыңдығын» талқандады


Пальмирадағы жарылыстар. Тамыздың соңы, 2015 жыл.

Пальмирадағы жарылыстар. Тамыздың соңы, 2015 жыл.

«Ислам мемлекеті» содырлары ежелгі Пальмира ескерткіштерін талқандап жатыр. Оларды тоқтатуға әлемде ешкімнің шамасы жетпей отыр.

ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік алты мұрасының бірі – Сириядағы Пальмира қаласын «Ислам мемлекеті» (ИМ) террорлық ұйымы мамыр айының соңында басып алған соң, ондағы антикалық ескерткіштерді талқандай бастады.

ИМ содырлары тамыз айында екі ғибадатхананы жарып жіберді, оның бірі – біздің заманымыздың бірінші ғасырында салынған Баал-Шамин ғибадатханасы. Қыркүйектің басында үш ежелгі заманғы мұнара да осының кебін киді, олардың ішінде ең танымалы – жер астында табыттары сақталған Элахбела мұнарасы. Ал соңғы рет, өткен демалыста біздің заманымыздың екінші ғасырындағы әйгілі Салтанат қақпасын содырлар жермен-жексен етті, ол қақпаға рим императоры Септимий Севердің аты жазылған еді.

ҒАЛЫМНЫҢ АЖАЛЫ

Тамыздың 18-і күні ИМ жасағы сириялық археолог, Пальмира ежелгі заман мұражайының жетекшісі, 82 жастағы Хадил әл-Асаадты көпшілік алдында басын шауып өлтірді. Оның алдында ИМ содырлары ғалымды бірнеше апта бойы азаптаған еді. Кейбір деректер бойынша, Асаад экстремистерге Пальмираның жасырын қазынасының қайда екенін көрсетуден бас тартқан.

Пальмира ежелгі заман мұражайының жетекшісі Хадил әл-Асаад.

Пальмира ежелгі заман мұражайының жетекшісі Хадил әл-Асаад.

Қарт ғалым өзіне төнген қауіп жайлы білген, оның қашып құтылуына болатын еді, бірақ өзі 40 жыл бойы зерттеп, сақтаған қаланы тастап кетуден бас тартқан. ИМ содырлары Халид әл-Асаадтың денесін антикалық бағаналардың біріне асып қойған.

Эрмитаж директоры Михаил Пиотровский бұл жайында былай деп жазды: «Олар үшін Халид Асаадтың жұмысы – ежелгі мәдениет ескерткіштерін сақтау мен сипаттау, зерттеу жасағаны қауіпті болды. Соның арқасында көптеген халық өткен заманға сапар жасай алды, қазіргімен салыстырып, ойланатын еді...». Әрине, ғалымдардың ешбірі, әсіресе, Шығыс мәдениетін зерттеушілер бұндай оқиғаға немқұрайлы қарай алмайды.

Ресей ғылым академиясы шығыс қолжазбалары институтының аға ғылыми қызметкері Сергей Тохтатьев кез-келген тарих, мәдениет және археология ескерткішін жоюды орны толмас шығын деп санайды.

– Пальмира сан мәрте жазылды, 18-ші ғасырдан бастап оны тасқа қашады, суретке түсірді, ғылыми жұмыстар қорғалды десек те, әрбір ескерткіш сақталуға тиіс, оны әлі де зерттеуге болатын еді. Оған қоса, мәселе тек ғылыми тұрғыда қарау емес, ол шын мәнінде, бүкіл адамзаттың мәдени мұрасы еді. Оның ескерткіштерінің көбі коринф стилінде салынған болатын. Талибан Будданың мүсінін қиратқанда күйзелдік, ал Пальмира бізге жақын еді. Бұл антикалық сәулет өнері, антикалық өркениет болатын, - дейді ол.

Пальмирадағы ең басты ескерткіштер – ғибадатханалар. Бэл және Баал-Шамин, «аспан мырзасының» ғибадатханасы мен жерлеу мұнаралары. Бұлардың бәрі мәрмәрдан емес, жергілікті әктас пен құм тастан соғылған, олар жауын-шашын мен жер сілкінісіне осал болса керек еді. Бірақ ескерткіштер мен Салтанат қақпасы аман-есен сақталып, біздің дәуірге дейін жетті.

ӘЛЕМДІК ҚАУЫМДАСТЫҚ НЕГЕ ҮНСІЗ?

Сергей Тохтатьев Пальмира туралы жаңалықты көруден қорқатынын айтады, біздің заманымыздың ІІІ мыңжылдығы соңынан бастап сақталған Пальмира Александр Македонскийдің де иелігінде болған еді дейді ол.

– Ол жерден көптеген жазбалар табылған, солардың бірі Эрмитажда сақтаулы. Оның бірі – Пальмира баж тарифі, ол екі тілде – жергілікті арамей тілінің диалектісі мен грек тілінде жазылған. Эрмитажда қабір басындағы жазулар да бар. Енді сол Пальмираны есалаңдар қиратып жатыр, бірақ бұған әлемнің ашу-ызасын көрмей отырмын. Әлемдік қауымдастық қайда, танкілер қайда, Пальмираны құтқаруға арналған халықаралық байланыс қайда кеткен? Осы жағын түсінбедім, - дейді ғалым.

Пальмира тарихи ескерткіші туралы фотогалерея:

Санкт-Петербург университетінің шығыс факультетінің профессоры, шығыстанушы Алексей Образцов та әлемдік қауымдастықтың Сирия мәдениетін қиратуға қарсы әрекетіне наразы.

– Әлемдік қауымдастық деп аталатын ұйымға еш үмітім жоқ, олар қалтасына қаржы түспейтін жерге бармайды. Халықаралық ұйымдар, әсіресе, ескерткіштерді сақтаумен айналысатындардың іс-әрекетіне баса мән беру керек. Олардың бәрі сұмдық бюрократиялық қатпаршаққа айналған, тек өздерін өндірумен ғана айналысады. Алдымен ескерткіштерді қиратушыларға қарап отырады, артынан өкініш білдіріп шектеледі. Бірақ өздері іштерінен «түк етпес, Британ музейінде топтамасы бар ғой, сақтай алмаса өз обалдары өздеріне» дейді. Бұған қарсы шара қолдану керек. Пальмира музейінің директоры үлгі болуға лайық, қаладан кетуге мүмкіндігі болса да, өз орнында қалып, ажал құшты. Ескерткіштерді қорғауды осындай адамдар қолға алса ғой, - дейді ол.

– Пальмираның талқандалған ескерткіштерінің қайсысы құнды еді?

– Онда көп нәрсе бар еді: тамаша колоннадасы бар бас көше, су құбырының қалдықтары, монументтік аркалар, т.б. Осман кезеңінен қалған ескерткіштер де бар болатын, олар антикалық үйінділерге кедергі келтірмейтін. Қалаға жақын жерде бірегей жерлеу мұнаралары бар еді, ол жерге тұрғындарды жерлейтін, әр саркофагтың астында портреттік маскалар бар еді. Мұнараны жарған соң олар да келмеске кеткен шығар.

Пальмираның ерекшелігі сол – Сирия шөлінің ортасындағы жазирада сақталған дүние көп еді. Ол Шам мен Ефраттың арасындағы ескі керуен жолының ортасында тұрды. Сирия шөлі арқылы жүрген керуендердің бәрі Пальмира арқылы өтуге мәжбүр болды, себебі оны «Шөл даланың қалыңдығы» деп атайтын.

САЛТАНАТ ҚАҚПАСЫ

– Салтанат қақпасын талқандады деп естідік, ол не нәрсе еді?

– Оны мектептен білеміз, ұзақ жылдар тарих оқулықтарының сыртқы мұқабасына суреті салынатын. Парфенон, Лаокоон мүсіндері сияқты антикалық өркениеттің бір белгісі еді. Қазіргі еуропалық өркениет шапағы деуге болатын. Соның бәрі енді талқандалып жатыр.

Санкт-Петербургтегі Жоғары экономика мектебінің шығыстану және африкатану департаментінің жетекшісі Евгений Зельнев те осы пікірге қосылады.

– Жалғыз Пальмира ғана емес, үлкен аумаққа зиян келтірді. Маалюль деп аталатын христиан қаласы бар, оның тұрғындарының көбі арамей тілінде сөйлейтін. Одан үйінділер қалды. Нимруд, Ниневия, Хатраны талқандады.

Пальмирдағы Салтанат қақпасы. Наурыз, 2014 жыл.

Пальмирдағы Салтанат қақпасы. Наурыз, 2014 жыл.

Олардың әрекетінде еш қисын жоқ, бұлар шумер-вавилон мәдениетінің, христиан және антикалық мәдениеттің ескерткіштері еді. Материалдық ескерткіштердің үлкен бөлігінен айрылып отырмыз, - дейді Зелнев.

Пальмира – шөл даладағы сағым сияқты ерекше әдемі қала. Оны қиратушылар өз жағдайының үмітсіздігін білетін шығар. Немесе бұны Геростраттың кебімен түсіндіруге болар».

– Бірақ осының бәрі тоналған артефактілерді сатуға кедергі болмады...

ИМ жақында Меккедегі қасиетті орындарды да талқандаймыз деген жоспар құрыпты.

– Дұрыс айтасыз. Исламда ислам дініне дейінгі кезең бар, оны теріс жағынан таниды. Бірақ христиан ескерткіштері мен қасиетті орындарын қиратуды қазіргі ислам тұрғысынан түсіндіре алмайсыз. ИМ – мұсылман әлеміне де үрей төндіреді, жақында олар Меккедегі қасиетті орындарды да талқандаймыз деген жоспар құрыпты. Қағбаны дінсіздердің жұрнағы деп жариялаған. Олар үшін ешқандай заң, мораль жоқ.

Шындығында, біз бастапқы мәдениеттің бір бөлігінен айрылдық, себебі жазылған дүниеге күмән келтірсең де, материалдық ескерткіш нақты дәлел еді. Бұл ескерткіш тарихтың ойдан шығарылған дүние емес екенін көрсететін.

«БҰЛАР МҰСЫЛМАНДАР ЕМЕС, ЖАБАЙЫ ВАРВАРЛАР»

Санкт-Петербург университеті шығыс факультетінің профессоры, этнограф Михаил Родионов өзінің Пальмирада болған кезеңін – өмірінің ең бір жарқын әсерге толы сәтіне жатқызады.

Санкт-Петербургтегі сарай алаңы мен бас штаб қақпасы.

Санкт-Петербургтегі сарай алаңы мен бас штаб қақпасы.

– Санкт-Петербургтегі бас штаб арқасымен салыстыратын Салтанат қақпасын жарғандарын естігенде ашудан есеңгіреп кеттім. Еуропалық саяхатшылар шөл далада Пальмираны тапқанда үлкен мейрам болған еді. Оны барып бәрі көретін, тамсанатын. Біздің отандасымыз Семен Абамелек-Лазарев тамаша очерк жазып, «бағаналар тоғайы» деген сәтті теңеу жасады. Сол жердің жаңа варварлардың қолына түскені өкінішті.

Ислам тануға кіріспе кезінде мен студенттерге Алла соның бәрін салған халықтарды жазалады, бірақ бізге өнеге ретінде оларды қалдырды дейтінмін. Ескерткіштерді қиратушылар варвар ғана емес, жаман мұсылмандар, себебі Алла оларды жоюды талап етпейді.

Ол жерде көптеген барельефтер бар, қазір оны қара базарда сатып жүр, кейбір оңбағандар қайдан алынғанын біле тұра, сатып алады.

Пальмира бізге осындай күйінде жеткен жоқ, оның жартысын құм басқан еді, оны тазалап, әр кірпішін орнына қоюға көп еңбек жасалды. Бағаналар құлап жатқан, сол кездегі бедуиндер одан қорғасын қаданы алып, оқ жасамақ болды. Ол жерде көптеген барельефтер бар, қазір оны қара базарда сатып жүр, кейбір оңбағандар қайдан алынғанын біле тұра, сатып алады.

Ол жерде аты аталмайтын құдайға арналған ғибадатхана бар еді – оны дара құдайға табынудың бастамасы деп қарауға болар – демек, олар өз тарихына, сеніміне қол жұмсады.

Бұған бірдеңе жасау керек, бірақ не істеуге болатынын мен білмеймін. Әлемнің ықпалды тұлғаларына бір амал қолдансаңдаршы деп өтініш айту да діңкелетті. Ол жерде менің ең сүйікті амфитеатрлардың бірі бар, соның аренасында алғаш рет хамелеонды көріп, «антикалық әлемнің соңғы қуақысы» деп жазған едім. Менің қасымдағы адам оның үстіне араб тілінде жазылған газетті қойып еді, хамелон газет түсіне ене бастады, тіпті тақырыбына дейін келтірді, біреу айтса сенбес едім. Бұл Пальмираның ғимараттарына қатысы жоқ дерсіз, менің ойымша, тікелей қатысы бар.

(Татьяна Вольтскаяның мақаласын орысшадан аударған – Динара Әлімжан.)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG