Accessibility links

ИМ видеосындағы «Ресей тыңшысы» Қадыровтан көмек сұраған


«Ислам мемлекеті» экстремистік тобы видеосында «Ресей тыңшысы» деп көрсеткен Магомед Хасиев.

«Ислам мемлекеті» экстремистік тобы видеосында «Ресей тыңшысы» деп көрсеткен Магомед Хасиев.

«Ислам мемлекеті» экстремистік тобы «Ресей тыңшысын» өлтіргені туралы видео жариялады. Ресей билігі видео жайлы түсінік берген жоқ. Азаттық тілшісі әлгі адамның кім екенін анықтауға тырысты.

«Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік тобының содырлары «Ресей тыңшысының» басын алғанын жариялады деп хабарлады исламшыл сайттарға мониторинг жүргізетін SITE тобы.

Желтоқсанның 2-і күні интернетте жарияланған видеода үстіне қызғылт-сары түсті комбинезон киген ер адамды өлтіру сәті көрсетілген. Содырлар оның 2014 жылдан бері Сирия мен Иракта «Ресей барлауына тыңшылық еткенін» айтады.

SITE тобының дерегі бойынша, видео Сирияның солтүстігіндегі ИМ содырлары орталығы – Ракка провинциясында түсірілген. Бейнежазба жайлы Reuters агенттігіне хабарлаған адам видеоның шынайылығын әзірше растай алмаған.

Ресей билігі бұл видеоға қатысты әзірше түсінік берген жоқ.

РЕСЕЙДЕ ТУЫП-ӨСКЕН ЖЕТІМ ЖІГІТ

«Ислам мемлекеті» экстремистік тобы жаңа видеоролигінде өлімге кесіліп, «жазасы» қалай орындағаны көрсетілген - ресейлік азамат Магомед Хасиев шынымен Ресейде туып-өскен деп жазады Азаттықтың Орыс қызметінің тілшісі Антон Наумлюк.

«ВКонтакте» әлеуметтік желісіндегі Магомед Хасиевтің профиліндегі сурет.

«ВКонтакте» әлеуметтік желісіндегі Магомед Хасиевтің профиліндегі сурет.

Ол ашық дереккөздердегі фактілер мен ИМ видеосында Хасиевтің өзі хабарлаған ақпаратты салыстыра отырып, бұл жігітті 2014 жылдың шілдесінде Ресей федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) «есірткі тасымалдаған» деген күдікпен тұтқындап, кейін «ИМ тобы жағында соғысып жүрген ресейліктер жайлы ақпар жинап, бізге хабарласаң, бостандыққа шығарамыз» деген уәдемен оны Сирияға жіберген болуы ықтимал деген байлам жасайды.

«Терроризмге көмектесті» деген айыппен 1 желтоқсанда 5-7 жылға сотталған Ставрополь мемлекеттік медицина академиясының студенттері жайлы ақпар – оның ФСБ-ға хабарлаған соңғы ақпараты болуы мүмкін деп жазады Антон Наумлюк.

Хасиевтің видеожазбада айтуынша, ол Майкопта оқыған, Грозный қаласының Старопромысловский ауданындағы Библиотечная көшесінде тұрған. Азаттық тілшісі «ВКонтакте» әлеуметтік желісінен тапқан Хасиевтің профилінде жарияланған фотосуреттердің біріндегі жігіт пен видеодағы кісінің бір адам екені анық. Рамзан Қадыровтан көмек сұраған Хасиевтің комментарийін Шешенстан басшысы инстаграм желісіндегі аккаунтында 2013 жылы жариялаған жазбалардың бірінен табуға болады:

Шешенстан басшысы 2013 жылы жариялаған Инстаграмм әлеуметтік желісіндегі жазбалардың бірінде Рамзан Қадыровтан көмек сұраған Магомед Хасиевтың өтініші.

Шешенстан басшысы 2013 жылы жариялаған Инстаграмм әлеуметтік желісіндегі жазбалардың бірінде Рамзан Қадыровтан көмек сұраған Магомед Хасиевтың өтініші.

Видеожазбада Магомед Хасиев өзін ИМ тобына Түркия арқылы жібергенін, ол жақтан Сирияға аттануды жоспарлап жүргендер мен Сирияда соғысып жүрген Грозный мен Майкоп тұрғындары жайлы ақпаратты байланысшы арқылы ФСБ қызметкерлеріне хабарлап тұрғанын айтады.

Оның соңғы берген ақпараты медициналық университеттің әлдебір студенті жайлы болғанға ұқсайды. Ол – 2014 жылдың қарашасында тұтқындалып, екі күн бұрын, яғни желтоқсанның 1-інде сотталған Ставрополь мемлекеттік медицина академиясы студенттері Сұлтан Яхьев пен Магомед Алиевтің тобына қатысты дерек болуы мүмкін.

Азаттық тілшісінің пайымдауынша, егер бұл Магомед Хасиев жолдаған соңғы ақпарат болса, оның ИМ тобындағы тыңшылық әрекеті көпке дейін әшкере болмаған, бірақ ол байланысқа шықпаған немесе ештеңе хабарламаған. Ақыр соңында оны әшкерелеген болуы ықтимал.

Видеоролик соңында Магомед Хасиевті жазалау рәсімінің басы көрсетілген, ал қолына пышақ ұстаған әрі орысша сөйлеген адам ресейліктерге жаңа шабуылдар жасалатынын айтып доқ көрсетеді және әйелдерді Хасиевтің «кебін құшпас үшін балаларына ие болуға» шақырады.

ИМ биыл қаңтарда да «Ресей тыңшысы» деп сипатталған екі адамды өлтіргені туралы видеоны әлеуметтік желіде жариялаған. Ол видеода келбеті Орталық Азия елдерінің өкіліне ұқсайтын жасөспірім ұл баланың ИМ айыптаған екеуді ересек адамның нұсқауымен тапаншадан атқан сәті көрсетілген.

(Азаттықтың Орыс қызметінің материалы негізінде әзірленді.)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG