Accessibility links

ИМ жаңадан қосылатындарға нұсқаулық шығарды


ИМ экстремистік тобы жауынгерлері Мосулда балмұздақ жеп отыр.

ИМ экстремистік тобы жауынгерлері Мосулда балмұздақ жеп отыр.

Ол үйінен қашып, Түркия арқылы Сирияға кетеді. «Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымының де-факто астанасы Раккаға жетеді. Бұдан ары ол адамды не күтіп тұр?

Жақында осы сұраққа жауап беретін нұсқаулық кітапша ағылшын және орыс тілдерінде жарық көрді.

ОРЫСША НҰСҚАУЛЫҚ

«ВКонтакте» сайтына орыс тіліндегі нұсқаулықты дағыстандық жауынгер Мухаммад Абу Баруд ад-Дагестани жазған. Ол Сирияға жеткен бетте ерлер мен әйелдердің екіге бөлінетінін ескерткен. «Ерлер оң жаққа, әйелдер сол жаққа кетеді. Мұны біз ойдан шығармадық, шариғат соны талап етеді» дейді Абу Баруд.

Жаңадан келгендер жаттығу лагеріне аттанады, ол жерде ұялы байланыс телефондарын, дәрі-дәрмек пен басқа да электронды құрылғыларын тапсырады.

Абу Баруд ұялы телефоннан ажырау жаңадан келгендердің көбіне ауыр тиетінін мойындайды. Ол «Сондықтан, өздерін еркін ұстап, басқалармен біте қайнасып кетуге үйренсін. Ұялы телефоннан алшақтап, оны бір-екі ай пайдаланбау бәріне пайдалы. 21-ғасырдың індетіне айналған заттан құтылып, уақытты Құран оқуға арнау керек» дейді.

«Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік ұйымына жаңадан қосылғандар бүкіл әлемнен келген басқа адамдармен бірге тұрады, сол себепті түсінбеушілік, ерегес тууы мүмкін» деп ескертеді ол. «Француз, вьетнам, голланд, сенегал, түрік, судан, тіпті Кариб аралынан келген бауырлар да бар. ТМД мен Кавказ елдерінен келген диаспоралар тіпті көп... Біз бір-бірімізбен тату болуға тиіспіз» деп жазады Абу Баруд.

Оның пікірінше, Сирияға әйелдерін ертіп келетін ер адамдар «әйелдердің жүйкесі жылдам сыр беретінін» ескеруі тиіс. Ер адамдар әскери дайындықтан өтіп жатқанда, күні бойы әйелдер корпусында отырған жұбайлары «ұрыс-керіс, жылап-сықтаумен уақыт өткізеді» дейді ол.

Сондықтан Абу Баруд «ер адамдар негізгі дайындықтан өтіп болғанша әйелдерін Түркияға тастасын, әскери батальонға орналасқан соң оларды түрік шекарасынан алып қайтады» деп ескертеді. Оның айтуынша, «ер адам әйелін дінсіздер жерінде қалдыруға тиіс емес».

АҒЫЛШЫН НҰСҚАСЫ

Ағылшын тіліндегі ИМ нұсқаулығы 100 беттен тұрады. Орысшаға қарағанда оның парағы көбірек, бос сөзі аз. Абу Барудтің жазбасымен салыстырғанда, мұнда Сирияға келетін жаңа жауынгерлерге қажетті дүниелерді толығырақ баяндайды.

Нұсқаулыққа қарағанда, жаңадан келгендер бірден оқу-жаттығу лагерлеріне барады, сол жерде қару ұстауды, атысуды, «қиын кедергілерден» өтуді меңгереді. Жаттығуларда «өлтіру әдісі, химиялық соғыс, электрониканы пайдалану, тергеуде жауап беру, жеке куәлікті тығу, т.б.» тәсілдері қамтылған.

Ирак әскерилері ИМ жазалаған Ирак жауынгерлерінің мәйіттері мен қару-жарақтарына қарап тұр. Тикрит, 8 сәуір 2015 жыл.

Ирак әскерилері ИМ жазалаған Ирак жауынгерлерінің мәйіттері мен қару-жарақтарына қарап тұр. Тикрит, 8 сәуір 2015 жыл.

Шын мәнінде, ИМ лагері үйкүшіктерге арналмаған жер сияқты. Жаттығу лагеріне келгендер күніне 17 сағат дайындалады. Таңғы сағат беске дейін тұрып, таң намазын оқыған соң, бір сағат Құран оқиды, сосын жаттығуға шығады.

Күні бойы құлшылық жасау, қарумен жаттығу және діни сабақтар болады. Түнгі онда ұйқыға жатады. Негізгі жаттығудан өткендер «марапатқа» ие болады, яғни майданға аттанады. Нұсқаулықта баяндалғандай «жанкешті болудан үміттілер сабырлы болуға тиіс». «Олар кезегін күту тізіміне тіркеледі».

Бұл жазбада «ИМ жауынгері болу деген әркез соғысу дегенді білдірмейтіні» айтылған. Нұсқаулыққа сәйкес, демалыс күндері әскерилер «қалыпты өмір сүреді». Негізгі жаттығудан өткендерге ақша беріледі, олар оны өз қалауларынша жұмсайды. Жаңа әскерилер «көбірек қару, өзін-өзі жару белдігін сатып алуға құқылы немесе сауда орталығынан балмұздақ алып жеймін десе де еркі».

«ҚАРУДЫ КӨШЕДЕН САТЫП АЛАСЫҢ...»

ИМ-ге жаңадан қосылатындарға арналған «жадынамаға» қарағанда, ИМ бақылауындағы «Сирия қару-жараққа құмарлар үшін таптырмайтын мекен». «Көптеген отбасыларда автоматты қару-жарақтың түр-түрі бар... Бейшара америкалықтардың еркінбіз дегендері - далбаса!» деп жазады автор.

Ирактағы босқын балалар гуманитарлық көмекпен келген тәтті тағамдарды алып жатыр. Олардың ата-аналары ИМ жаулап алған аудандардан қашып шыққан. Захо босқындар лагері, 10 желтоқсан 2014 жыл.

Ирактағы босқын балалар гуманитарлық көмекпен келген тәтті тағамдарды алып жатыр. Олардың ата-аналары ИМ жаулап алған аудандардан қашып шыққан. Захо босқындар лагері, 10 желтоқсан 2014 жыл.

Ол «ИМ-де гранатаны көшеден сатып аласың» деп мақтанады. «Адам солай өмір сүруге тиіс». Одан бөлек жаңа жауынгерлерге ИМ АК-47 тапаншасын береді. Экстремистік ұйымға қосылғысы келетіндерді ИМ қарудан бөлек, тегін тамақпен де қызықтырады.

«Адамдар ал-Ракка мейрамханасына барып, күніне үш рет тегін тамақ ішеді» деп жазады автор. «Капиталистік Батыс елдерінен айырмасы, ИМ-де («Ислам мемлекетінде» тұратындар- - ред.) тұратындар тегін электр қуаты және сумен қамтамасыз етілген (газды дүкеннен сатып аласыз), емдеу мен дәрі-дәрмек те тегін». Нұсқаулықта мемлекеттік қызмет пен коммуналдық қызметті ИМ-нің қалай қаржыландыратыны айтылмаған.

ИМ қатыгез жазалаушы ретінде танылған. Нұсқаулық авторы оны жоққа шығармайды. «Адам өлтіру, ұрлық, зинақорлық, жемқорлық қылмыстарын ИМ қатаң жазалайды. Алкоголь ішкен адамға 80 дүре соғылады, ұрлық жасаса қолын кеседі, жұбайына опасыздық жасаса таспен атқылайды». Нұсқаулық соңында автор «Сен енді ИМ армиясының жауынгерісің» дейді.

Йоанна Паражчуктың мақаласын ағылшыннан аударған – Динара Әлімжан.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG