Accessibility links

«ИМ Орталық Азияға қызықпайды»


Өзін Сирияда жүрген тәжік "жиһадшысы" ретінде таныстырған Абу Умарионның видеосынан алынған скриншот.

Өзін Сирияда жүрген тәжік "жиһадшысы" ретінде таныстырған Абу Умарионның видеосынан алынған скриншот.

«Ислам мемлекеті» (ИМ) содырлар ұйымы дәл қазір Орталық Азия елдеріне кіруді көздеп отырған жоқ. Польшадағы халықаралық істер жөніндегі институттың (PISM) баяндамасында осындай пікір айтылған.

ИМ постсоветтік бес мемлекет – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстанға, яғни ОА елдеріне «аумақтық басқыншылық жасау тұрғысында аса мән беріп отырған жоқ» дейді баяндама авторлары.

ИМ 2014 жылдың қыркүйегінде Өзбекстанның ислам қозғалысы (ӨИҚ) мүшелерінің адал болуға берген антын елеусіз қалдырды. «ИМ-нің үгіт-насихат материалдарында орталықазиялықтар салыстырмалы түрде аз аталған» дейді PISM.

PISM «ИМ Орталық Азия елдеріне назар аударып отыр немесе оған қауіп төндіреді» деген мәлімдемелер мен сараптамаларды құптамайды. ОА үкіметтері ИМ тарапынан төнетін қауіп мәселесін жиі көтереді, әсіресе осы жылдың басында содырлар тобының Ауғанстанға ерекше көңіл аударғанын айтады. Ал Ауғанстан ОА-ның бес мемлекетінің үшеуімен шектеседі.

Орталық Азияға «ИМ төндіретін қатер» туралы ақпараттар асыра айтылған ба және экстремистік топ аймаққа қаншалықты қауіп төндіріп тұр?

«ХОРАСАН УӘЛАЯТЫ»

PISM есебінде ИМ-нің Пәкістан мен Ауғанстандағы «провинциясы» «Хорасан уәлаятын» құрғаны жайлы мәлімдегені жазылған. Ауғанстан Тәжікстан, Өзбекстан, Түркіменстанмен шектеседі.

Тәжік үкіметі бұған қатты алаңдады, өткен аптада ел президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Шерәлі Хайруллоев қауіптің күшейгенін ескертті.

Сириядағы "қазақ жиһадшылар" деп жарияланған видеодан алынған скриншот.

Сириядағы "қазақ жиһадшылар" деп жарияланған видеодан алынған скриншот.

Бірақ PISM «ИМ жоспарын кең ауқымда алып қарасақ, ол Сауд Арабиясы, Египет, Ирак, Сирия, Ливия, Алжир, Тунис және басқа да Батыс және Еуропа елдерін стратегиялық және геосаяси маңызы зор аймақ деп қарастырады, «Хорасан уәлаятына» дәл мұндай көңіл бөліп отырған жоқ» дейді.

ИМ үшін «Хорасан уәлаятының» қаншалықты маңызды екені және топтың Тәжікстанға таралу жоспары бар-жоғы белгісіз. Дегенмен кейбір сарапшылар «олардың Ауғанстанға бекінгенінің өзі аймақты алаңдатады» дейді.

«Халықаралық дағдарыс тобының» Орталық Азия бойынша директоры Дейрдре Тайнан «Егер ИМ Ауғанстанға берік орнықса, Орталық Азия елдерінің алаңдаушылығы күшейеді. Бұдан соң ОА мемлекеттері, әсіресе, Өзбекстан мен Тәжікстан бірден әрекетке көшеді, солайша өзі шатқаяқтап тұрған әлсіз мемлекеттердің қауіпсіздігі мен тұрақтылығына қауіп төнеді» дейді.

Ал «ИМ ел ішіндегі қауіпсіздікке үлкен қатер төндіреді» деп мазасызданатын Ресей «бұл ұйымның Ауғанстандағы тобымен Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) арқылы күресуге болады» деп есептейді. Мәскеу жетекшілік ететін ҰҚШҰ-ға Тәжікстан, Ресей, Армения, Беларусь, Қазақстан және Қырғызстан кіреді.

ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҒЫ АЗ БА?

Ауғанстанды былай қойғанда, Орталық Азия мемлекеттерінің өз ішінде ИМ өкілдері бар ма? PISM баяндамасына сенсек, ИМ ОА елдеріне қазір қызығып отырған жоқ.

Батыс Еуропа және араб елдерінен ИМ-ге қосылған содырлар мен орталықазиялық «жиһадшылар» санын салыстыра келе, осындай қорытынды жасалған. Баяндама авторлары «таңғаларлығы - Еуропаның кейбір алдыңғы қатарлы елдері, мысалы Бельгия мен Франциядан ИМ-ге қосылған азаматтар көп» дейді.

Өзін қазақстандық "Артем Авдеев" ретінде таныстырған ИМ содыры жариялаған сурет. Ол қасында отырған балаларды "халифат перзенттері" деп атайды.

Өзін қазақстандық "Артем Авдеев" ретінде таныстырған ИМ содыры жариялаған сурет. Ол қасында отырған балаларды "халифат перзенттері" деп атайды.

Бұл қайран қаларлық жаңалық болды. Бірақ бір атап өтерлігі - ИМ-ге қосылу үшін Сирия мен Иракқа кеткен Орталық Азия тұрғындарының санын дәл атау мүмкін емес. Бұл елдердің қауіпсіздік қызметі мен саясаткерлері атаған сандар арасында айырмашылық көп.

Кейбір ОА елдерінің билігі өз азаматтарының Сирияға кеткенінен қатты тіксініп отыр. Мысалы, Қырғызстан қауіпсіздік қызметкерлері «ИМ құрамына қосылған Қырғызстан азаматтарының көбі – этникалық өзбектер» дейді.

ӘСІРЕДІНШІЛДІККЕ ҰРЫНУ

Баяндама авторларының бірі Каспер Рекавек Азаттыққа «кедейлік пен саяси қысым терроризмге бастайды» деген қағиданың ескіргенін айтты. Баяндамада Сирия мен Ирактағы ИМ сапына қосылуға аттанған орталықазиялықтардың барлығы бірдей кедейліктен қиналған жандар емес екені ескертіледі.

Бірақ әлеуметтік оқшаулану мен діни сауаттың аздығы тәрізді себептер маңызын жойған жоқ. Басқа сарапшылар да бұған қосыла отырып, өз болжамдарын ұсынады.

Сириядағы тәжік әскерилерін бақылап отырған Эксетер университетінің сарапшысы Эдуард Лемон Азаттыққа «кедейлік, маргиналдану және сауатсыздық радикалдануға ықпал етеді, оған қоса Тәжікстандағы ислам дініне жасалатын қысымның да әсері бар» дейді.

«ИМ өкілдері жариялаған видеоларда бауырластық идеясы, ол жақта «шынайы ислам» қағидалары сақталатыны көп айтылады. Тәжіктердің осындай бейне көріністерді көп қарайтынын байқадық» дейді ол.

ОТАНЫНА ҚАУІП ТӨНДІРЕ МЕ?

Тәжікстанның ИМ сапына қосылды деген командирі Гулмурод Халимовтың видеосынан алынған скриншот.

Тәжікстанның ИМ сапына қосылды деген командирі Гулмурод Халимовтың видеосынан алынған скриншот.

PISM жазуынша, ИМ аумағын Орталық Азияға қарай кеңейтуді басты мақсат етпесе де, ол жақта соғысып жүрген ОА өкілдері «үйлеріне оралып, «жиһадшылар» ретінде әрекет етуі мүмкін». «Азаматтық еркіндікке шектеу қойғысы келетін репрессиялық режимдер осыны пайдаланады» дейді олар.

Расымен де Сирия мен Иракқа кеткен ОА содырлары отанына қауіпті ме? Әлбетте, Орталық Азия қауіпсіздік қызметкерлері еліне оралғандарға күмәнмен қарайды. Бірақ кейбір зерттеулер қауіптің олар күткендей деңгейде емес екенін айтады. Лемонның пікірінше, «тәжіктердің көбі еліне қайтуға құлықты емес».

Олардың біразы соғыста қаза тапқан. Лемон «Ислам мемлекеті ұйымына қосылған тәжіктер сол жаққа орнықты, енді олардың жуық арада еліне тобымен оралуы екіталай» дейді. Тәжік әскерилері ИМ басшысы Әбу Бакр әл-Бағдадиден Тәжікстанға оралып, сол жақта соғысуды сұраған кезде, өтініштері қабылданбаған еді.

Йоанна Паражчуктің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG