Accessibility links

ИМ орыс тілінде Android қосымшасын шығарды


ИМ-нің орыс тіліндегі Android қосымшасының басты бетінде «Кавказ уәлаяты» (Вилаят Кавказ) деген жазу бар.

ИМ-нің орыс тіліндегі Android қосымшасының басты бетінде «Кавказ уәлаяты» (Вилаят Кавказ) деген жазу бар.

«Ислам мемлекеті» экстремистік тобының орыс тілді содырлары Google-дің әйгілі Android платформасына арнап үгіт-насихат қосымшасын жасап шығарды.

«Кавказ» деп аталатын Android қосымшаға Google Play Store арқылы қосылу мүмкін емес. Тамыздың 18-і күні жаңа қосымшаның archive.org сияқты сайттар арқылы жүктелетіні белгілі болды.

АҚШ-тың бұл цифрлық мұрағатын «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік ұйымы содырлары видеоларын жариялау үшін жиі пайдаланады. Олар сілтемелерді «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде Sahihmedia парақшасы арқылы таратты.

Android қосымша орыс тіліндегі ИМ насихатының бірнеше түрін ұсынады. Біріншісі – күн сайынғы ИМ «жаңалықтары». Онда ИМ ұйымы басып алған Сирия мен Ирак аймақтарында болған оқиғалар жайлы баяндалады.

Тамыздың 18-і күнгі жаңалықтар тізбегі Сирияның Алеппо провинциясы мен Ирактың Анбар және Салахуддин провинцияларындағы ИМ мен басқа топтар арасындағы қақтығыстар жайында хабарлаған.

«Кавказ» қосымшасы Sahihmedia сайтындағы кейбір материалдарды қайталайды және Әбу Бакр әл-Бағдади тәрізді ИМ жетекшілерінің видеоларын орысша субтитрмен берген.

Қосымшаны Сирия мен Ирактағы ИМ содырлары емес, Солтүстік Кавказдағы ИМ жақтастары жасап шығарса керек.

Қосымшаны шығарған адамдар өздерінің «ИМ-нің орыс тіліндегі ресми басылымы деп жарияланған Furat Media емес, жаңадан құрылған Sahihmedia сайтының тобынан екенін» жариялады.

Қосымшаның басты бетінде «Кавказ уәлаяты» (Вилаят Кавказ) деген жазу бар, ИМ экстремистік тобы Ресей Федерациясының ешбір аумағына басып кірмесе де, «Солтүстік Кавказдағы провинцияларына» осындай атау берген.

«Кавказ» қосымшасы мен Sahihmedia сайты Furat Media-ның кейбір материалдарын қолданса да, жаңа қосымшаның мақсаты ИМ үгіт-насихатын Солтүстік Кавказдағы жақтастарына тарату екені байқалады.

«Кавказ» қосымшасы аса бір күрделі емес, оны Android смартфоны немесе планшеті бар кез келген адам жүктеп, қолдана алады. Сондықтан ИМ жақтастарына содырлар тобына қатысты жаңалықтар мен видеоларды көріп, сақтау оңайға түседі.

Үгіт-насихаттарын осындай жолмен таратқан Солтүстік Кавказдағы ИМ жақтастары «ВКонтакте» тәрізді әлеуметтік желілердің тыйымдарын айналып өтетін болады. Ресей қауіпсіздік қызметі «ВКонтакте» желісін үнемі бақылап, экстремистік топ парақшаларына тыйым салып келген еді. Бұл қосымша ИМ аумағында жүрген орыстілді содырлар үшін де пайдалы, солайша олар өздері жүрген аймақтан тыс жердегі қақтығыстар туралы хабардар болып отырады.

Әлеуметтік желілер ИМ-нің үгіт-насихат парақшаларын жапқанымен, экстремистік топ өзінің қатыгез идеологиясын таратуға мүмкіндік беретін қосымшалар шығара бастады. Android арқылы қосымшалар жасау қиындық тудырмайды, ал AppGeyser сияқты сайттар пайдаланушылардың қосымша жасап, өңдеуіне мүмкіндік береді, ол үшін арнайы құпия сөзді білу де қажет емес.

Енді ИМ насихатшылары мұндай қосымшаларын әлеуметтік желілердегі бұрынғы арналары арқылы да тарата алады. «Кавказ» қосымшасы ИМ-нің алғашқы Android-өнімі емес, бірақ мұндай қосымша орыс тілінде алғаш рет жасалып отыр.

Осы айдың басында ИМ жақтастары Android қосымшасына сілтеме жариялап, «ол пайдаланушылардың ИМ хабарлары мен материалдарын көруіне мүмкіндік береді» деп мәлімдеді. «Raqqa Is Being Slaughtered Silently» атты ИМ-ге қарсы топтың негізін қалаушы Әбу Ибрагим Раккауи тамыздың 3-і күні Twitter парақшасына қосымшаның негізгі экранының суретін жариялады.

Йоанна Паражчуктің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG