Accessibility links

Музыка және ислам: Кэт Стивенстің әсері


Түрік дәруіштерінің биі. Стамбул, 11 тамыз 2007 жыл.

Түрік дәруіштерінің биі. Стамбул, 11 тамыз 2007 жыл.

Мұсылман елдерінде көптеген әншілер сахнадан кетіп, ислам қағидаларын қатаң сақтауға көшіп жатыр. Музыканттардың мансабындағы мұндай елеулі өзгерістер исламның музыкаға көзқарасы қандай деген мәселе бойынша ойлануға мәжбүр етеді.

Поп стилінде ән салатын Меһрибон Раушан атты 30 жасар тәжік әншісін «Тәжікстанның Кэт Стивенсі» деп атайды. Оның «Аз мани» («Сен мендіксің») деген әні – тәжіктің танымал әндерінің бірі. Алайда мұсылмандық өмір-салтына бет бұрғалы Меһрибан Раушанның әншілік мәнері де өзгеріп, негізінен діни сарындағы әндерді ғана шырқайтын болды.

Мұндай жағдайлар бұрын да болған: британдық танымал әнші әрі композитор Кэт Стивенс 1970 жылдардың соңында ислам дінін қабылдап, сахнадан кеткен болатын.

ИСЛАМДАҒЫ МУЗЫКА ТУРАЛЫ ПІКІРТАЛАС

Меһрибан Раушанның мысалы мұсылмандардың арасында ілгеріден келе жатқан музыка мен шариғат туралы дау-дамайға тағы да тұздық болды. Музыка туралы бұл пікірталас – исламның музыкаға қатысы туралы сан алуан көзқарастардың бір бөлігі ғана.

Музыканттарды қорғау жөніндегі «Фримьюз» халықаралық ұйымының бағдарламалары бойынша менеджері Оле Реитов мұндай алуан түрлі көзқарастар жайында былай дейді:

«Егер бұл мәселені жаһандық тұрғыдан алып қарайтын болсақ, онда музыка мен исламның арасында ешқандай да проблема жоқ деп санайтын өте күшті музыканттар тобы да бар екенін айта кету керек. Сондай-ақ дәл осыған керісінше ойлайтын, сырттай радикал немесе фундаменталист деп аталып жүрген діндарлар да бар. Олар, тіпті, «бұл тақырыпты талқылап әуре болмай-ақ, музыкаға біржола тыйым салған жөн» деп санайды. Дегенмен бәрінен де бұрын «Құранда музыка туралы арнайы айтылған» деушілер көбірек қателесіп отыр».

Ислам дінінің негізгі моральдық (ахлақ) құндылықтарына дақ түсірмейтін музыканы қарапайым мұсылмандардың басым көпшілігі теріс көрмейді. Олар «нийя» қағидатын, яғни адамның «ниетін» бірінші кезекке шығарады. Бұл идеяны қолдаушылар музыканы жоққа шығармайды, бірақ оның адамгершілік, ізгілік шегінен шығып, имандылықтан аттап кетпеуін талап етеді. Олар нәпсі қоздыратын қазіргі заманғы ашық-шашық кейбір поп-музыкаға түбегейлі қарсы.

Ислами музыка мен ислами би – исламдағы мистикалық сопылық дәстүрдің құрамдас бөліктерінің бірі.

Исламның қатаң қағидаларына бой ұрушылар «музыка – қоғамды күнәға жетелейтін күш» деп есептейді. Иордандық аутор Мұхаммед Нәзір әд-дин Әлбенидің 1994 жылы жарық көрген «Тәһрим алата» («Музыка аспаптарына тыйым») деп аталатын кітабы – соның бір мысалы.

Кейбір экстремистер, әсіресе талибандар музыкаға толығымен тыйым салу қажет деп есептейді. Олар тіпті діни әндерді де Құран қош көрмейді деп санайды.

МАРКЕТИНГТІҢ МАҚСАТЫ

Меһрибон Раушан – ислам жолына түскеннен кейін шығармашылық өрісі күрт өзгерген көп музыканттардың бірі. Ислам дінін ұстанатындардың қатары жыл сайын ұлғайып келеді. 1990 жылы бүкіл әлемдегі халықтың 19,9
Тәжік әншісі Меһрибон Раушан. 14 ақпан 2010 жыл.
пайызы мұсылман болса, бүгінде 23,4 пайызға жетіп отыр. Ал 2030 жылы әлемдегі мұсылмандардың үлесі 26,4 пайызға жетеді деген болжам бар.

Ислам әлемінің қасиетті қаласы Меккеге қажылық сапардан кейін поп музыкадан кетуге бел буған тәжік әншісі соңғы рет қоштасу концертін беріп, онан кейін біржола діни әндерге көшпекші.

Алайда тәжік музыкасы жөніндегі маман Махбуб Ганджали «көптеген музыканттар ислами әндерге маркетингтік мақсатта барып жүр» дегенді айтады.

– Біздің әншілер күнделікті тұрмыс-тіршіліктің ыңғайына қарай өзгеріп, кейбірі сол арқылы табыс тауып қалуға да ұмтылады, – дейді ол. – Бұрын қоғамда еңбек миграциясы көп сөз болатын және соның ізінше осы тақырыпты қаузайтын көптеген әндер пайда болды. Қазір тақырып ауаны біршама өзгеріп, Алла мен Мұхаммед пайғамбар сүйікті әңгімелердің өзегіне айналды. Яғни қоғамның діншілдігі күшейді, сондықтан діни әндер де көбейді.

ӘРТІСТЕРДІ ҚОРҒАУ

Тәжікстан әншілері жыл сайын ұлғайып келе жатқан мұсылман аудиториясының қалауын табуға ұмтылып жүрсе, исламды қасаң қағидалар жиынтығына айналдырған күштер бақылайтын елдерде музыканттардың өміріне қатер төнетін кездер де кездеседі.

Мәселен, Пәкістанның әсіре діншілдер ықпалы күрт күшейген кейбір өңірлерінде пуштундар арасында аңызға айналған ғазал мәнерінде ән
Танымал пушту әншісі Гулзар Алам. Пешавар, 1 қаңтар 2003 жыл.
салатын әнші Хәл Мұхаммед Пешавардағы үйіне тығылуға мәжбүр болып отыр. Осыдан үш жыл бұрын бұл қалада телеарнада алғаш рет ән салған Айман Удас өлтірілген болатын.

Пәкістан өнер және мәдениет қоғамының президенті Осман Уласяр «мұндай өңірлердегі әртістерді қорғауға алу керек» деп санайды.

– Қарулы қақтығыстар жүріп жатқан жерлерде әншілерді, жалпы әртістер қауымын қорғау жолында мемлекет саусағының ұшын да қимылдатпай отыр, – дейді Осман Уласяр. – Көптеген әншілер өнерді біржола тастауға мәжбүр болды. Ең тамаша әртістеріміздің бірі Веена Мәлік Үндістанға кетіп қалды, сонда жүріп әлемге танылды. Өз басым дін өнерге қарсы деп ойламаймын. Кейбіреулер оны қара басының қамына пайдаланып жүр. Егер көптеген әртістер шығармашылықпен шұғылдануды доғаратын болса, онда оны – үкіметтің әлсіздігі деп білемін.

АСТЫРТЫН КОНЦЕРТТЕР

Ирандық Боб Дилан ретінде мәлім Мохсен Намджудың Малайзиядағы концерті «ислам діні мен Құранды қорлайды» деген желеумен ең соңғы сәтте рұқсат етілмей қалды. Бірнеше жыл бұрын Иран билігі Мохсен Намджуды «Құран сөздеріне дәстүрлі парсы музыкасын араластырып ән жазды» деп сынаған еді.

Музыканың исламдағы рөлі даулы болып отырған Иран секілді елдер бұл мәселені өз мақсаттарына жету үшін пайдаланып, батыстық стильдегі музыканы түрлі жолдармен тұншықтырып келеді. Алайда көптеген
Ирандық музыкант Мохсен Намджу түсіру тобымен бірге.
сыншылардың айтуына қарағанда, жастарға оппозицияның үгіт-насихатын өткізбеу үшін Иран билігі керек кездері поп-музыканы қос қолдап қолдай кетеді. Мохсен Намджу сияқты көптеген ирандық музыканттар қысым мен қауіп-қатерден қашып, шығармашылықпен еркін шұғылдану үшін елден кетті.

Ал Сауд Арабиясында рок-топтар мен металлистер астыртын концертттер беруге мәжбүр. Бір қызығы, бұл елдің ханзадасы Әл-Уәлид бин Талал – «Ротана» деп аталатын бүкіл араб әлеміндегі ең ірі әуен студиясының иесі.

ІШКІ «МЕННІҢ» ІЗДЕНІСІ

Мұсылмандары көп болғанымен, зайырлы мемлекет болып саналатын елдердегі жағдай – мұнан да күрделі. Таяуда Өзбекстанда батыстық стильдегі музыканы айыптайтын деректі фильм жарық көрді. Бұл деректі фильм жастардың батыстық құндылықтармен әуестенуіне қарсы авторитарлық биліктің сойылын соғуымен танылды.

Оле Реитов Орталық Азия елдерінің көптеген музыканттары қасаң қағидаларға жүгінетін мұсылман көпшіліктің қысымына ғана емес, сонымен қатар саяси қуғындауларға да қарсы күресуге мәжбүр болып отыр деп санайды.

– Түрікменстанда, Өзбекстанда, тіпті Қазақстанда да көптеген әртістер үлкен проблемаларға жолығады. Оның көпшілігі саяси мәні бар жайттар, – дейді Оле Реитов. – Бұл осы өңірде радикалды исламға деген қызығушылықтың үдеп келе жатқанын көрсетеді. Бірақ ол саяси қуғын-сүргіннің арқасында ма, әлде Сауд Арабиясы мен Египеттен келген миссионерлердің арқасында болып жатыр ма – ол жағын анық айту қиын. Менің ойымша, мұның барлығы да адамдардың ішкі «менін» іздеуінен туындайтын секілді.

Адамның ішкі «мені», «кісілік, адамгершілік келбеті», яғни «жақсы мұсылман болу» болу – бүкіл ислам әлемін толғандыратын мәселе.

Бұрын Наполеон деген атпен танылған Мутах Уассин Шабаз Беаль америкалық «Аутлоз» деп аталатын рэп-топтың мүшесі болған еді. Мамыр айында ол да ислам дінін қабылдады, қазір дүние жүзіне саяхат жасап, мұсылман жастармен кездесу өткізіп жүр.

Ол өзінің рэпті не себептен тастап кеткенін: «Музыкант болған соң, тек альбом шығарып қойып, екі қолыңды қусырып отыра алмайсың ғой. Гастрольдерге шығып, белгілі бір жерлерге барып, белгілі бір адамдардың алдында концерт қоюың керек. Ал ислам мұндай өмір салтын міндеттемейді. Ислам тек дұрыс және игілікті іске шақырады», – деп түсіндіреді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG