Accessibility links

Иракта балалар да соғысып жатыр


Көшеде әскери киіммен отырған бала. Ирак, 9 ақпан 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Көшеде әскери киіммен отырған бала. Ирак, 9 ақпан 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

10 жасар Хатем Ирактағы Фаллуджа қаласында «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік ұйымы содырларына қарсы бір жарым жылдан бері соғысып жүргенін айтады.

Хатемнің тайпасы – Альбу Иса аталады. Оның көптеген туыстары ИМ-ге қарсы шығып, қолдарына қару алды. Әкесі мен ағалары соғысқа араласқанда Хатем де олармен бірге ұрысқа кірген. Бірақ оның 10 жастағы бала екенін білгенде таңғаласыз әрі қынжыласыз.

Оның ағасы Ахмед Азаттықтың Ирак қызметіне маусымның 11-і күні «ИМ-мен соғысу үшін Хатем достары мен ойыншықтарын тастады, бар уақыты сабақ пен соғысқа кетіп жатыр» дейді. «Мен және ағаларым оның сабағына көмектесеміз, таңертең мектепке апарып тастаймыз» дейді ол.

Оқудан шыққан Хатем майдан шебіне келеді. Ағасы «Мына жауыздармен екі жылдан бері соғысып жатырмыз. Сол үшін ол ойынын да, достарын да – бәрін ұмытты» дейді.

ОН ЖАСТАҒЫ СОЛДАТТАР

ИМ-нің Иракта балаларды оқу-жаттығудан өткізіп, содырға айналдырғаны баспасөз ақпараттарынан белгілі, тіпті оларды адам жазалау мақсатында қолданған кездерінің видеолары да жарияланды.

ИМ жариялаған "қазақ баланың ФСБ жансыздарын атып, жазалаған" видеосынан алынған скриншот. 2015 жылдың қаңтары.

ИМ жариялаған "қазақ баланың ФСБ жансыздарын атып, жазалаған" видеосынан алынған скриншот. 2015 жылдың қаңтары.

Бірақ соңғы кезде тағы бір көңіл алаңдатарлық құбылыс байқалды - содырларға қарсы соғысып жүрген топтар да балаларды өз қатарларына қосып, жаттықтырып, соғысқа қатыстырып жатыр. БҰҰ дерегі бойынша, Ирак заңы 15-ке толмаған балаларды қарулы күштер қатарына қосуға немесе әскери ұрыстарға араластыруға тыйым салады. Бірақ Хатем сияқты балалардың ұрысқа қатысуына ол ереже кедергі бола алмай тұр.

Ирактағы ИМ-ге қарсы қақтығысқа араласқан балалардың саны белгісіз. БҰҰ 2014 жылдың мамырында биліктің құлықсыздығынан бұл мәселеге қатысты жеткілікті ақпарат ала алмай отырғанын мәлімдеген. Бірақ БҰҰ-ның биыл маусымда жариялаған есебінде сүннит және шиит жасақтары және күрд қарулы топтары арасында 10 жас шамасындағы балалардың бар екені хабарланды.

БҰҰ бас хатшысының баяндамасында «Балалар (арасында қыздар да бар) күрд жасағы «Пешмергамен» бірге соғысып жүрген езидтердің қорғаныс топтары ішінде және Найнаве мен Киркуктегі түркімендер жасағы арасында да, Рамадидегі Ирак қауіпсіздік күштерін қолдайтын сүннит қарулы топтары ішінде де бар» деп жазылған.

БҰҰ баяндамасына қарағанда, бұғанасы қатпаған 10 жасар ұл балаларды Салах ад-Дин провинциясында түркімендердің Амерли қаласындағы шиит жасақтары да соғысқа пайдаланады. БҰҰ өкілдері үкіметке қарайтын шииттік «Хашд әл-Шааби» (Hashd al-Sha'abi) тобының да Бағдад пен Басра қалаларындағы балаларды соғысқа араластырғанын анықтаған. Олардың саны белгісіз.

«ИРАКТЫ ҚОРҒАУ ҮШІН ЖАТТЫҒЫП ЖҮРМІЗ»

2014 жылы Ирактағы шииттер рухани жетекшісі – аятолла Әли әл-Систанидің пәтуасына жауап ретінде құрылған «Хашд әл-Шааби» тобы «100 мыңға жуық еріктіміз бар» деп мәлімдеді. Бұл топтың басшылық комитеті мүшесі Моеин әл-Каземи өткен аптада өздеріне қосылған еріктілердің көбі «студенттер мен жұмысшылар» екенін айтты.

Каземи еріктілердің жас шамасын жасырып қалды. Бірақ мүшелері маусымның 11-і күні Ирактың Азаттық радиосына сұхбат берген Бабиль провинциясындағы «Абна әл-Каррар» атты еріктілер полкі «10 жастағы балаларды қатарына алып жатыр» деген ақпарат бар.

«Абна әл-Каррардың» еріктілері жаз айларында жаттығудан өтіп, шииттердің қасиетті орындарын қорғауға шығады. Бұл жігіттер осы аймақтағы негізгі күштерге айналмақ. Бұнда әртүрлі жастағы оқушылар да бар.

«Қазір онда 10 жас шамасындағы балалардан бастап университет студенттеріне дейінгі аралықта 400-450-ден астам жаттығушы бар» дейді «Абна әл-Каррардың» медиа директоры Лоэй әл-Мусави.

Вабиль провинциясының астанасы Әл-Хилладағы жаңадан келгендерді жаттықтырушы Салем әл-Туфайли Азаттық радиосына «Абна әл-Каррардың» еріктілері жаз айларында жаттығудан өтіп, шииттердің қасиетті орындарын қорғауға шығады. Бұл жігіттер осы аймақтағы негізгі күштерге айналмақ. Бұнда әртүрлі жастағы оқушылар да бар» дейді.

Мусавидің айтуынша, емтихандары біткен соң жаттығу лагерлеріне жергілікті жоғары оқу орындарынан еріктілер келмек. Ирактың Азаттық радиосы «Абна әл-Каррарға» ерікті ретінде қосылған екі баламен сөйлесті.

Балалар жастарын айтпады. Олардың бірі Хусейн Хади «Иракты қорғау үшін жаттығып жатырмыз. Олар бізге жаттығу қаруларын беріп, оны бөлшектеп, қайта жинауды үйретті, дене жаттығуларын жасатты. Осында бес күннен бері Иракты қорғауды үйреніп жатырмыз» дейді.

Ирактағы «Абна әл-Каррар» жаңадан құрылған күш болғанымен, шиит әскерилері соғысқа балаларды бұрыннан пайдаланып келеді.

Мэриленд штатындағы университет зерттеушісі, шиит жасақтары бойынша сарапшы Филипп Смит «Шиит жасақтары бала солдаттарды өз қатарларына алғанына біраз болды» дейді. Жақында жарық көрген зерттеу жұмысында Смит осы құбылыс туралы баяндайды.

"Артем" атты қазақстандық ИМ содыры жариялаған, мылтық ұстап отырған бала. (Көрнекі сурет)

"Артем" атты қазақстандық ИМ содыры жариялаған, мылтық ұстап отырған бала. (Көрнекі сурет)

Ирак туралы блог жүргізетін сарапшы Джоэл Винг Азаттыққа «Хашд әл-Шааби» тобының балаларды соғысқа араластырғанына қарап, адам күшіне мұқтаж екенін байқаймыз» дейді.

Ол «Систанидің пәтуасынан соң мыңдаған адам «Хашд әл-Шааби» тобына қосылды деген ақпарат тараған, бірақ ақы төлемеген соң олардың көбі кетіп қалды. Ересектерге қарағанда балалар тегін соғысуға көбірек ниетті болса керек» дейді.

БҰҒАН НЕ СЕБЕП БОЛДЫ?

Аумағының 80 пайызын ИМ басып алған Анбар провинциясындағы сүннит тайпалар да жауынгерге мұқтаж. Винг «Хашд әл-Шааби» немесе сүннит тайпаларының балаларды соғысқа араластырғанын естігенде таңданбағанын айтады.

«Ирак әскериленген қоғамға айналып барады, тіпті КАҮ (күрд аймақтық үкіметі) мен қақтығыс болмаған бұл елдің оңтүстігі де сондай» дейді ол.

Балаларды соғысқа араластырудың тағы бір себебі – Иракта «халық жасақтарының» көбейіп кеткені болса керек. Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымының Таяу Шығыс бойынша маманы Кристоф Вилькенің айтуынша, «Олардың көптігі соншалық, Бағдад бұл жасақтарды тиімді түрде басқара алмай отыр. Жасақ мүшелері ойына келгенін жасайды, бұйрыққа бағынбайды».

ИМ де, оған қарсы топтар да Ирактағы балаларды әскер қатарына алуды жалғастырып отыр. ИМ-ге қарсы соғыс ұзаққа созылатын тәрізді, сондықтан сүннит тайпалар мен шиит жасақтары жаңа жауынгерлерге әрқашан да мұқтаж болмақ.

БҰҰ Ирактың ұлттық гвардия туралы жаңа заң жобасы қабылданған күннің өзінде де «үкіметшіл жасақтарға қосылған балалардың Ирактың жаңа ұлттық гвардиясы қатарына қабылдануы мүмкін екенін» ескертеді. Наурыздың басында Ирак парламенті орталық үкімет бекіткен ұлттық гвардия туралы жаңа заң жобасын талқылай бастаған еді.

Ирак премьер-министрі Хайдер әл-Абади халықаралық конференцияда балаларды соғысқа қатыстыруды сынап тұр. Бағдад, 15 маусым 2015 жыл.

Ирак премьер-министрі Хайдер әл-Абади халықаралық конференцияда балаларды соғысқа қатыстыруды сынап тұр. Бағдад, 15 маусым 2015 жыл.

ИМ-ге қарсы соғыста қауіпсіздікті нығайтудың құралы болады деген Ирак ұлттық гвардиясы - алдымен провинциялық үкіметке, одан соң премьер-министрге бағынатын мекеме.

Бірақ Ирактың соңғы заң жобасын БҰҰ «алаңдауға тұрарлық» деп бағалап отыр, себебі онда әскер қатарына алынатындардың жасына қатысты күмәнді тұстар бар.

Ирак премьер-министрі Хайдер әл-Абади ИМ-нің балаларды соғысқа пайдаланғанын сынаса да, үкіметшіл күштердің балаларды қатарына қосуына қарсылық білдірген жоқ.

HRW өкілі Кристоф Вильке «Ирак балаларды соғысқа қатыстыру мәселесін қарастыруы тиіс» дейді. Ол Иракты «2008 жылы қабылданған балаларды қарулы қақтығысқа пайдалануға қатысты Бала құқығы туралы конвенцияның факультативтік хаттамасын сақтауға» шақырады.

Факультативтік хаттама балаларды әскери ұрыстарға араластыру, жаттықтыру және пайдалануға тыйым салады. БҰҰ-ның бала құқығы жөніндегі комитеті наурыз айында «Иракта қарулы қақтығыстарға балаларды қатыстыруға қарсы күрес пен кешенді саясаттың жоқтығына алаңдайтынын» мәлімдеген еді.

Йоанна Паражчуктің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG