Accessibility links

«Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік ұйымы «жихад форумы» мүшелерін WhatsApp қосымшасын қолданбауға шақырды. Олардың пікірінше, оны соғыс кезінде пайдалану содырларға қауіпті.

WhatsApp Messenger – мәтін, аудио мен видеоны, суреттерді жылдам таратуға мүмкіндік беретін, смартфондарға арналған қосымша. «Ислам мемлекеті» ұйымының онлайн форумының бір тармағы саналатын Twitter-дегі AlPlatformMedia аккаунты содырларға танымал қосымшадан сақтану керектігін ескертті.

СОДЫРЛАР ҚОЛДАНАТЫН ЖЕЛІЛЕР

ИМ ескертпесінде «JustPasteIt сайты арқылы хабар алмасатын WhatsApp қосымшасы «қарапайым мұсылмандар» арасында дереу дерек алмасуға қолайлы болса да, оны «моджахедтерге қарсы соғыс» кезінде қолдану қауіпті» екені айтылған.

Хабарламаға қарағанда, «WhatsApp АҚШ-тың Ұлттық қауіпсіздік агенттігі (NSA) мен Ұлыбританияның Үкіметтік байланыс орталығының (GCHQ) қолданушыларды аңдуға арналған құралы» екен. ИМ «Ақпарат пен сурет алмасу үшін WhatsApp-ты қолдану қауіпті, дерек алмасуға қауіпсіз қосымшалар тізімі жақында жарияланады» деп жазады.

Бұқаралық ақпарат құралдары ИМ тобының әлеуметтік желілердегі жазбаларына баса назар аударып отыр. ИМ мүшелері WhatsApp сияқты қосымшаларды, SoundCloud тәрізді аудио бөлісу құралы мен Twitter желісіндегі шағын блогтарды пайдаланады.

Тамыз айында Twitter желісі америкалық журналист Джеймс Фоулидің басын алған содырлар видеосы тарап кеткен соң, ИМ-мен байланысы бар көптеген аккаунттарды жауып тастаған еді. ИМ мүшелері Ресейдің «ВКонтакте» әлеуметтік желісіне ауысқан соң бұл желі де осы ұйымның орыс тілді аккаунттары мен Сириядағы әсіредіншіл топтардың басқа да парақшаларын жапты.

ИМ-НІҢ ЖЕЛІДЕГІ ТӘСІЛДЕРІ

«ВКонтакте» желісі тыйым салған соң ИМ әлеуметтік желілерді сақтықпен қолданатын болды. Көптеген топ мүшелері жаңа аккаунтты басқа атпен ашатын болды немесе Ресейдің «Одноклассники» желісі немесе [аздаған бөлігі] Facebook пен Tumblr сияқты желілерге ауысты.

"Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремистік ұйымының YouTube желісіне жариялаған видеосынан алынған скриншот. (ИМ мүшесі ұйымның туын көтеріп тұр)

"Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремистік ұйымының YouTube желісіне жариялаған видеосынан алынған скриншот. (ИМ мүшесі ұйымның туын көтеріп тұр)

ИМ содырларының әлеуметтік желіні қолданудағы бір мақсаты өздері туралы жаңалықты көпшілікке таратып, насихат жасау болса, екінші жағынан содырлар желілерді өзара хабар алмасуға да пайдаланады. Әлеуметтік желілерді әсіресе ИМ-нің орыс тілді мүшелері жақтастар табуға тиімді қолданды.

«ВКонтакте» тыйым салып, олардың байланысқа шығуына кедергі келтірген соң да ИМ-мен байланысы бар аккаунттар мүлде жоғалып кеткен жоқ, керісінше содырлар әлеуметтік желілерде барынша сақ қимылдай бастады. Сириядағы орыс және шешен тілді экстремистер арасында танымал, ИМ мен басқа да бүлікшіл топтарға арналған Zello app қосымшасы – пайдаланушылардың бір-бірімен жеке сөйлесуіне мүмкіндік беретін, смартфонға арналған қосымша.

(Джоанна Паращуктің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

XS
SM
MD
LG