Accessibility links

«Ислам мемлекеті» – тәжік журналистеріне төнген жаңа қатер


«Тәжікстандағы БАҚ еркіндігіне төнген жаңа қатерлер» атты республикалық конференцияға қатысушылар. Душанбе, 2 мамыр 2015 жыл.

«Тәжікстандағы БАҚ еркіндігіне төнген жаңа қатерлер» атты республикалық конференцияға қатысушылар. Душанбе, 2 мамыр 2015 жыл.

Тәжікстан билігінің қысымы мен сот қудалауынан көз ашпай келе тәжік журналистеріне енді «Ислам мемлекеті» тобы тарапынан қатер төнгені айтылды.

Тәжікстандағы кейбір құқық қорғау ұйымдары жетекшілерінің мәлімдеуінше, «Ислам мемлекеті» (ИМ) тобындағы тәжік содырлары елдегі журналистерді қорқытып-үркітуге көшкен. Дүниежүзілік баспасөз еркіндігі күніне орай мамырдың 2-сі күні өткен конференцияда Тәжікстан ұлттық тәуелсіз БАҚ қауымдастығының төрағасы Нұриддин Қаршыбаев «Журналистер «Ислам мемлекеті» тобы жайлы, Сирия мен Ирактағы соғысқа қатысып жатқан тәжік содырлары туралы материалдар дайындаған кезде сақтанып жүруді ұмытпай, қорқыту-үркіту әрекеттері болса бірден билікке хабарлауы тиіс» деп ескерткен.

Бірақ Қаршыбаев ИМ содырлары қанша журналистке қоқан-лоққы жасағанын және бұл жөнінде қанша журналист ресми шағымданғанын айтпады. Мысалы, қаңтар айында Куляб қаласындағы тәуелсіз «Пайк» газетінің бас редакторы Ахмади Иброхимды Сирияда жүрген әрі өзін «Әбу Холиди Кулоби» деп атайтын тәжік содыры Нусрат Назаров телефон арқылы қорқытып, қоқан-лоқы жасаған.

Ахмад Иброхимнің Азаттыққа хабарлауынша, қаңтардың 6-сі күні кешкісін оған белгісіз ер адам телефон соққан. Тәжік журналисінің айтуынша, қоңырау соққан «жихадшы» онымен жеке таныс емес, ол Ахмад Иброхиммен «Пайк» апталық басылымының қызметкері ретінде сөйлескен. Оның айтуынша, әлгі содыр – Куляб қаласының тумасы, ол апталық басылымда «моджахедтерді қаралайтын» мақалалар жарияланып жатқанына наразы. Ахмад Иброхимнің сөзінше, «моджахедтер» туралы мақалаларды жақтырмай телефон соққан Нусрат Назаров «журналистерден кек алуға» уәде еткен.

Журналистің айтуынша, тәжік содыры «Моджахедтерді қаралайтын мақалалар жазуды доғарып, фотосуреттерін де жарияламаңдар. Егер мұндай материалдарды жариялауды тоқтатпасаңдар, Тәжікстандағы адамдарыма мұндай материал жазған журналистерді өлтіріңдер деп тапсырма беремін» деп сес көрсеткен.

«Пайк» газеті – Хатлон облысында сыни материалдар жариялайтын жалғыз тәуелсіз басылым. Құқық органдары телефон қоңырауы Сириядағы жасырын нөмірден түскенін анықтаған. Куляб қаласы қауіпсіздік органы өкілінің хабарлауынша, журналистің шағымына байланысты телефон арқылы қорқыту-үркіту фактісі бойынша тексеру басталған.

Тәжікстан билігінің дерегінше, қазір Сирия мен Иракта кемінде 300 тәжік азаматы соғысып жүр. Бүгінге дейін тәжікстандық 50 содырдың қаза тапқаны туралы хабар тараған. Бұл – Сириядағы тәжік содырларының ақпарат құралдарындағы мақалаларға қатысты тұңғыш рет наразылық танытуы әрі журналистерді қорқытпақшы болған алғашқы әрекеті.

Дүниежүзілік баспасөз еркіндігі күніне арналған «Тәжікстандағы БАҚ еркіндігіне төнген жаңа қатерлер» атты республикалық конференция 2 мамырда Душанбе қаласында өткен.

Осы жиынға БАҚ, мемлекеттік орган, журналистік ұйымдар мен адам құқығын қорғау ұйымдары, халықаралық ұйымдар мен шетел елшіліктерінің өкілдері қатысқан.

Тәжікстандағы ЕҚЫҰ бюросы, халықаралық Олимпур қоры, соғыс және бейбітшілік хабаларын тарату институты өкілдігі, Тәжікстандағы Еуропа одағы делегациясы, Тәжікстандағы Интерньюс Нетуорк филиалының қолдауымен өткен шараны Тәжікстанның ұлттық тәуелсіз БАҚ қауымдастығы, Тәжікстанның БАҚ жөніндегі кеңесі, Тәжікстан журналистер одағы ұйымдастырған.

(Азаттықтың Тәжік қызметінің журналисі Шахлои Гулходжаның мақаласынан аударылды)

XS
SM
MD
LG