Accessibility links

Әлсіреген ИМ тобының қауіптілігі кеміген жоқ


Ирак әскерилері ИМ тобынан қайтарып алған Фаллуджа қаласының солтүстігіндегі елді мекенде жүр. 8 маусым 2016 жыл.
Ирак әскерилері ИМ тобынан қайтарып алған Фаллуджа қаласының солтүстігіндегі елді мекенде жүр. 8 маусым 2016 жыл.

«Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік тобымен күрес аяқталуға жақын деп үміттенгендерге соңғы апталардағы оқиғалар жеңістің ауылы әлі алыс екенін аңғартты. Өткен айда ИМ ойсырай жеңіліп қана қоймай, ірі жеңіске де жетіп, өте көп адамның өмірін қиған терактілер де ұйымдастырды. Бұл оларды жеңу оңайға түспейтінін көрсетеді.

АҚШ бастаған коалиция 2003 жылы Ирактағы операциясын бастаған соң құрылған «Ирактағы әл-Қайда» ұйымы АҚШ-қа қарағанда бірнеше артықшылыққа ие болған еді. Әуелгіде Ауғанстан мен Ирактағы соғыстар жерді өз қолынан шығармауды көксеген қарулы топтармен (Талибан мен Ирак армиясы) дәстүрлі түрдегі күрес сипатында басталған, бірақ кейін аталған аймақтарды АҚШ жетекшілігіндегі коалиция күштері бақылауына алған соң олар бытырап кетті.

Кейін екі елде де соғыс ассиметриялық басқыншылық бүлік формасына ауысып, олармен соғысу тіпті қиындады. «Ирактағы әл-Қайда» ұйымы дәстүрлі соғыс пен ассиметриялық ұрысты қатар жүргізді. Көп ұзамай коалицияның әскери басшылығы жерді жай ғана басып алу жеткіліксіз болатынын, ол жерді неге қорғау қажеттігін түсінетін жергілікті күштердің бақылауына беру керектігін ұқты.

ФАЛЛУДЖАНЫ ҚАЙТАРУ

«Ирактағы әл-Қайда» ұйымы ауылдарды, Фаллуджа сияқты қалаларды басып алып, Ирактың түкпір-түкпірінде жарылыстар ұйымдастырса, ИМ тобы соғыс тактикасының жоғарырақ деңгейін қолданып, бір мезетте үлкен аумақты да жаулап, бүкіл Таяу Шығыс аймағында терактілер ұйымдастырып, тіпті бүкіл әлемде жарылыстар жасауға елді жұмылдыра бастады. ИМ бір өзі әскери күш те, террорлық топ та, партизандық ұйым да, идеология да рөлін атқарады, әрі төрт бағыттың төртеуімен де күресу өте қиын болып шықты.

Соғыс салдарынан үй-жайларын тастап кетуге мәжбүр болған Ирак тұрғындарының балалары Фаллуджаның оңтүстігіндегі босқындар лагерінде. 27 маусым 2016 жыл.
Соғыс салдарынан үй-жайларын тастап кетуге мәжбүр болған Ирак тұрғындарының балалары Фаллуджаның оңтүстігіндегі босқындар лагерінде. 27 маусым 2016 жыл.

Соңғы айларда ИМ тобының әскери қанатын жеңу жеңіл іс сияқты көріне бастаған. ИМ тобы Ирак пен Сириядағы әскери ұрыстарда көп рет жеңіліске ұшырады. IHS сарапшыларының жақында жарияланған зерттеуіне қарағанда, ИМ тобы 2015 жылы жерінің 14 пайызынан, ал биылғы жылдың алты айында тағы 12 пайызынан айырылған. Осы жеңілістерден соң олар дәстүрлі ұрыстағы жеңістерін насихаттаудың орнына шетелде террорлық шабуылдар жасауға көбірек көңіл бөле бастады.

Бұл олардың әлсірегенінің айғағы болғанымен, жараланған аңның аса қауіпті болатынын да ұмытпаған абзал. Оның үстіне, ИМ тобы өзі бақылап отырған аумақтың артықшылығын пайдаланып, маңайына террорды таратып, үрей шақырып отырғанын да ұмытпау керек. Осы динамика жалғасын тауып, оның әскери әлеуеті неғұрлым тезірек әлсірегені жақсы болар еді. 18 айда ИМ тобының басты тірегі – жерінің ширегін басып алу террорлық топты біржола тұқыртудың басы болса керек. Бірақ бұл ИМ тобын әскери тұрғыда түгелімен жою үшін әлі алты жыл соғысу керек деген сөз бе?

Дегенмен, ұрыстың жоспардағыдай жүріп жатпағанын айғақтайтын жайттар бар. Бірнеше ай қоршауға алып, бір ай үздіксіз соғысқаннан кейін ғана Фаллуджаны қайтару мүмкін болды. Алайда Фаллуджа бұрыннан-ақ ИМ тобының ең осал тұсы саналған, олар қаланы тек символдық мәні үшін ғана басып алған болатын.

Atlantic Council сарапшысы Файзал Итани Азаттыққа берген сұхбатында қаланың тез берілуінің себебі – ИМ тобының аймаққа тым кеңінен жайылып кетуінен дейді. Мосул мен ИМ «астанасы», Сириядағы Раққа қаласы үшін ұрыс бұдан анағұрлым ұзақ болатыны анық.

ОДАҚТАСТАР

Сирияның басқа жерінде ИМ-ге қарсы коалиция жеңіліске ұшырап жатыр. Осы аптада ИМ күштері АҚШ-тың террорды жою жолындағы басты одақтасы – «Сирияның қорғаныс жасағына» шабуыл ұйымдастырды. АҚШ пен оның одақтастарының ИМ тобына қарсы «Мүлтіксіз шешім» (OIR) операциясының баспасөз хатшысы, АҚШ армиясының полковнигі Кристофер Гарвердің 6 шілдедегі сөзі оптимистік мазмұнда болды. Оның айтуынша, «Сирияның қорғаныс жасағы» Манбиджде ИМ жасағын талқандап жатыр, ал басқа оппозициялық күштер көпшілік көз алартып отырған «Мара сызығына» жақындап, батысқа қарай жылжып барады.

«Сирияның қорғаныс жасағы» күні кеше ИМ тобының Манбиджден кетіп бара жатқанын хабарлады. Дегенмен, Батыстың қолдауына сүйенген қарулы жасақтар әзірге ИМ тобының бақылауындағы аумаққа дендеп ене алмай, тек Мара сызығы маңында ИМ-ның басқыншы шабуылдарына қарымта қайтарумен отыр.

Алеппо тұрғындары зымыран соққысынан бүлінген ғимаратты қарап тұр. 11 шілде 2016 жыл.
Алеппо тұрғындары зымыран соққысынан бүлінген ғимаратты қарап тұр. 11 шілде 2016 жыл.

ИМ-ның Сириядағы бөлігін жою жөніндегі АҚШ стратегиясы көп кедергілерге тап болды. Маусымның соңғы аптасында Азаттық АҚШ пен Ұлыбританияның қолдауына сүйеніп, ИМ тобына қарсы соғысып жатқан «Сирияның жаңа армиясын» (СЖА) Ресей ұшақтары бомбалағанын хабарлаған. Асад режимінен қашып кеткенге дейін Сирия арнайы күштерінде қызмет еткен тәжірибелі мамандардан құралған СЖА-ның маңызды болатын бірнеше себебі бар. Біріншіден, СЖА көбіне сүннит жауынгерлерден құралған. Бұл ұйым көбіне күрдтер мен шииттерді қолдап отырған АҚШ-тың баланс сақтауы үшін қажет. Оның үстіне, ИМ бақылауындағы аймақтың оңтүстігіндегі СЖА позициялары террорлық топқа қарсы жаңа майдан ашуға мүмкіндік береді. Ресей әуеден соққы берген аптада СЖА ИМ қолындағы аумаққа кіреберісте тұрған әл-Букамалға өз бетінше шабуыл жасаған. Басында жеңіске жеткеніне қарамастан, ақыр соңында СЖА күштері ойсырай жеңіліп, шөл далаға қарай 241 километрге шегінді. Бұлар Ресей ұшақтарының шабуылынан әлсірегеннен жеңілді ме, жоқ әлде басқа себеп бар ма, ол жағы белгісіз. Оның үстіне АҚШ та СЖА-дан гөрі Фаллуджада ИМ тобына қарсы соғысып жатқан күштерге көмек көрсете бастады. 7 шілдеде АҚШ қорғаныс министрі Эштон Картер СЖА-ның шабуылына әуеден көмек бермей, «үлкен мүмкіндікті жіберіп алғандарын» айтып қынжылды.

Әскери майданда да олқылықтар бар. Associated Press атап көрсеткеніндей, Фаллуджаны қайтару миссиясын Ирактағы аса ықпалды шиит күштері басқарған, ал олардың жеңісі діни ағымдар арасындағы қайшылықты үдете түсті. Сарапшылардың бұл жөніндегі болжамдары расқа айналды.

«Ислам мемлекеті» экстремистік тобы әскери жолмен жойылуы тиіс. Әлемнің бұдан басқа таңдауы жоқ. Біраз жетістікке қарамастан, жеңістің мардымсыздығы, ағымдар арасындағы өзара қайшылықтардың өршуі алда әлі көп жұмыс барын аңғартады.

(Джеймс Миллердің материалы ағылшын тілінен аударылды.)

XS
SM
MD
LG