Accessibility links

«Жиһадшы қазақтардың» кезекті видеосы тарады


Интернетте жарияланған қазақша сөйлейтін қарулы адамдар бейнеленген видеодан скриншот.

Интернетте жарияланған қазақша сөйлейтін қарулы адамдар бейнеленген видеодан скриншот.

Интернетте жарияланған видеода бет-жүзін тұмшалап, қазақша сөйлейтін қарулы адамдар шетелге «жиһад жасауға» шақырады. Азаттық сайтының осы видео жайлы жаңалықтары тағы бұғатталды.

Әлеуметтік желі арқылы тарап жатқан видеода бетін жасырып, көпшілігі көзілдірік таққан тоғыз адам бейнеленген. Барлығы қару ұстап, бір түсті әскери киім кигендердің ортасында отырғаны (видеода лақап аты Әбу Муаз деп көрсетілген – ред.) қазақша сөйлеп, «Шамға келіп, хижра жасауға» шақырады.

Өздерін «Қазақстаннан келген мүджахидтармыз» деп таныстырған ол Қазақстанда қалған «бауырлар мен әпке-қарындастарға Шам жерінен сәлем жолдаймыз» деп сөз бастайды.

Бұдан соң ол Сирияға «отбасыларымен келіп жатқандар аз емес» екенін айтып, өздерінің қатарына қосылуға болмаса «Ирак пен Ауғанстанға хижра жасауға» шақырады. «Әбу-Муаз» Қазақстандағы дін ғалымдарын «дінді дұрыс үйретпей улап тастаған» деп сөгіп, өздерінің Сирияға баруындағы «басты мақсат – жәннатқа кіру» екенін айтады.

Видеодағы адам сөз арасында «Сирияға жету өте жеңіл» екендігіне сендірмек болады. «Самолетке отырасың, машинамен отырасың, ешқандай проблема жоқ, келе бересіңдер» дейді ол.

Бет-аузын түгел жасырып алған оның екі көзі азиат нәсілді адамдікіне келеді. Сөз мәнері мен қазақша жатық сөйлегені Қазақстан тұрғыны болуы әбден мүмкін деген ойға жетелейді. Ол сөзін «Тәкбір!» деген ұранмен аяқтаған кезде жанындағы қару асынған адамдар да «Аллаху акбар!» деп қолдарын сермейді.

"Сириядағы қазақ жиһадшылары" туралы интернетте жарияланған видеодан скриншот.

"Сириядағы қазақ жиһадшылары" туралы интернетте жарияланған видеодан скриншот.

Видеоның соңында қарулы содырлардың кілем сатып отырған бейбіт азаматтарды атып қырып жатқаны туралы кадрлар бар. Астында «Әл-Жейш Ас-Сафави барлауындағы қылмыстық элементтерден тазарту – Бағдаттың солтүстігі» деген сөз жазылған. Әл-Жейш Ас-Сафави – бұл «Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымына қарсы топ ретінде түсіндіріледі.

Ұзақтығы 12 минуттық үгіт-насихат сипатындағы видеоның сол жақ бұрышында «Ислам мемлекеті» (ИМ) ұйымының қара туы ілінген.

Азаттық сайты наурыздың 4-і күні Сириядағы «қазақ жиһадшылары» туралы интернетте тағы бір видео тарағаны жөнінде ақпарат жариялаған соң Алматы мен Астана қалаларында Азаттықтың қазақ және орыс тіліндегі жаңалықтары ашылмай қалды. Азаттық Қазақстандағы ең ірі интернет провайдер «Қазақтелеком» компаниясына хабарласқанымен, аталған проблемаға қатысты жауап алу мүмкін болмады.

Бұған дейін де Сириядағы «жиһадшы қазақтар» туралы Азаттық сайтының материалдары бұғатталған.

«ҚАЗАҚСТАНҒА ЖИҺАД ЖАРИЯЛАП ОТЫР»

Дінтанушы Досай Кенжетай адамдарды Қазақстаннан кетіп, еліне қарсы соғысуға үндейтін кезекті видеоны «қазақ жастарына арналған тұзақ» деп атады.

– Бұл видеода «Ат такфир уа ал хижра» ұстанымын насихаттап, Қазақстанды «тағут» мемлекет ретінде көрсетеді. «Тағут» дегеніміз исламның дамуына, Алланың дініне қарсы мемлекет дегенді білдіреді. Яғни олар бізге қарсы жихад жариялап отыр, - дейді дінтанушы.

Дінтанушы Досай Кенжетай.

Дінтанушы Досай Кенжетай.

Ол бұл бейнеролик арнайы тапсырыспен түсірілген және ондағы адамдарды «құрал» ретінде пайдаланылып отыр деп санайды.

– Психологиялық тұрғыдан зерттеп қарасаңыз, видеодағы адам өз еркімен, саналы түрде сөйлеп отырған жоқ. Баланың дауысының дірілін көрген де боларсыздар. Сенімсіз сөйлеп отыр. Бетін де аша алмай отырған адамдар «тағутқа» шақырады, ал өздерінің құрал болып отырғанын білмейді. Бұл - белгілі бір жоба ғой. Сол жобаның басшылары сөйлетіп тұр, - дейді Досай Кенжетай.

Дінтанушының сөзіне психолог Бақтыгүл Сүлікбаева да қосылады. Сөйлеп отырған жігітке физиологиялық анықтама берген психолог:

– Жігіттің шынайы сөйлеп отырмағаны аңғарылады. Иығы түсіп кеткен, сол жағына жалтақтап, әлденені есіне түсіруге тырысады. Қимылынан қорқыныш, депрессия байқалады. Жасандылық сезіледі, - дейді.

Ал видеодағы арабша титрларға діни түсініктеме берген дінтанушы ғалым Әшірбек Мүмінов «онда ешбір мән-мағына жоқ» екенін айтады.

– Сөздерді қазақ мәдениетінен, тілінен хабарсыз адам жазған. Онда «Казахистан» деп жазылып тұр. Жазылған сөздердің мәні жоқ. «Құран бар», «жалғыз құдай бар», «адамдар жихад етуі керек» дейді. Үйде отырып құдайға құлшылық ету туралы айтпайды. Бұлар үшін "ислам" тек қана соғыс, адам өлтіру - барлығы соның төңірегінде болып тұр, - дейді ғалым.

Ол ИМ экстремистік ұйымы осындай үгіт-насихатымен әсіресе Орталық Азия елдерінен жас азаматтарды қатарына тартуға ерекше тырысып жатқанын айтады.

Халықаралық дағдарыс тобының биыл жариялаған зерттеуі бойынша, соңғы үш жылда Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстаннан ИМ-ге қосылу үшін [Сирияға] 2-4 мың аралығында адам кеткен. Былтыр Қазақстан билігі ИМ қатарында 300 қазақстандық бар, оның жартысы әйелдер деп мәлімдеген.

Жергілікті сарапшылар Қазақстанда соңғы жылдары «радикалдық діни топтарға қосылғаны» үшін жауапқа тартылғандардың қатарында жастардың қатары өсіп отырғанын айтады.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG