Accessibility links

Видеодағы содырды Бішкек тұрғынына ұқсатады


«Ислам мемлекеті» экстремистік тобы таратқан видеодан скриншот.

«Ислам мемлекеті» экстремистік тобы таратқан видеодан скриншот.

«Ислам мемлекеті» экстремистік тобы таратқан видеода «Ресейге жиһад ашуға» шақырып қырғызша сөйлеген жас жігіт Бішкектегі медресенің оқушысы болуы мүмкін дейді сырттай шырамытқан кейбіреулер. Қырғызстан билігі оның кім екенін анықтап жатқанын айтады.

Қазанның 14-і күні әлеуметтік желілерде тараған видеода «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік тобы қарулы жасағының қатарында қырғызша сөйлейтін жас жігітті көрсетеді. Сап түзеп тұрған жасақтың ішінде біреуі арабша сөз бастап, Ресейдің ИМ-ді талқандау мақсатындағы операциясын сынға алады. Одан соң қалғандары қай елден келгендерін айтып, оның сөзін өз тілдерінде қостап шығады. Кезекпен сөйлегендер өздерінің Египеттен, Ресейден, Өзбекстаннан, Тәжікстаннан, Түркиядан және Қырғызстаннан келгендерін айтады.

«Қырғызстаннан келдім» деп қырғызша сөйлеген жас жігіт Сирияны әуеден бомбалаған Ресейге қарсы жиһадқа үндейді.

МЕДРЕСЕ ШӘКІРТІ

Қазанның 28-і күні Бішкекте баспасөз мәслихатын өткізген Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз хатшысы Рахат Сулайманов «барлау қызметі видеоны зерттеп, қырғызша сөйлеген содырдың кім екенін анықтап жатқанын» хабарлады.

«Ислам мемлекеті» экстремистік тобының содырлары. Видеодан скриншот.

«Ислам мемлекеті» экстремистік тобының содырлары. Видеодан скриншот.

Видеоны көрген кейбір кісілердің айтуынша, қырғызша сөйлеген жігіт – 23 жастағы Бішкек тұрғыны Асқарбек Андабаев болуы мүмкін. Оның негізгі тұрғылықты жері – Баткен облысының Лейлек ауданы, осыдан үш-төрт жыл бұрын бауыры және анасымен бірге Бішкекке көшкен.

Азаттықтың Қырғыз қызметі Асқарбектің Сұлтан есімді туысымен хабарласты. Оның айтуынша, Асқарбек Андабаев Бішкектегі медреседе оқып, жақында Сирияға кеткен.

– Сол жаққа [Сирияға] кеткенін жақында естідім. Басқа ештеңе білмеймін. Медреседе оқыды, ол жерде телефон қолдануға рұқсат жоқ екен. Оқуда болған кезінде телефонмен ешқашан сөйлескен емес. Демалысқа келіп кеткелі бір жылдан асты-ау деймін, содан бері біз оны көрген жоқпыз, - дейді Сұлтан.

СИРИЯДА ЖҮРГЕН ҚЫРҒЫЗДАР

Қырғызстанның дін істері жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары Закир Чотаев қазіргі кезде Сирияда 400-ге тарта Қырғызстан азаматы жүргенін айтады.

Көпшілігі діни сауатының жоқтығынан Сирияға аттанады.

– Олардың арасында ажырасу, ата-анасынан айырылу, жұмыссыздық сияқты түрлі отбасылық, әлеуметтік қиындықтарға бола кеткендері бар. Дегенмен, көпшілігі діни сауатының жоқтығынан Сирияға аттанады, - дейді Чотаев.

Егер Сирия жерінде түсірілді делінген видеодағы қырғызша сөйлеген жігіттің Асқарбек Андабаев екені расталатын болса, онда «Бішкектегі медресе шәкірті терроршылар қатарында қайдан жүр?» деген сұрақ туындайды.

(Джоанна Парасщуктың мақаласы ағылшын тілінен аударылды.)

XS
SM
MD
LG