Accessibility links

"Ислам мемлекетінің" неке шарттары


"Ислам мемлекеті" тобының туын ұстап тұрған адам. Ирак, 11 маусым 2014 жыл.

"Ислам мемлекеті" тобының туын ұстап тұрған адам. Ирак, 11 маусым 2014 жыл.

"Ислам мемлекеті" тобының мүшесі әйелдерге некелесу талабын баяндап, Сирияда соғысып жүрген содырларға қосылуға үндейді. AI ұйымы ИМ тобының әйелдерге жасаған зорлық-зомбылығын айыптаған.

Сирияда соғысып жүрген ұлыбританиялық Әбу Гага әл-Баритани деген деген лақап атқа ие сарбаз интернет арқылы әйелдерді Сирияға келіп, "Ислам мемлекеті" (ИМ) тобына қосылуға үндейді. Әлеуметтік желіде берген жауабында ол Сирияға келген шетелдік мұсылман әйелдердің жағдайы туралы мәлімет берген.

Баритани бұрынғы блогтарында әртүрлі тақырыпты қамтитын сұрақтарға жауап берген. Ол «жаулар мекендеген жерлерге улы заттар мен химиялық және биологиялық қарулар қолдану, тіпті сарышаяндарды да қарсы жіберу» туралы айтып, АҚШ, Ұлыбритания және Франция сияқты елдерге осындай қару жіберіледі дейді.

«МАХАР ҚАРЫНДАСТАР»

Баританидың айтуынша, ИМ тобына қосылу үшін Сирияға келген әйелдердің бәрі тұрмысқа шыққанша «махар қарындастар» тұратын үйді мекендейді. «Әйелдер жаттығу лагеріне бармайды» дейді ол. «Менің білуімше, әйелдерге арналған жаттығу лагерлері жоқ, бірақ күйеулеріңнен сабақ алып, жаттығуға болады» деп жазды Баритани Ask.fm сайтына қаңтардың 1-і күні.

"Ислам мемлекеті" содырлары таспен ату жазасына кескен әйелге үкімді орындағалы жатыр. Видеодан скриншот.

"Ислам мемлекеті" содырлары таспен ату жазасына кескен әйелге үкімді орындағалы жатыр. Видеодан скриншот.

«Әйелдер араб тілін үйреніп, Құраннан сабақ ала ма?» деген тағы бір әйелдің сұрағына Баритани оның мүмкін екенін, бірақ бір ескеретін жайт барын айтады.

«Оның бәрі сіз тұрмысқа шыққан адамыңызға байланысты. Бәлкім әйелінің үйде отырғанын қалап, оны үйде қалдырып, сыртынан есікті бекітіп кетер немесе бауырымыз әйелінің күнделікті тірліктен басқа да өмірді көргенін қалауы мүмкін» деп жазады Баритани.

ТАНЫСУ РӘСІМІ

Баритани Сирияның ИМ тобы бақылайтын бөлігінде жұптардың танысуы мен кездесуі қалай өтетіні жайлы мағлұматтар берген. Некеге отырғысы келетін адам «некелесу ісімен» айналысатын ИМ әскерилеріне жолығуға тиіс екен. Үйленуге бел байлағандар содан кейін шағын кездесу өткізіп, бір-бірін ұнататынын немесе қаламайтынын анықтайды деп жазады ол.

«Некелесу ісіне жауаптылар үйленуге ниетті жұптарды кездестіреді. Оларға сөйлесуге 5 минут уақыт беріледі, қаласа бір-бірін көре алады» дейді Баритани. Оның сөзінше, бес минуттан соң «екі жақ некеге тұру немесе тұрмау туралы шешім қабылдайды». «Содан соң олар үйленуге даяр екенін немесе некеден бас тартуды шешкенін айтады, оның бәрін Алла бізден жақсы біледі» дейді ол.

ӘКЕСІНІҢ РҰҚСАТЫ

Tumblr блогында жазған хабарламасында Баритани әскерилердің Сирияға келіп, ИМ тобындағы «махар қарындастарға» қосылған шетелдік мұсылман әйелдерге үйленуіне рұқсат етілетінін айтады.

ИМ содырларының қырғынын қашқан бейбіт тұрғындар. Ирак, 10 тамыз 2014 жыл.

ИМ содырларының қырғынын қашқан бейбіт тұрғындар. Ирак, 10 тамыз 2014 жыл.

«Дегенмен де, Сирияда ИМ бақылайтын аумақта тұрмысқа шыққысы келетін әйелдерге қамқоршысы немесе махрамының – әдетте әкелерінің рұқсаты керек. Әйелдер Сирияға келгенде әкелері Батыстағы үйінде қалса олармен интернет арқылы байланысып, рұқсат сұрай алады» дейді ол.

Баританидың жазуынша, қыздың әкесі «діни ұстанымы мен мінезі тұрғысынан әйелге лайық» адамға қызын беруден бас тартса, әйел адам әкесінен кейінгі басқа жақын ер туысынан рұқсат сұрай алады, солайша біреуі келісім бергенше жалғасады.

ТҰРМЫС МӘСЕЛЕСІ

Баритани ИМ бақылауындағы жерде тұратын ерлі-зайыптылардың жағдайы туралы біраз дерек берген. Ол ИМ аумағында некеге тұрған жас жұбайларға ай сайын азық-түлікке үстеме ақы қосылады, оған қоса үй жалдауға ақша беріледі деп жазады. «Егер сол уақытта ыңғайлы баспана болмаса, үйленген жұптар жалға алатын жеке үй тапқанша басқа отбасымен бірге тұрады» дейді ол.

Оның жазуынша, Сауд Арабиясындағы әйелдер сияқты емес, Сирияда ИМ тобы әйелдердің көлік айдауына рұқсат берген. Ask.fm сайтында соған қатысты екі рет жауап берген. «Әйелдердің көлік жүргізуіне рұқсат етілмейді деген өтірікті кім айтты?» деп сұрайды ол біреуден. «Олардың машина айдауына болады» деп жазады тағы бірде.

Әйткенмен, ИМ тобындағы әйелдер Сириядағы өмірдің басқа қырына мән берген. «Мухажирах күнделігі» деген блог жазатын Умм Лейз есімді әйел ИМ қатарына қосылғысы келетін әйелдерге киім, кітап және косметиканы өздеріңмен бірге ала келіңдер деген кеңес береді. «Тұрмысқа шыққан немесе шыққалы жүрген әпкелер әрленетін бұйымдары мен әшекейлерін батыстан ала келсін, бұл жақта ондай ештеңе жоқ» дейді ол.

ИМ ТОБЫНАН ЖАПА ШЕККЕН ӘЙЕЛДЕР

2014 жылдың соңында Amnesty International халықаралық құқыққорғау ұйымы жариялаған есепте Иракта «Ислам мемлекеті» (ИМ) содырларына тұтқын болған езид қыздар мен әйелдер зорлық-зомбылықтан құтылу үшін өзіне қол жұмсағаны туралы жантүршігерлік деректер келтірген.

ИМ содырларынан қашып Синжар қаласы маңындағы тауларға жасырынған езид әйелінің аяқ киім орнына байлап алғаны. Ирак, 11 тамыз 2014 жыл.

ИМ содырларынан қашып Синжар қаласы маңындағы тауларға жасырынған езид әйелінің аяқ киім орнына байлап алғаны. Ирак, 11 тамыз 2014 жыл.

АІ ұйымына сұхбат берген куәгерлер ИМ содырларының тұтқындарды сұмдық жағдайда ұстап, үнемі ұрып-соғып, зорлап, қорқытып отырғанын, қолға түскен әйелдерді күштеп некелестіргенін, жыныстық құлдыққа салғанын айтқан. AІ сөйлескен әйелдер ИМ содырлары көрсеткен азап пен қорлыққа шыдамаған кейбір қыздардың өздеріне қол салғанына куә болғандарын баяндаған.

Былтыр күзде Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті «Ирак пен Сириядағы террористердің арасында 300 қазақстандық жүр, олардың 150-і – әйелдер» деген ақпарат таратқан еді. Қазақстанмен көршілес Қырғызстаннан да бір әйелдің Сирияға кеткені туралы болжам бар.

Қазір Сирия мен Ирактың үлкен аумағын басып алған ИМ тобына қосылған мыңдаған содырдың ішінде шетелдік «жиһадшылар», тіпті Батыс Еуропадан келген еріктілер де бар. ИМ тобының қолға түскендерді және өздері басып алған аймақтағы бейбіт тұрғындарды қырғынға ұшыратқан іс-әрекетін халықаралық қауымдастық айыптады. ИМ тобына қарсы АҚШ жетекшілік ететін халықаралық коалицияға 60 мемлекет мүше.

Йоанна Паражчуктың мақаласын ағылшыннан аударған – Динара Әлімжан.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG