Accessibility links

ИМ тобының идеологиялық құралы


2015 жылы 13 қарашада Парижде шабуыл жасаған тоғыз адамның суреті басылған ИМ террорлық тобының «Дабиқ» (Dabiq) журналы.

2015 жылы 13 қарашада Парижде шабуыл жасаған тоғыз адамның суреті басылған ИМ террорлық тобының «Дабиқ» (Dabiq) журналы.

ИМ тобы соңғы айларда Сирия мен Иракта бақылауындағы бірқатар аймақтан айырылған. Экстремистер Таяу Шығыстан тысқары жерде де шабуылдар жасап, идеологиясын қару ретінде пайдалануға тырысады.

Сирия майданында президент Башар Асадты қолдайтын күштер «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік тобының қоластында болған ежелгі Пальмира қаласын қайтарып алды. Қаңтардың соңында ИМ жасағы Рамади қаласынан ығыстырылып шығарылды. Енді АҚШ бастаған халықаралық коалиция күштері солтүстіктегі басты қала – Мосулды босатуды көздеп отыр. Қарулы экстремистердің бақылуындағы жері тарылып, әскери күші әлсіреп келеді.

Дегенмен, терроршылар тек Шам аймағының ауқымымен шектеліп отырған жоқ. 2015 жылғы қарашада болған Париж қырғыны, биыл наурызда Брюссель әуежайындағы жарылыс ИМ тобының Ирак пен Сириядан тысқары аймақтарға да құрығы жете алатынын көрсетті. Бұл қантөгістерді ұйымдастырған терроршылардың ұялары жойылды ма, жоқ па, соны толық анықтау әлі мүмкін болмай отыр. Оның үстіне экстремистік топ және бір қару – идеологиясын өз пайдасына барынша пайдалануға тырысады.

ЭКСТРЕМИСТЕР ТАКТИКАСЫ

ИМ террорлық тобы арагідік шығарып отыратын «Дабиқ» (Dabiq) журналынан осы қайшылық анық байқалады. Журналдың негізгі аудиториясы – ИМ экстремистік тобының Батыстағы жақтастары, негізгі айтары – «Ислам мемлекеті» шынымен бар «мемлекет» қана емес, өз шекарасынан тыс аймақтарды қамтитын рухани әрі діни «халифат». Яғни, Батыс тұрғындары да Таяу Шығыстағы соғысқа қатысып, шетелде террорлық топтар құрып, немесе тіпті өз беттерімен шабуылдар ұйымдастыру арқылы «Ислам мемлекеті» «азаматы» бола алады. Алдыңғы сандарында қаруы бар кез келген адамның өз елінен шықпай-ақ ИМ «азаматы» бола алатыны айтылған.

Журналдың «жауларын» үрейлендіретін тактикасы – «ИМ – әлемнің әр түкпірінде бір мезетте әрекет ете алатын, қауқарлы әрі заңды ұйым» дегенді паш ететін, кәсіби деңгейі жоғары, көп оқылатын материалдар жариялау.

Ирак әскерилері мен сот-медициналық сарапшылары исламшыл экстремистер жаппай өлтірген адамдар көмілген жерде жүр. Рамади, 19 сәуір 2016 жыл.

Ирак әскерилері мен сот-медициналық сарапшылары исламшыл экстремистер жаппай өлтірген адамдар көмілген жерде жүр. Рамади, 19 сәуір 2016 жыл.

«Дабиқ» журналының соңғы саны «адасқандарға» («муртадд») арналған. Авторлар «Ислам мемлекеті» террорлық тобының басты діни идеологиясын нағыз ислам деп атайды және сол «таза» исламның көп жауларын атап шығады. Журналдың басым бөлігінде идеологиялық радикализмді қолдамай, «тура жолдан тайғандар», «дінін сатқандар» сыналған. Бас мақала Египеттің қазіргі үкіметіне қарсы күресіп жатқан «Мұсылман бауырлар» ұйымын сипаттайды. Және бір мақалада мұсылман әлемінің таңдаулы көшбасшыларының есімдері аталады. Көпшілігі Батыста тұратын бұл мұсылмандар ИМ-ды сынап, бейбіт исламды қолдағандары үшін жазықты болған.

«Дабиқтың» мақсаты – адамдарды террорлық әрекет жасауға азғыру болғандықтан, бұл көшбасшылар «ең басты сатқындар» деп сипатталады. «Дабиқ» Батыс баспасөзі елемей жүрген бір мәселеге ерекше басымдық береді: майдан даласында ИМ тобына қарсы соғысып жатқандардың да, олармен идеология саласында күрес жүргізіп жатқандардың да басым бөлігі – мұсылмандар.

Журналдың өткен аптада шыққан соңғы санынан террорлық топтың өз жеңілістері мен жеңістерін қай тұрғыдан насихаттап жатқанын саралап көруге болады.

ДАҚПЫРТҚА СҮЙЕНГЕН БАСЫЛЫМ

«Дабиқтың» бір ерекшелігі – ол тұрақсыз шығатын басылым. Журналдың алғашқы саны 2014 жылдың шілде айында, ИМ-нің әскери тұрғыдан дәурені жүріп тұрған шақта жарық көрген. Келесі нөмірі 22 күннен соң шықса, одан кейінгілері араға 30-50 күн салып басылып тұрды. Тамыз, қараша айларында тіпті жүз күн дегенде жарық көрді. Соңғы саны да сәуірдің 13-інде, 85 күндік үзілістен соң шыққан. Басылымның бұлайша ұзақ шықпай қалуының себебі – бұл кездерде ИМ тобы соғыстан ойсырай жеңіліп жатты, сондықтан «нашар жаңалықты» жеткізуге онша құлықты болмады. ИМ желтоқсанда Рамади қаласынан айырылды, АҚШ жүргізген рейд кезінде ұйымның бірнеше жоғары дәрежелі басшысын қолға түсірді, қалғандарын атып өлтірді, күрдтер олардың жеріне солтүстіктен басып кірді. Сондықтан, журналдың қарашадағы санының Париждегі шабуылдан бірнеше күн өткеннен соң, ал сәуірдегі санының Брюссель жарылысынан үш апта өткен соң жарық көруін кездейсоқтық деуге келмейді.

«Дабиқтың» соңғы сандарынан журналдың маркетингтік стратегиясын қалай өзгертіп жатқанын байқау қиын емес. Париждегі жарылыстан бір апта өткенде жарық көрген санына «Тек террор» деп ат қойып, нөмірді түгелдей сол оқиғаға арнаған. Ал Брюссель оқиғасынан үш апта өткенде жарық көрген соңғы санында Бельгиядағы оқиға туралы мақала ИМ экстремистік тобының идеологиясына қатысты материалдар тасасында қалған. Мұнда Брюссель қырғыны ИМ-ның көп жеңісінің бірі ретінде сипатталған. Олардың мақсаты – Батыс баспасөзі Брюссель туралы неғұрлым көп жазған сайын ИМ-ның дақпырты соғұрлым арта түспек. Ал шын мәнісінде жарылыстардан кейін болған тұтқындау, тергеу шараларынан соң олардың бұл қалалардағы күштері әлсіреп қалған болуы ықтимал.

Тіпті Брюссельде жарылыс ұйымдастырғандардың өмірбаянын айтқанда да журнал олардың Еуропадағы шабуылын емес, Сириядағы «ерліктеріне» көбірек тоқталған. Яғни, олардың айтуынша, Париж бен Брюссельдегі жарылыс – терроршылар соғысып жатқан көп «майданның» бір бөлігі ғана.

ИДЕОЛОГИЯЛЫҚ МАЙДАН

Бір мақалада ИМ терроршылары «адасқандарға» қарсы соғысып жатқан «майдандардың» бәрі тізбеленген. Мұндағы маңызды нәрсе – журнал Сириядағы нағыз соғысты да, Еуропадағы жарылысты да «адасқандарға» қарсы жаһандық соғыстың «майдандары» деп атайды. Мақала авторларының айтуынша, терроршылар «Алланың әмірін» орындап, «адасқандардың» көзін жойған. Мақалада ИМ тобының Таяу Шығыстағы соңғы жеңілістері туралы ештеңе жазылмаған, демек журналдың бұл саны Иракта да, Сирияда да кері шегініп жатқан жақтастарын жігерлендіріп, олардың сенімдерін арттыруды мақсат еткенге ұқсайды.

ИМ жасағының жеңіліп жатқаны рас, бірақ бұл процесс ұзаққа созыла ма, жоқ па, ол жағы белгісіз. Пальмира қаласының Асад коалициясы қоластына өткеніне бір айға жуық уақыт болды. Содан бері Асад пен оның жақтастары ИМ тобын одан әрі қарай тықсыратын сыңай танытқан жоқ. Терроршылар болса осы сәтті пайдаланып, Түркия шекарасына жақын маңда күш жинап үлгерді. Ал АҚШ коалициясының Мосулда қандай нәтижеге жетері де әлі айқын емес. Есесіне, ИМ осы күні Ливияда біраз орнығып алған. Оның үстіне, Нигериядағы аса ықпалды террорлық ұйым «Боко Харам» ИМ-ге қосылатындарын хабарлаған. Яғни, терроршылардың «Дабиқ» журналының басты идеясы – «ИМ – рухани тұрғыдан да, физикалық тұрғыдан да бар мемлекет, бірақ оған «адасқандар» мен «крест жорықшылары» қауіп төндіріп, құрсаулап жатыр» дегенге саяды.

Ақпарат құралдары терроршылардың жеңіліске ұшырағанын жаппай жаза бастағанда «Дабиқтың» үні бәсеңдеп, сөзі өтпей қала ма, жоқ па, ол жағын тап басу қиын. Бір анығы – террорлық шабуылдарды ұйымдастырып, Таяу Шығыстағы үлкен аумақты бақылап тұрғанда тым сенгіш, өмірден түңілген адамдардың оларға қосыла беретіні анық.

«Дабиқ» журналының тағы бір маңызды стратегиясы – идеологиялық фундаментализм. Олар дінді өте қарабайыр түсіндіреді: кәпірлердің бәрі өлтірілуі керек, ал оларды өлтіргісі келмейтін «сенушілер» - сатқындар немесе адасқандар әрі олар да өлтірілуі тиіс. Яғни, өлім – олардың идеологиясының бір бөлігі болғандықтан, террористердің көзін жойған күннің өзінде бұл «ажал культінің» тамырына балта шабу өте қиынға түспек. Сондықтан, ИМ экстремистік тобымен соғыс «идеологиялық майданда» да жүруі тиіс. Әзірше өркениетті қауымдастық бұл салада әскери ұрыстағы сияқты көп жетістікке жетіп жатқан жоқ.

(Джеймс Миллердің материалы ағылшын тілінен аударылды.)

XS
SM
MD
LG