Accessibility links

«Ислам мемлекеті» тобы түскен эсерлер ізі


Ресей ішкі істер министрі Вячеслав фон Плевенің жарылыстан күйреген күймесі. Санкт-Петербург, 15 (28) шілде 1904 жыл.

Ресей ішкі істер министрі Вячеслав фон Плевенің жарылыстан күйреген күймесі. Санкт-Петербург, 15 (28) шілде 1904 жыл.

Өлімге бас тіккен террористердің бір ғасыр бұрынғы және қазіргі психологиясы.

Ресейдегі большевиктер революциясы мен Еуропадағы фашизм заманынан кейінгі кезеңде «Ислам мемлекеті» тобы (Ресей, Қазақстан және тағы біраз елде террористік ұйым деп танылған) оның үгітіне ергендер үшін ең ықпалды революциялық қозғалысқа айналды. БҰҰ-ның қауіпсіздік кеңесі жанындағы терроризммен күрес комитетінде жақында өткен тыңдауда америкалық антрополог әрі экстремистік ұйымдар жөніндегі маман Скотт Этран осылай деп мәлімдеді. Исламшыл террористердің қазіргі фанатизмін бұрынғы замандағы, оның ішінде Ресейдегі революциялық қозғалыстарда да кездескен ескі құбылыс деуге келе ме? Тарих тәлімін ескерсек, террористермен күрестен не нәтиже күтуге болады?

Израиль тарихшысы, Иерусалим университетінің қызметкері, орыс революциялық қозғалысына арналған «Террористер мен революционерлер, күзетшілер мен арандатушылар» кітабы мен өзге еңбектердің авторы Леонид Прайсман Азаттықтың Орыс қызметіне берген сұхбатында осы жайлы ой бөліседі.

Леонид Прайсман.

Леонид Прайсман.

– Таза психологиялық тұрғыдан алғанда, «негізгі мақсатымыз – өзіміз өмір сүретін құбыжық қоғамды, әділетсіз ортаны жою» дегенге кәміл сенетін жастар бар. Мысалы, 20-ғасырдың басындағы ең қорқынышты террористік ұйым – социалист-революционерлер партиясының қилы тап өкілдерінен тұратын жауынгерлік ұйымында дворяндар әулетінен шыққандар да болды. Олар патша билігін – жын-перілер жайлаған билік деп санаған. Олардың арасында діндар адамдар да болған.

Қазір жұрт исламшыл террористер «о дүниеде 72 хор қызы мен өзге де жәннат ләззаты күтеді» деп ойлайды дегенді айтып жүр. Бірақ, ешқандай хор қызын ойламай мерт болған эсер содырларын, Леонид Андреевтің «Дарға асылған жетеу туралы әңгімесін» еске алсақ, олар да бойындағы наным-сенімі үшін өлімге қаймықпай бас тіккенін көреміз. Ал бұл адамдардың Ресейді қандай сұмдыққа ұрындырғанын біз білеміз. Олар мен қазіргі исламшыл радикалдардың психологиясынан ортақ нәрсе табуға болады. Бұл жерде мәселе хор қыздарында емес.

Бір айырмашылығы, бұрынғының революционерлерінің бойында әлдебір моральдық шектен аттамау болған сияқты. Мысалы, Мәскеудің генерал-губернаторы Сергей Александровичке қарсы ұйымдастырылған алғашқы қастандық кезінде террорист Иван Каляев князьдің күймесіне бомба лақтырудан тартынып қалған. Өйткені күймеде князьден бөлек, ағасы Павелдің балалары да келе жатқан. Кейін Каляев эсер жетекшілерінің бірі Борис Савинковтан: «Айтшы, мен дұрыс істедім бе, жоқ па? Егер партияның жауынгерлік ұйымы атынан «мұның дұрыс емес, өлтір десең, оны қазір барып өлтіремін» деген екен. Савинков оған «дұрыс істедің» деген.

Террорист Иван Каляев. 1905 жылы ақпанда түсірілген сурет.

Террорист Иван Каляев. 1905 жылы ақпанда түсірілген сурет.

Бірақ екі күннен кейін Каляев екінші қастандық ұйымдастырып, Сергей Александровичті бәрібір өлтірген. Бұл моральдың жаратылысы бөлек болғанымен, әлдебір шек бар. Революция идеясына берілген террористер әдетте өз дұшпаны санаған жандарды өлтірген. Әрине, «дұшпан» дегенді кімнің қалай түсінетіні бөлек әңгіме. Мысалы, терактіге еш мотивсіз баратын анархистер де болған. 1905 жылдың желтоқсанында Одессадағы Липман кофеханасына анархистер қатарындағы террорист еврейлер бомба тастаған. Әлгі жерге көбінесе бала-шағасын ертіп еврей отбасылары баратын. Не үшін деп ойлайсыз? Олар қарапайым жұмысшылар кафеде отырмайды, ол жерде тек қанқұйлы буржуазия тойлайды деп есептеген. Яғни ол кезде идеологиялық мотив күштірек болды.

– Идеологиялық мотивтер исламшылдарда да күшті ғой...

– Революциялық терроризм, большевизм немесе фашизммен салыстырғанда исламизмнің қаупі неде? Ұлтшыл-социалистер мен большевиктер қозғалысының жасанды дін сияқты ғұмыры қысқа болды. Ал исламшыл терроризмнің түп-тамыры тереңде жатыр – ол 7-ғасырда пайда болып, өрлеу, құлдырау дәуірлерінен өтіп, қазір дәурендеп тұрған нағыз дінмен тығыз байланысты. Біз мұсылман емес отбасында дүние келген талай террористерді білеміз. Мысалы, халықтың жан басына шаққанда, ИМ қатарына ең көп кіріп жатқандар Бельгияда екен. Олар Францияда да, тіпті Ресейде де көп. Әлгі Саид Бурятский деген террорист орыс-бурят отбасында туған, бірақ атышулы террористке айналды. Исламшыл ұйымдар өз қатарына адам тарту, үгіттеу жұмысын мықты ұйымдастырып қойған. Бұл жағынан алғанда, ИМ – «Әл-Қаида» ұйымынан да қауіпті құбылыс сияқты.

– Өзіңіз айтқандай, өлімге қаймықпай бас тігетін жандарды туғызатын қозғалыстар қандай қоғамдық жағдайда, не себепті пайда болады?

– 19-ғасырдың аяғы мен 20-ғасырдың басындағы Ресейді алайық. Бір жағынан, ел қоғамдық-экономикалық тұрғыдан мықты дамып, орыс мәдениетінің «күміс ғасыры» болды, бірақ екінші жағынан, қоғамды теңсіздік жайлады, монархияның билігі шексіз болды, қоғам таптық жікке бөлінді. Патша билігінің жаман екені тіпті гимназияның 5-сынып оқушысына да аян еді. Халықтың бүкіл саналы бөлігі «билік жаман» деп ойлаған кезде қоғамның ең шектен шыққан элементтері террорлық әрекеттерге кіріседі. Ол кезде орыс қоғамы террористердің патша үкіметімен күресін бар ынтасымен бақылаған жанкүйер сияқты болды. Министр, губернатор деп талғамай, инженерлер мен офицерлерді де өлтіргенімен, қоғамның саналы бөлігі тұтастай террористер жағында болды. Кезінде Петербург басшысына жасалған қастандықты Лев Толстойдың «жөн болған» деп айтқаны Короленконың естелігінде бар. Короленко бұған қатты қайран қалған. 1904 жылы ішкі істер министрі фон Плевені қастандықпен өлтірген кезде көшеде бір-бірінен сүйінші сұрап, құшақтасқан жұртпен бірге ішкі істер министірлігінде отырғандардың өздері де қуанған. Жандарм бөлімшесінің Мәскеудің генерал-губернаторы Сергей Александровичті қастандықпен өлтіру жайлы есебінде «Мәскеу мәз-мәйрам» деген сөз бар.

Парижде 2015 жылы 13 қарашада жасалған террорлық шабуылдарға күдікті саналатын Абделхамид Абаауд.

Парижде 2015 жылы 13 қарашада жасалған террорлық шабуылдарға күдікті саналатын Абделхамид Абаауд.

Сондықтан қазіргі ислам әлемі жайлы не айтуға болады? Бұл жерде де дағдарыс. Еуропа мен Америка өркениетінен кенжелеп қалуы ислам әлеміне ауыр тиді. Біздің дәуіріміздің бірінші мыңжылдығының аяғы мен екінші мыңжылдығының басында ғылым, өнер, сәулет өнері саласында көшбасшы болған әлемнің күрт құлдырап, кері кетуі теңсіздік туралы ойға жетелеп, еуропалықтарға деген өшпенділікті қоздырды. 2011-2012 жылдары Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкада революция басталған кезде мұсылман әлемі де екіге жіктелді. Бір жағында Сауд Арабиясының ен байлыққа батқан элитасы болса, екінші жақта – Йемен сияқты елдердегі қайыршылық менмұндалап тұрды. Мұның бәрі радикализм мен терроризмді қоздыруға қолайлы орта болды. Бұған қоғам өмірінің барлық саласын қамтыған діннің құдіретін қосыңыз. Нәтижесін көріп отырмыз.

– Бірақ Еуропа елдерінде үгітке еріп, террористік ұйымдарға қосылғандар мүлде бөлек қоғамда өмір сүреді ғой. Кезінде патшалық Ресейді құбыжық көрген жас эсерлер мен анархистер сияқты олар да өздері тұрып жатқан ортаны қисық әрі әділетсіз қоғам санай ма?

– Мысалы, өзім жақсы білетін Францияда мұсылман жастар кедей-кепшіктер өмір сүретін аудандарда тұрады, дені дұрыс мектепте оқымайды, қылмыс жасайтындардың көбі солардың арасында. Сондықтан олар француз қоғамымен етене араласып кете алмаған соң шеттеп, тығырықтан шығудың амалын радикалды ортадан іздеп, үгітке ереді, шектен шыққан күрес тәсілдеріне жүгінеді. Олар ислам әлемі ғана теңдікке қолымызды жеткізеді, тым болмаса осындай жолмен өз орнымызды табамыз деп ойлайды.

– Өткен ғасырдың басындағы орыс терроризмі полиция мен революциялық ұйымдардың күресіне қоса, өзара ынтымақтастығымен де тарихта қалды. Мысалы, бір мезгілде эсерлер ұйымының қаһарлы басшысы әрі полиция агенті болған Евно Азеф тұлғасын алайық. Террористердің ортасына өз агенттерін енгізу үшін Батыс елдері мен Израильдің арнайы қызметі де осындай тәсілдерге жүгінеді. Әлде кезіндегі революциялық ұйымдарға қарағанда қазіргі террористік топтарға кіру қиын ба?

– Меніңше, мұндай әдіс-тәсілдер қазір де қолданылып жатуы әбден мүмкін. Шариғат заңын қатал ұстанатын қоғам немесе топ көптеген тыйымдарды бұлжытпай орындауы тиіс. Ол қоғамда тіпті тыйым салынбаған нәрсе жоқ деуге болады. Шарап немесе сыра ішуге болмайды, бөтен әйелмен немесе құдай сақтасын, ер кісімен қатынаста болу, қысқасы, бәрі - күнә. Ал күнә арқалап жүрген адамды үгіттеу оңай. Меніңше, бұл әсіресе Еуропада мұндай ұйымдарға енуді тіпті оңайлатады. 20-ғасырдың басындағы орыс революцонерлерінің ортасынан гөрі қазіргі террористердің ішіне ену оңай.

Ресей ішкі істер министрі фон Плеве қаза тапқан жерде тұрған полиция шенеуніктері. Петербург, 28 шілде 1904 жыл.

Ресей ішкі істер министрі фон Плеве қаза тапқан жерде тұрған полиция шенеуніктері. Петербург, 28 шілде 1904 жыл.

– Оның үстіне, қарашада Франциядағы терактілерге қатысқандардың кейбірі хақ мұсылманның өмір салтын ұстанбағаны белгілі болды.

– Оныңыз рас, бірақ олар исламға бет бұрып, радикалдық жолға біржола түскеннен кейін әлдебір лайықсыз қылығы әшкереленсе, басына үлкен қауіп төнер еді.

– Орыстың революциялық терроризмінің тарихы немен аяқталғаны белгілі...

– Орыс терроризмі 1911 жылы Столыпинді қастандықпен өлтірумен аяқталды, бұдан кейін онша елеулі терактілер болған жоқ.

– Мұның себебі неге байланысты?

– Өйткені орыс революциясын басып-жаныштады. Бірінші дүниежүзілік соғыс болмағанда террор мүлде тоқтар еді. 1917 жылғы оқиғалардан сәл бұрын Ленин «көзіміз тіріде революция болмайды» деген болатын. Ал террор тарихына оралсақ, бұл құбылыстың жойылуына көбінесе эсерлер ұйымы басшысының арандатушы екеніне революционерлердің көзі жетіп, Азефтің әшкереленуі әсер етті. Ал кейін полицияға ақпар беріп тұрған арандатушы Богров Столыпинді қастандық жасап өлтірді. Бұдан кейін террорға ешкімнің барғысы келмеді. Осы екі әшкерелеу террордың құбылыс ретінде жойылуында зор рөл атқарды. Оның үстіне, Столыпиннің арқасында революцияны басып-жаншып тастады. Ол «мемлекеттің іші-сыртына 20 жыл тыныштық берсеңдер, Ресейді танымай қаласыңдар» деген болатын. Өкінішке қарай, Столыпинге де, Ресейге де 20 жылды ешкім бермеді. Еуропадағы төрт империяның түбіне жеткен, бірақ ең үлкен соққысы сорлы Ресейге тиген жан түршіктірер әлемдік соғыс басталып кетті. Шындығында, Ресей 1917-1922 жылдары болған оқиғалардан әлі ес жия алмай келеді.

«Ислам мемлекеті» экстремистік тобы қатарына Франциядан барып қосылғандар. ИМ-нің пропагандалық видеосынан скриншот.

«Ислам мемлекеті» экстремистік тобы қатарына Франциядан барып қосылғандар. ИМ-нің пропагандалық видеосынан скриншот.

– Сіз айтқандай, терроризмді жойғанымен, патша үкіметінің бұл жеңісі ұзаққа созылмады. Ал өркениетті елдер мен терроризмнің қазіргі қақтығысын алсақ, қандай тактика тиімдірек болар еді деп ойлайсыз?

– Бір жағынан, ИМ тобымен сөзсіз күресу керек. Террористік бірлестіктің көзін жоюдың жалғыз амалы – соғыс тәсілі. Ал Еуропада қаптап жүрген радикалды көзқарастағы мұсылман жастармен не істеуге болатынын тіпті білмеймін. Біріншіден, дінді желеу еткен құбыжық насихатты тыю керек шығар. Екіншіден, содырлар жағында соғысып, кейін батыс елдеріне қайта оралғандарды қуу немесе қоғамнан оқшаулау қажет болар. Немесе ондай жандарға батыс қоғамы да мүмкіндік, келешек беретінін көрсету керек шығар. Бірақ мұны қалай істеуге болады? Мұны менен гөрі жақсы білетін көптеген елдің басшылары мен үкіметтері қазір басын осыған қатырып жатыр - дейді тарихшы, орыс революциялық қозғалысын зерттеуші Леонид Прайсман.

(Ярослав Шимовтың материалы орысшадан аударылды.)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG