Accessibility links

Бенси: Италияның сыртқы істер министрі үнсіз


Мұхтар Әблязовтың әйелі Алма Шалабаева қызы Алуамен.

Мұхтар Әблязовтың әйелі Алма Шалабаева қызы Алуамен.

Италияның ішкі істер министрі Мұхтар Әблязовтың туыстарын Қазақстанға депортациялауға қатысты туған даудан аман шықты. Ал сыртқы істер министрі үнсіз құтылмақ.

Италияның вице-премьері, әрі ішкі істер министрі Анджелино Альфано өткен апта парламент өзіне сенім білдіргесін қызметінде қалды. Мамырдың соңында қуғындағы қазақстандық оппозициялық саясаткер, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовтың әйелі мен қызын Италия полициясы ұстап, Қазақстанға депортациялаған еді. Кейін Италия үкіметі депортацияны заңсыз деп таныды да, ішкі істер министрлігінің бірқатар лауазымды қызметкерлері отставкаға кетті..

Италиялық журналист-саясаттанушы Джованни Бенси Азаттыққа берген сұхбатында Римнің бұл жанжал бойынша жүргізіп жатқан тексеруі сұрақты көбейте түскенін айтады.

Азаттық: Шілденің 19-ы күні Италия сенаты ішкі істер министрі Анджелино Альфаноны қызметінде қалдыруды қолдап дауыс берді. Енді Әблязов отбасын заңсыз депортациялауға кім жауапты болмақ?

Джованни Бенси: Альфано орнында қалған соң тараған ресми мәліметке сәйкес барлық жауапкершілік Италия ішкі істер министрлігі әкімшілігінің жетекшісі Прокаччини мырзаға артылды. Осы тұста бір түсініксіз жайт туды. Алма Шалабаева мен оның қызын ұрлап әкетуге қатысты Альфано «бұл әрекет туралы ештеңе білмедім, менімен келісілмей жасалды» деді.
Егер Альфано расымен ештеңе білмей қалса, онда ол өз ісін білмейтін ашықауыз болып шығады.

Сосын Альфано полиция басшысына осы мәселені тексеруді бұйырды. Әлгі қызметкер тексеру жасап, басқа біреулерді кінәлі етіп шығарды. Әлбетте мұндай әрекет ішкі істер министрінің рұқсатынсыз бұл операция қалай жасалады деген наразылық тудырды. Егер расымен ештеңе білмей қалса, онда ол өз ісін білмейтін ашықауыз болып шығады. Егер біліп тұрып, ештеңе хабарламаған болса, адам құқықтарын аяққа таптаған кісі ұрлаушылардың біріне айналады. Бәрі бұл жағдайды анық көріп отыр. Бірақ парламент Альфаноға сенген кейіп танытып, оны орнында қалдырды. Бұл бір өте күрделі, әрі таңқаларлық жағдай.

Азаттық: Италия ішкі істер министрлігінің әлгі қызметкері отставкаға кеткесін бәрі басылып қала ма, жоқ қалғандары да жауапқа тартыла бастай ма?

Джованни Бенси: Үкіметтің пікірінше, осымен бәрі басылады. Барлық жағдай анықталғандай-мыс. Альфано аман қалды, кінә әлгі шенеунікке аударылды, бәрі дұрыс сияқты. Бірақ бәрі осы күйінде қала қоймас. Өйткені Альфаноны отставкаға жіберуді сұраған Италия оппозициясы мәселені көтере бермекші.

Бұл хикая ары қарай жалғаса түсетін сияқты. Себебі Альфаноға деген сенбеушілік күшті. Альфаноның дау-дамайдан соң қызметтен кеткен бұрынғы премьер Сильвио Берлусконидің сенімді өкілі, оң қолы болғанын да ұмытпау керек.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Италияның экс-премьері Сильвио Берлускони

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Италияның экс-премьері Сильвио Берлускони


Азаттық: Италия билігі бұл істі тексеруге неге мүдделі? Барлық себеп тек адам құқықтарын қорғауда жатыр ма? Әлде Италияның өз ішіндегі саяси тартыстың көрінісі ме?

Джованни Бенси: Әлбетте, саяси күрестің ойнайтын рөлі зор. Шалабаеваны ұрлап әкету адам құқықтарын дөрекі түрде бұзуға жатады. Альфанодан бөлек БҰҰ-да жұмыс істеген, адам құқықтары мәселесін жиі көтеретін Эмма Бонино ханым сияқты сыртқы істер министрі де бар ғой. Бірақ бұл жолы ол жұмған аузын ашпай үн-түнсіз қалды. Сондықтан саяси ойындар бұл жерде маңызды рөлге ие деп ойлаймын.

Азаттық: Бірнеше күн бұрын БҰҰ-ның адам құқықтары бойынша бірнеше сарапшысы Шалабаева мен қызын Италияға қайтару туралы ұсыныс айтты. Сіздің ойыңызша бұлай жасау мүмкін бе?

Джованни Бенси: Бұлай болуы мүмкін емес деп ойлаймын. Шалабаева мен қызы ұрланғанда италиялық және шетелдік БАҚ-тарда түрлі болжамдар пайда болды. Тіпті операцияны Қазақстан елшілігінің адамдары басқарыпты, италиялықтар қарап тұрыпты деген сияқты әңгімелер өрбіді. Бірақ нақты қолдау бар екенін білмесе қазақстандық дипломаттардың қалайша өстіп акцияны еркін басқаруы мүмкін деп сұраушылар да бар.
Шалабаева қазір Назарбаев басқаратын Қазақстан билігінің құзырына өтті, солайша Әблязовты экстрадициялату үшін ықпал ету тетігіне айналды.

Осы сәтте әлбетте Берлусконидің аты аталады. Италияның Қазақстандағы экономикалық мүддесі зор. Газ-мұнай импорттап алып отыр. Бірақ Берлусконидің Қазақстанда жеке бас мүддесі және бар. Алған пайда тіке қалтасына түсіп отыратын оның Қазақстанда мұнай кеніші бар деген де пікір айтылады. Жергілікті БАҚ сол себепті ресми Италия Назарбаевпен қарым-қатынасты бұзбауға мүдделі екенін жазады.

Шалабаеваны депортациялаған соң Италия үкіметі шегініп, ол шешімін заңсыз деп таныды. Бірақ ол кісі қазір Назарбаев басқаратын Қазақстан билігінің құзырына өтті, солайша Әблязовты экстрадициялату үшін ықпал ету тетігіне айналды.

Азаттық: Бұл жанжал Қазақстан мен Италияның қарым-қатынасына қалай әсер етпекші?

Джованни Бенси: Меніңше, ешқалай да әсер етпейді. Италияның Қазақстандағы мүдделері қала береді, Берлусконидің досы Назарбаевтың да мүдделері сол қалпында тұрады. Ол Берлускониге Сардиния аралына қонаққа да барып қайтқанға ұқсайды. Жергілікті бір газеттің жазуынша, Берлускони Назарбаевты әбден күтіп, өзінің әйгілі "бунг-бунг" стиліндегі кешін ұйымдастырған.

Италия мен Қазақстанның ресми қатынастары бұзыла қояды деп ойламаймын. Екі елдің энергетика саласындағы өндірістік топтары арасында өте тығыз байланыс орнаған. Ал Италия сыртқы істер министрлігінің әлгі операция кезінде мүлдем бейтарап қалуы - басқа мәселе. Қазақстан Италиядағы адам құқықтарын қорғаушы партиялар мен ұйымдардың сынына ұшырай бермек.

Азаттық: Сұхбатыңызға рақмет.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG