Accessibility links

Серік Мұратхан: «Жапон халқы қасіретті ішінен тынып, үнсіз қарсы алды»


Апаттан аман қалған қарт жапон. Отсучи, 15 наурыз 2011 жыл

Апаттан аман қалған қарт жапон. Отсучи, 15 наурыз 2011 жыл

Азаттық вебсайтының тұрақты блогшысы Серік Мұратхан Жапонияның Фукусима префектурасында техник маман ретінде біліктілігін арттыру курсынан өтіп жатқан еді. Зілзала мен цунамиді көзімен көрген Серік Азаттық радиосына сұхбат берді.


– Серік мырза, Жапонияда апат болған кезде қай қалада едіңіз?

– Ол күні жер сілкінісі орталығы болған Фукусима қаласына жақын, 51 шақырым қашықтықтағы Корияма қаласында болдық. Түстен кейін үзіліске шығып тұрғанбыз. Сол кезде алғаш ақырын, соңынан қатты сілкініс басталды. Ақпараттарға қарағанда, Корияма қаласының өзінде 7,8 балдық сілкініс болған. Жер сілкінісінен кейін Корияма қаласындағы халықтың көбі қауіпті көп қабатты үйлерін тастап, қауіпсіз спорт залдарын паналады. Жер сілкінісінен кейін су және интернет, телефон байланыстары бәрі істен шықты екі күнге. Екі күн спорт залын паналап жаттық жергілікті халықпен бірге. Екі күннен кейін байланыс қалпына келді. Бізді автобуспен Токио қаласына жіберді. Токио қаласына төте баратын жол жаңағы Фукусима қаласын басып өтетіндіктен ол жерді айналып өтіп, 3 сағаттық жолды 13 сағатта жүріп, Токиоға жеттік.
Цунами құрбандарын іздеу операциясы әлі жүріп жатыр. Отсучи, 17 наурыз 2011 жыл

Наурыздың 15-інен бері Токиодағы JICA орталығындамыз (JICA – Жапонияның сыртқы істер министрлігіне қарасты мекеме). Алдыңғы жоспар бойынша, Қазақстанға қайту 20 наурызда еді. Бірақ АЭС жарылды дегенге, жер сілкінісіне байланысты шамалы бұрын жіберуге тырысып, билетті наурыздың 18-іне алып берді. Қазір кетуге дайындалып жатырмыз.

– Апат аймағында сізден басқа қазақстандықтар болды ма?

– Орталық Азиядан барған 9 адам болдық. Олар – 2 қазақстандық, 2 тәжікстандық, 2 өзбекстандық, 1 түркіменстандық, 1 қырғызстандық азамат. Бәрі аман-есен, ешқандай қауіп-қатерге ұшыраған жоқ. Алайда көңіл-күй жағынан бәрі де соққы алды.

– Жергілікті халық арасында апаттан құрбан болғандар қанша?

– Бастапқы екі күн ешқандай теледидар, телефон, интернет байланысы болмағанмен, жергілікті газет әр сағат сайын өздерінің сандарып әкеліп беріп тұрды. Әр күн сайын Фукусима қаласындағы адам шығыны өсіп жатты. Токиоға келгеннен кейін барып ең соңғы шығынды естіп жатырмыз. Бірақ әртүрлі айтып жатыр. Қазірге дейін 5 мың адам қайтыс болып, 200 мың адам үйлерінен айрылды дейді. Бұл шынайы ақпарат па, емес пе – білмейміз. Алғашқы кезде – екінші күні естіген кезде «277 адам қайтыс болды, 5 мың адам із-түзсіз кетті, 100 мыңдаған адам үй-жайынан айрылды» деген ақпарат берілген газеттерде. Бірақ газет пен телевидениенің арасында біраз айырма бар.

– Ақпарат құралдары апатқа байланысты мәліметті толық беріп жатыр ма?

– Менің разы болатын жерім: бұл жақтағы ақпарат құралдары еркін түрде, ешқандай шындықты жасырмай, толық ақпарат беріп жатыр. АЭС туралы басында берілген ақпаратта «суытқыш ретінде пайдаланған гелий қабаты жарылды» деп хабарлаған. Токиоға келгеннен кейін Американың, Ресейдің ақпарат көздерін көрсек, «үшінші реактор толық жарылды» деп естіп жатырмыз. Біз де ақпарат құралдарынан хабардар болып жатырмыз. Өзіміз тікелей ол жерде болмадық. Дәп басып бірдеңе дей алмаймыз.
Электр қуатын үнемдеу үшін Токиода түнде де жарық сөндіре бастады. Токио, 17 наурыз 2011 жыл

Токиода барлық халық өз жұмысында. Ешбір қауіп-қатер белгісі байқалмайды. Жер сілкінісі болған кезде кейбір жерлерде метро тоқтаған. Олардың бәрі қалпына келді. Ендігі бір жетіспей жатқаны – электр энергиясы. Барлық қалада электр энергиясын үнемдеуге көшті. Токиода су, интернет байланысы бәрі орнында. Жер сілкінісі болған қалада қандай күйде екенін тек ақпарат құралдарынан ғана естіп жатырмыз.

– Осы апат кезінде жапон үкіметінің қолдауы, көмегі қай деңгейде болды?

– Алғаш жапон үкіметінің қолдауын Корияма қаласындағы спорт залын паналағанда көрдік. Сол кезде жергілікті үкімет дереу аттанысқа келіп, спорт залын паналаған халыққа су, үш уақыт тамақ, тіпті шайына дейін қайнатып беріп тұрды. Газеттерді әр саны шыққан сайын таратып тұрды. Басқа жерде байланыс болмаса да, ұялы телефон байланысы істеген кезде спорт залындағы адамдардың туыстарымен хабарласу жағын қамтамасыз етіп берді. Екі күн байланыс болмаған кездің өзінде! Ол жағынан Корияма қаласында дайындығы, халыққа көмектесу жағынан деңгейі өте жоғары болды.

– Бұл зор апат жапон халқының рухына қалай әсер етті екен?

– Менің ең таң қалатыным да сол – халыққа әсері. Фукусима қаласынан хабар келіп жатты, қаншама адам өліп жатты, туыстарынан айрылып жатты. Сол кезде спорт залын паналаған 300-ге тарта адамның ішінен еңіреп жылап, елдің есін шығарып, шуылдап, басқа жұрттың көңіл-күйіне әсер еткен адам болған жоқ. Бәрі үнсіз тынып, ішінен қарсы алды. Корияма қаласындағы ұстаздарымыз да қауіптен әлі арыла қойған жоқ еді. Көңіл-күйлері сыныңқы болды. Қаншама адам өліп жатты, бірақ олар соның бәрін көтере білді қайсарлықпен. «Қорықпаңдар, елдеріңе аман жетіңдер» деген тілегімен Корияма қаласынан шығарып салды бізді.

– Серік мырза, сұхбат бергеніңізге рахмет. Қазақстанға аман-сау, тезірек оралуыңызға тілектеспіз.

– Рахмет!

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG