Accessibility links

Бауырлас жапон еліне қайғыра көңіл айтамын…


Апаттан қашқан жұрт эвакуациялық орталыққа жиналып жатыр. Натори, 16 наурыз 2011 жыл
Апаттан қашқан жұрт эвакуациялық орталыққа жиналып жатыр. Натори, 16 наурыз 2011 жыл

Азаттық вебсайтының тұрақты блогшысы Серік Мұратхан Жапонияның Фукусима префектурасында техник маман ретінде біліктілігін арттыру курсынан өтіп жатқан еді. Зілзала мен цунамиді көзімен көрген Серік төмендегі блогын жолдапты.


Фукусима префектурасына қарасты Корияма қаласында 2011 жылы 11 наурызда түстен кейінгі сабақтан енді үзіліске шығып тұрғанда кенет магнит толқының күшті ағысы сезілгендей болды. Жапонияға барғаннан бері әр күні кішігірім сілкініс болып тұратындықтан, мән бермей тұра бергеміз.

Кенет төңіректі зілзала қыла басында дірілдеп, аяғында асау аттай тулаған жер лезде қорқынышқа бөледі. Жан-жақтан биік тұрғын үйлерде запасқа сақталған сулар фонтандай атыла бастады. Шатырлар құлап, төңіректе заман ақыр белгілері көріне бастағандай. Өлген деген осы екен ғой дедім іштей. Қасымдағы жігіттер бірі отыра қалса, бірі жата қалды, бір өзбек жігіт ағашты ұстап жармасып жатқанда не күлерімді, не жыларымды білмедім. Сілкіністің ұзаққа созылғаны сонша әр минут сайын қайталаумен болды, аз уақыттан кейін төңіректен өрт жалындары мен қосалқы газ қоймалары атыла бастады.
Қирап қалған Отсучи қаласы. 14 наурыз 2011 жыл

Міне, сол күні басталған сілкіністен біз жатқан қонақ үйдің қабырғасы қақ айрылып, қауіпті жағдайға түсті. Енді ақыры бізге сабақ беруге келген ұстаздармен бірге қаладағы ең қауіпсіз жерлерді паналауға мәжбүр болдық. Қаладағы әрбір мектептің спорт залдары жер сілікінісі кезінде халықтың қорғанатын қауіпсіз орны ретінде салынған. Міне, сол бір мектептің спорт залында жергілікті халықпен бірге жергілікті үкімет берген бір тамшы суды бөліп ішіп, бір үзім нанды бөліп жеп үш күн байланыссыз, хабарсыз жаттық. Менің бір разы болғаным осындай қиын жағдайда жергілікті үкімет шұғыл қимылдап, үйлерінен айрылған панасыз халыққа тез арада көмек қолын созып, тіпті шәйін да қайнатып берді.

Бүлінген байланыс үш күн ішінде қалпына келіп, бізді Токиоға жөнелтті. Міне, бүгін Токио қаласында интернетке қол жетіп блогыма осы хабарды жазып отырмын. Әрине осы алапат апат біздің де, жапон елінің де жанына оңай жазыла қоймайтын жара түсірді. Осы елде суыққа бірге тоңып, қиыншылықта бірге болған менің жапон бауырларым туралы әлі жазамын. Қазір тек қазаға ұшырған бауырларын жоқтаған жапон еліне, менің бауырмал бауырластарыма қайғыра көңіл айтамын. Менің де жүрегім жаралы. Алайда тағдыр ісіне, тәңір ісіне не шара?
Зілзала мен цунамиден соң апатқа ұшыраған Фукусимадағы АЭС. 16 наурыз 2011 жыл

Сөз соңында бүкіл әлемді шулатып жатқан АЭС жарылысын жоққа шығарғым келеді. Атом электростанция жарылысының болғаны шын, алайда ол тек суытқыш ретінде пайдаланған гели қабатының жарылысы. Оны сол уақытында ретке келтірді. Жапонияда ақпаратты ешқандай қоғамнан жауып, жасырмай ашық айтып отырды. Құрылыс схемасын да газеттерде ашық жариялады. Осы жолғы жер сілікінісіндегі жарылыстар негізінен газ қоймаларының жарылысы болды. Оны өз көзіммен көрген адам ретінде айтамын.

Алайда жер тыншыр емес, осы шыймайларды жазып отырғанда Токио неше рет дірілдеп барып басылды.

Редакциядан: Серік Мұратхан Токиоға аман-есен жеткенін хабарлады. Блогшының Азаттық радиосына берген сұхбатын таяу уақытта оқи аласыздар.
XS
SM
MD
LG