Accessibility links

Үш өлшемді өнер әсері


3D суреттер көрмесінің үйлестірушісі Екатерина Литвинова үш өлшемді форматтағы салынған суреттің жанында тұр. Қарағанды, 6 тамыз 2014 жыл.
3D суреттер көрмесінің үйлестірушісі Екатерина Литвинова үш өлшемді форматтағы салынған суреттің жанында тұр. Қарағанды, 6 тамыз 2014 жыл.

Қарағандыда ресейлік суретшінің аэрографиямен 3D форматында кенепке салған картиналарының көрмесі өтті. Елде мұндай форматтағы алғашқы көрмені Екібастұз тұрғыны ұйымдастырды.

КӨРЕРМЕН – ЭКСПОЗИЦИЯНЫҢ БІР БӨЛІГІ

Қарағанды облыстық мұражайында жұрттың көбіне түсініксіздеу көрінетін көрмеде адамның көңілін жадырататын картиналар қойылған. Көрмеге келушілерге қойылатын негізгі шарт - фото немесе видеокамерамен келуі керек. Әйтпесе үш өлшемді бейнеден әсер ала алмайсың.

Айрықша әсер көрмедегі суреттерді фотоға түсіргенде ғана көрінеді. Фотоаппаратқа тартқан кезде суреттегі бейне бірден ұлғайып, құдды жан біткендей үстіңнен төнеді немесе саған жақындай түседі. Мұны 3D форматында түсірілген фильмді арнайы көзілдірікпен көрумен салыстыруға болады. Ал үш өлшемді бейненің әсерін арттыру үшін мұражай залында көрермендерге ракурсты дұрыс таңдауға көмектесетін үлгілер ілінген.

Көбелектің суреті алдында фотоға түсіп тұрған бойжеткен. Қарағанды, 6 тамыз 2014 жыл.
Көбелектің суреті алдында фотоға түсіп тұрған бойжеткен. Қарағанды, 6 тамыз 2014 жыл.

Көбінесе балаларға арналған көрме картиналарында негізінен жануарлар, мультфильмдер мен көркем фильмдер кейіпкерлері бейнеленген.

Картиналарды фотосуретке түсіру арқылы көрермендер оның сюжетін жасауға қатысады, өзі құрған экспозицияның бір бөлігіне, мысалы елес аулайтын аңшыларға айналады, немесе «Энгри Бердс» компьютерлік ойынын «жанды» күйінде қызықтайды, бұлттың үстінде қалықтап, жабайы жануарларды тамақтандырады, қысқасы нақты өмірде мүмкін емес көптеген нәрселерді көреді. Көлеңкені объекті мен рамадан тыс жылжытқанда үш өлшемді көлемді бейне пайда болады.

Мультфильм кейіпкерлері суреттерінің қасында тұрған балалар. Қарағанды, 6 тамыз 2014 жыл.
Мультфильм кейіпкерлері суреттерінің қасында тұрған балалар. Қарағанды, 6 тамыз 2014 жыл.

– Бұл идея Қазақстанға жаңадан келген. Ал жалпы мұндай көрмелер Қытайда, Таиландта өтіп тұрады, бірақ ол жақтағы көрмелердің бағыты бұдан өзгешелеу – кескіндеме түріндегі картиналар. Идея сол жақтан келгенімен, біздің көрменің тақырыбы бөлек. Классикалық кескіндеме әдемі болғанымен, мына көрме сияқты ойын-сауық өнеріне жатпайды, - дейді көрменің ресейлік үйлестірушісі Екатерина Литвинова Азаттық тілшісіне.

Бұл көрмені Екібастұз қаласының тұрғыны Игорь Холодарь жобалап, әзірлеген. Ол картина, көбелек, құстарға арналған көрмені ұйымдастырумен ғана айналысады, бірақ сурет салмайды. Картина авторы – Ресейдің Барнауыл қаласында тұратын суретші Павел Роч.

Көрме ұйымдастырушылары «берген тақырыптарымыз бойынша картиналарды тапсырыспен салған суретшінің бұл картиналарға авторлық құқығы жоқ» деумен шектеліп, ол жайында көп ештеңе айтқысы келмейді. Павел Рочтың аэрография, дизайн және көркем татуировкамен айналысатыны ғана белгілі. Картиналардың арзанға түспегені ғана мәлім, ал нақты бағасы - коммерциялық құпия.

Көрмедегі картиналардың бірінің жанында суретке түсіп жатқан адам. Қарағанды, 6 тамыз 2014 жыл.
Көрмедегі картиналардың бірінің жанында суретке түсіп жатқан адам. Қарағанды, 6 тамыз 2014 жыл.

– Бұл картиналар тапсырыспен салынған. Бұған бір жарым айдай уақыт кетті. Мына картиналарды көрмеге арнап сатып алдық, ал тақырыбын өзіміз ұсындық. Жұрттың көбіне ұнап жатыр. Бірақ кейбіреулер алғашында онша түсінбей, әуелі тұнжырап біраз қарап тұрады. Ал сосын не істеу керектігін түсінгенде, оларды мына жерден сүйреп шығара алмайсың, - дейді Екатерина Литвинова.

Көшпелі көрме бұған дейін Павлодар, Петропавл, Қостанай қалаларында өткен. Енді ұйымдастырушылар 3D картиналарды Алматыға апармақшы. Олардың айтуынша, көрмемен ірі қалаларды аралап шығу үшін бес жылдай уақыт керек.

КӨРМЕНІҢ МАҚСАТЫ

Соңғы екі жылда Қарағандыда мұндай сипаттағы көрмелер жиі өте бастады. Көбі – Ресейден әкелінген көшпелі көрмелер.

Облыстық бейнелеу өнері мұражайы қызметкері Александр Гехт.
Облыстық бейнелеу өнері мұражайы қызметкері Александр Гехт.

– 3D дегеннен теледидардан хабарым бар, сондықтан мына көрмені алғаш көргенде онша қызыққан жоқпын. Бірақ өзім түскен суреттерді көргенде бұл көрмеден фотосуретке түскен кезде ғана әсер алуға болатынын аңғардым. Ал картиналар бір қарағанда онша үлкен емес. Барнауылдық суретші шеберлікпен жасаған көлеңкелерге фотоаппаратты қосқанда ғана «жан бітеді». Ал объектив әлгі көлеңкені аулап, бейнелерді ұлғайтып көрсетеді, - дейді бейнелеу өнері мұражайының ғылыми-әдістемелік жұмыс бөлімінің меңгерушісі Александр Гехт.

Көрмеге қойылған сурет жанында тұрған бала. Қарағанды, 6 тамыз 2014 жыл.
Көрмеге қойылған сурет жанында тұрған бала. Қарағанды, 6 тамыз 2014 жыл.

Мұражай қызметкерлері мен келушілердің айтуынша, көрменің бір құндылығы - адамдар шығармашылық процеске тікелей қатысады. Көрермен картинаны қай қырынан түсіруді өзі таңдап, елестетіп, қысқасы өзін режиссер, оператор, сценарист әрі фотограф сезінеді.

Мұндай көрмелердің арқасында мұражайға жастар да келе бастаған, ал музей қызметкерлері келушілердің назарын дәстүрлі картиналарға да аударады.

Мұражай қызметкерлерінің айтуынша, Қарағанды қаласында 3D форматында жұмыс істеуге тырысатын жас суретшілер бар. Бірақ ақша тапшылығы оларға өз қабілетін танытуға қолбайлау болып жүр. Енді бұл көрме жас суретшілердің шабытын оятып, кәсіби суретшілердің жақсы бағасына ие болуы мүмкін.

XS
SM
MD
LG