Accessibility links

Карзай алдағы бес жылда Ауғанстанды дамушы елдер қатарынан көргісі келеді


Ауған президенті Хамид Карзай инаугурацияда мәлімдеме жасауда. Кабул, 19 қараша 2009 жыл.

Ауған президенті Хамид Карзай инаугурацияда мәлімдеме жасауда. Кабул, 19 қараша 2009 жыл.

Екінші мерзімге сайланған ауған президенті Хамид Карзай бейсенбі күні Кабулда ант қабылдады. Инаугурацияда сөйлеген сөзінде Карзай елде бейбітшілік пен қауіпсіздік орнатылады және бүлікшілер мәселесі шешіледі деп мәлімдеп, жемқорлықпен күресуге уәде етті.

Ауғанстан президенті Хамид Карзай бейсенбі күнгі инагурациясында былай деп атап көрсетті:

«Мен құдіретті әрі мейірімді Алланың атымен қасиетті исламды басшылыққа алып, алға апарамын деп ант беремін. Мен Конституция мен барлық заңдарға мойынұсынамын, олардың жүзеге асырылуын қадағалаймын».

Президенттік екінші мерзімдегі мақсаттарын айқындаған Карзай елде бейбітшілік пен қауіпсіздік орнатуға және бүлікшілер мәселесін шешуге уәде етіп, жемқорлыққа қарсы күресемін деп атап көрсетті.

Ол сондай-ақ сайлау үдерісінен кейінгі дау-дамайларды жеңілдетуге тырысты.

«Ауғанстан президенті ретінде ант қабылдаудан кейін мен өзімді бүкіл ауған халқының, елдегі әрбір азаматтың қызметкері ретінде қарастырамын», - деді Карзай.

Карзай өзінің саяси қарсыластарын жаңа әкімшілік пен саяси жүйеге қатысуға шақырып, оларға келісімге келіп, бірге жұмы істеу ұсынысын жасағандай болды.

«Мен тағы да президенттіктен үміткер болған барлық бауырларымызды оқшауланған еліміздің жақсырақ болашағы үшін бізбен бірге жұмыс істеуге шақырамын», - деді Карзай.

Ауған президенті сондай-ақ соңғы айларда халықаралық қолдаушыларының сыни пікір-ескертпелерін де тілге тиек етті.

Карзай бейбітшілік үдерісі жаңа әкімшіліктің басты мақсаты болатынын мәлімдеді.

«Біз шетте жүрген халықаралық лаңкестік желілерімен байланысы жоқ және өз еліне оралғысы келетін отандастарымызды, Конституциямызға сай бейбіт түрде өмір сүруге шақырамыз», - деді Карзай.

Ауғанстан президенті өз мәлімдемесінде жемқорлықпен күреске аса назар аударды.

Ауған президенті Хамид Карзай Кабулдағы инаугурация барысында Құранды сүйюде. 19 қараша 2009 жыл.



«Ауғанстандағы министрлер әділ әрі кәсіби деңгейге сай болып, халыққа қызмет етуі тиіс. Жоғары лауазымды үкімет ресмилері өз мүліктерін тіркеуге міндетті. Біз парламентпен бірге жемқорлыққа қарсы заңды әзірлеу бойынша кеңесулер өткізудеміз», - деді Карзай.

Карзайдың инаугурациясына тайпа жетекшілері мен шетелдік ресмилер қатысты. Олардың арасында АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон мен Пәкістан президенті Асиф Али Зардари болды.

Карзай Ауғанстанға көмектесіп жатқан АҚШ пен Батыс донорларына алғысын білдірді. Карзай сондай-ақ өзінің екінші бесжылдық мерзімінің соңында Ауғанстан тұрақты дамушы елге айналады деп үміттенетіндігін мәлімдеді.

«Бес жылдан кейін Ауғанстан өз-өзін қорғай алатын ел болуы тиіс. Иншаллах, еліміздің барлық түкпірінде бейбітшілік болады. Иншаллах, Ауғанстан мықты демократиялық жүйеге ие болады. Он мыңдаған ауған жастары құрылыс жобаларын бақылап, жүзеге асыратын болады. Ауғанстан қалалары мен ауылдарында электр жарығы болады», - деді Карзай.

БҰҰ қаржыландырған Бонн қаласындағы бейбітшілік конференциясында Карзай Талибан биліктен қуылғаннан кейінгі уақытша әкімшіліктің басшысы болып таңдалған болатын. 2002 жылдың маусым айынла дәстүрлі ауған қарттар ассамблеясы Карзайды тағы екі жылға сайлады. Ал 2004 жылы Ауғанстанда болған алғашқы демократиялық президент сайлауында Карзай жеңіске жеткен болатын.

XS
SM
MD
LG