Accessibility links

Қазақстан мен Қырғызстан кеден шекарасын ашты


Қырғызстанмен арадағы кедендік бақылаудың алынуы қазақстандық тауардың бәсекеге қабілетіне сын болады дейді сарапшылар. Кейбіреулер бұдан Ресей ұтатынын айтады.

Құрамында Қазақстан, Ресей, Беларусь және Армения бар Еуразия экономика одағына қосылғанымен, кеден бақылауын алып тастау рәсімін соңғы бірер айда бірнеше рет кейінге қалдырған Қырғызстан бүгін шараны салтанатты түрде атап өтті.

«ТАРИХИ ОҚИҒА»

Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, тамыздың 12-і күні Қырғызстан премьер-министрі Темір Сариев пен Қазақстан премьерінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев бастаған екі елдің үкімет өкілдері кедендік шекараны салтанатты жағдайда ашқан. Шараға Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевпен бірге Ыстықкөл жағасындағы резиденциядан тікелей трансляция арқылы қатысқан Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұны «екі мемлекеттің бизнесі үшін жаңа мүмкіндіктер тудыратын, өзара сауданы жандандыратын айтулы оқиға» деп атаған.

Бүгін Еуразия экономикалық одағына (ЕАЭО) Қырғызстанды мүшелікке қабылдау туралы келісім күшіне енген соң, бұл ел Армения, Беларусь, Қазақстан және Ресеймен бірге ЕАЭО-ның толыққанды мүшесіне айналды.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев екі ел арасындағы кеден шекарасының алыну рәсіміне тікелей видеотрансляция арқылы қатысып тұр. Ыстықкөл, Қырғызстан, 12 тамыз 2015 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев екі ел арасындағы кеден шекарасының алыну рәсіміне тікелей видеотрансляция арқылы қатысып тұр. Ыстықкөл, Қырғызстан, 12 тамыз 2015 жыл.

Азаттық тілшісі сөйлескен қырғыз саясаттанушысы Орозбек Молдашевтың сөзінше, бұл оқиғаны ең әуелі «қазақ-қырғыз арасындағы тосқауыл алынған тарихи оқиға» деп қарастыру керек.

– Еуразия экономикалық одағының пайдасы мен зияны туралы түрлі деректер айтуға болады. Оның үстіне осы одақтағы қуатты ел Ресейдің қазіргі экономикалық жағдайы күрделі. Алайда, бұл оқиғаның ең үлкен пайдасы – туысқан елдер арасындағы үлкен кедергінің алынуы, біз қандай қиындықта да бірге болуымыз керек, - деді Молдашев.

Оның сөзінше, Қырғызстанның ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығы өнімдері Қазақстан рыногына шығаруға мүмкіндік күшейеді.

– Екі ел экономикасының артықшылықтары мен кемшіліктері бірін-бірі толықтырады. Қазақстан экономикалық жағынан алда болғандықтан Қырғызстан да соған қарай тартылады деп ойлаймыз, - дейді ол.

Қазақ-қырғыз шекарасында кеден бақылауы алынғаны туралы фотогалерея:

Қазақстандық саясаткер Әміржан Қосанов «кеден бақылауы алынып, бюрократия кедергілерінің жойылғаны құптарлық шара, бірақ шекарадағы кеден бақылауы Еуразия экономикалық одағы аясында ашылғанын ұмытпау керек» дейді.

Оның айтуынша, шекараны ашу рәсіміндегі екі ел билігінің дипломатиялық пікірлеріне қарап, жалпы жұртшылық Нұрсұлтан Назарбаевты Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың «саяси ағасы, Еуразия экономикалық одағы аясында Астананы Бішкектің кураторы ретінде қабылдауы мүмкін» екенін айтады.

Қазақ-қырғыз шекарасынан кедендік бақылау алынуына арналған шараға қатысушылар. 12 тамыз 2015 жыл.

Қазақ-қырғыз шекарасынан кедендік бақылау алынуына арналған шараға қатысушылар. 12 тамыз 2015 жыл.

– Бірақ, Бішкекке Мәскеудің ықпалы одан да зор. Сондықтан жаңа шекаралық жағдайды Ресей өзінің еуразия кеңістіктегі ықпалын одан сайын арттыру үшін пайдалануы әбден ықтимал, - дейді Қосанов.

Сарапшы Марат Қайырленов Қазақстанның негізгі ұтатын тұсы – шекараның тыныштығы деп есептейді. Оның сөзінше, Қырғызстан интеграцияланбай оқшау қалса Қазақстан күндердің күнінде Ауғанстандағы қақтығыстардың әсерін анық сезінуі мүмкін.

– Ал Қырғызстаннан арзан тауар келіп, Қазақстан экономикасына теріс әсер етеді деп біржақты айтуға болмайды. Өйткені Қазақстан бизнесіне де Қырғызстанға еркін кіруге мүмкіндік туады. Бұл ретте қырғыз рыногын Ресеймен салыстыру қиын. Себебі, қазақ пен қырғыз экономикасы әртүрлі болғанымен, жалпы халықтың түсінігі, туыстық менталитеті ұқсас, - дейді ол.

Оның айтуынша, Қазақстанға қарағанда Қырғызстанның біршама дамыған жеңіл өнеркәсібі пен ауыл шаруашылығының сүт және сүт өнімдері саласы рыноктағы бәсекелестікті күшейтеді. «Ал бірақ кейбір секторлар болмаса, жалпы Қазақстанға экономикалық соққы болмайды» дейді сарапшы.

«ЖАСАНДЫ СҮТТЕН ЖАҚСЫ»

Азаттық тілшісімен сөйлескен кәсіпкерлер де осыған ұқсас пікір білдіреді. Мәселен, «Родина» агрофирмасының бас директоры, ұлттық кәсіпкерлер палатасы агроөнеркәсіп кешені комитетінің төрағасы Иван Сауэр «тұтынушыларға қазіргідей Ресейдің немесе Беларусьтің жасанды сүтін ішкенше, Қырғызстаннан келетін табиғи сүт ішкен жақсы» деп санайды.

Сүттен жасалған тағам түрлері. (Көрнекі сурет)

Сүттен жасалған тағам түрлері. (Көрнекі сурет)

– Қырғызстан егер арзан табиғи сүт әкелсе оны тек қолдау керек. Біздің кәсіпкерлерге бәсекеге шыдауға тура келеді. Бірақ, мұндай бәсекелестік болатыны жылдар бойы ескертілді, - дейді ол.

Кәсіпкердің айтуынша, қазақстандық кәсіпкерлер арасында бәсекеге шыдайтындар да, мемлекет тарапынан әртүрлі жеңілдіктерге үйренгендер де бар.

Азаттық тілшісімен Қырғызстанмен арадағы кеден бақылауының алынғаны туралы сөйлескен Алматыдағы «Арома» компаниясының жетекшісі Елена Раикова да ең әуелі «жасанды құрғақ сүттен, Қырғызстаннан келетін табиғи сүт жақсы» екенін еске алды.

Оның сөзінше, бәсекелестік қиын болғанымен сапа үшін шыдауға тура келеді. Бірақ ол үшін мемлекет те қолайлы жағдай жасауы тиіс.

– Қырғызстанға қарағанда кәсіпкерлерге салатын салық Қазақстанда әлдеқайда көп. Мысалы, Қазақстанда электр энергиясы Қырғызстандағыдан үш есе қымбат. Сонда кімнің тауары арзанырақ болады? – деген кәсіпкер «теңгенің девальвацияланбауы Ресей мен Қырғызстанның арзан валютасы алдында қазақстандық тауарды көрінеу қымбаттатып отырғанын» айтты.

Қырғызстанның бұл одаққа мүше болу процесі 2014 жылы басталған. Биыл тамыздың 4-і күні Астана Қырғызстанның ЕАЭО құрамына қосылу келісімін, ЕАЭО туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы және жекелеген халықаралық келісімдерді ратификациялаған.

Мұның алдында осындай құжаттарды Ресей, Беларусь және Армения елдері мақұлдаған.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG