Accessibility links

Лондонға Қазақстаннан жеті ескекші барды


Каноэ және байдаркамен жарысқан спортшылар (Сурет халықаралық ескек есу федерациясының сайтынан алынды)
Каноэ және байдаркамен жарысқан спортшылар (Сурет халықаралық ескек есу федерациясының сайтынан алынды)
Олимпиада ойындарында ескекті қайықпен жарысқа 30 комплект медаль тігілген. Спортшылар каноэ мен байдарка қайықтарымен жарысады, слалом және академиялық тәсілмен ескек есуден күш сынасады.

Каноэ мен байдаркаға мініп жарысатын спортшылар саны - 325 спортшы. Олар 53 елден келген. Ал академиялық тәсілмен ескек есуден 550 атлет жарыспақ. Олар - 58 елдің өкілдері.

Қайықшылардың көбі Ресей, АҚШ, Польша, Жаңа Зеландия, Австралиядан келді. Ал Қазақстаннан Лондонға жеті ескекші аттанды.

Каноэ және байдарка - екі түрлі қайық. Спорт аттары да осы екі қайыққа қарап қойылған. Бұларда бір ғана ескек болады. Спортшылар ағын суда емес, жел соқпайтын ықтасын су қоймаларында жарысады.

Слаломда да бір ескек. Ерекшелігі - спортшылар ағыны қатты суда жарысады.

Академиялық тәсілмен ескек есу спортында атлеттер ұзын қайықтарға мінеді. Мұнда - екі ескек. Жарыс ағынды суда өтеді.

КАНОЭ ЖӘНЕ БАЙДАРКА

Лондонда каноэ және байдаркамен жарысатын қазақстандық спортшы Наталья Сергеева. Польшадағы әлем кубогы. 2011 жыл. (Сурет халықаралық ескек федерациясының сайтынан алынды)
Лондонда каноэ және байдаркамен жарысатын қазақстандық спортшы Наталья Сергеева. Польшадағы әлем кубогы. 2011 жыл. (Сурет халықаралық ескек федерациясының сайтынан алынды)
Наталья Сергеева (36 жаста) - 1998, 2002, 2006, 2010 жылдары өткен Азия ойындарының күміс жүлдегері. Азиада бәсекесінде барлығы - үш күміс, үш қола жүлде иеленді. Афина, Пекин олимпиадаларына қатысып, жартылай финалға шыққан. 2011 жылы Польшаның Познань қаласында өткен әлем кубогында алтын медаль тағынды. 2012 жылы Венгрияда өткен әлем чемпионатында төртінші орын алған.

Евгений Алексеев (34 жаста) пен Алексей Дергунов (27 жаста). Бұл екі ескекші 200 метрге «байдарка-2 бағдарламасы» бойынша жарысқа түседі. Алексеев-Дергунов жұбы - 2012 жылғы Азия чемпионатының алтын жүлдегері. Осы жетістіктерінің арқасында олимпиадаға жолдама алды.

Александр Дядчук (200 және 1000 метрге қайықпен жүзу) - Каноэ шебері. Халықарылық ескек федерациясының рейтингінде 16-орында тұр. Олимпиадаға лицензияны осы рейтинг бойынша жеңіп алған. 2010 жылғы Азия ойындарының күміс жүлдегері. Пекин олимпиадасына қатысып, жартылай финалға жеткен.

18 жасар слаломшы Рафаиль Вергоязов - Қазақстан чемпионы. Азия біріншілігінде Вергоязов күміс жүлдеге жетіп, олимпиада лицензиясын еншіледі.

АКАДЕМИЯЛЫҚ ТӘСІЛ

Академиялық тәсілмен жарысып бара жатқан спортшы. (Сурет халықаралық ескек есу федерациясының сайтынан алынды)
Академиялық тәсілмен жарысып бара жатқан спортшы. (Сурет халықаралық ескек есу федерациясының сайтынан алынды)
Владислав Яковлев (19 жаста) - Қазақстан чемпионы. Әлем біріншіліктеріне, Азия ойындарына қатысқан. Олимпиада жолдамасын азиялық іріктеу жарысында алды – 4-орын.

Светлана Германович (25 жаста) та Қазақстан чемпионы. Әлем кубоктары мен чемпионаттарына қатысқан. Лицензияны азиялық іріктеу жарысында жеңіп алды – 5-орын.

P.S. Пекин олимпиадасында қазақстандық каноэші Михаил Емельянов - 16-орын, байдаркашы Алексей Дергунов пен Қайсар Нұрмағамбетов 15-орын алған еді. Ал академиялық тәсілмен ескек есуден Инга Диченко - 18-орын, Александр Опачанов пен Наталья Воронова жұбы 16-орын алды.
XS
SM
MD
LG