Accessibility links

Қазақстанның Нанкиндегі алғашқы алтыны


Қытайда өтіп жатқан жасөспірімдер олимпиадасына Қазақстаннан қатысқан Бауыржан Жауынтаев қарсыластарынан басым түсіп, дзюдо күресінен чемпион атанды.

Жексенбі күні Қытайдың Нанкин қаласында жасөспірімдер арасындағы екінші жазғы олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасының еншісіне алғашқы жүлде – алтын медальді дзюдо күресінен Бауыржан Жауынтаев жеңіп алды.

55 килограмм салмақ дәрежесінде күрескен Бауыржан Жауынтаев финалдық белдесуде әзірбайжандық спортшы Натиг Гурбанлиді жеңді.

БІР КҮНДЕГІ ҚОС БЕЛДЕСУ

17 тамыз күні Нанкиндегі Longjing гимназиясының спорт кешенінде жайылған татамиге Бауыржан Жауынтаев екі рет шықты. Ол биылғы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы ретінде ширек финалдан босатылып, жарысқа жартылай финалдан қосылған еді.

Жасөспірімдер олимпиадасының чемпионы Бауыржан Жауынтаев марапаттау кезінде. Нанкин, ҚЫтай, 17 тамыз 2014 жыл.

Жасөспірімдер олимпиадасының чемпионы Бауыржан Жауынтаев марапаттау кезінде. Нанкин, ҚЫтай, 17 тамыз 2014 жыл.

Жартылай финалда Бауыржан Жауынтаев түркиялық Огузан Каракамен кездесті. Белдесу барысында төрешілер түрік балуанына сылбыр күрескені үшін екі ескерту берді. Бұл екі ескертудің арқасында қазақ балуаны юко (бір ұпай) алды. Жекпе-жек барысында қазақстандық дзюдошы таза жеңіске жету үшін бірнеше тәсіл жасауға тырысқанымен түрік спортшысы қарсыласына әдіс жасауға мүмкіндік бермеді. Жауынтаев сол бір ұпайын сақтап, жеңіске жетті.

Финалда онымен сайысуға татамиге әзірбайжандық Натиг Гурбанли шықты. Кездесудің аяқталуына бір минут қалғанда Бауыржан Жауынтаев қарсыласының аяғынан шалып, таза жеңіске жетуге талпынған еді. Бірақ әзірбайжандық балуан татамиге арқасының жартысымен түскендіктен төрешілер Жауынтаевқа бір ұпай (юко) берді. Қазақ балуаны бұл жолы да ұпайды кездесу соңына дейін сақтап, белдесуді жеңіспен аяқтап, чемпион атанды.

АЛДА ҮЛКЕН БИІКТЕР БАР

Финалдан кейін жасөспірімдер олимпиадасының жеңімпазы Бауыржан Жауынтаев Азаттық тілшісіне сұхбат берді.

– Жеңіске жету оңай болған жоқ. Әлемнен іріктелген тек сегіз спортшы қатыстық. Соларды ұтып чемпион болу мен үшін үлкен жетістік. Бапкеріме мың алғыс айтам. Енді алдағы ірі олимпиада ойындарында жеңіске жету үшін барымды саламын, - деді чемпион.

Бауыржан Жауынтаев (сол жақта) пен оның бапкері Қален Қалиұлы. Нанкин, Қытай, 17 тамыз 2014 жыл.

Бауыржан Жауынтаев (сол жақта) пен оның бапкері Қален Қалиұлы. Нанкин, Қытай, 17 тамыз 2014 жыл.

Спортшының бапкері Қален Қалиұлы бұл жарысқа Бауыржанның үлкен жауапкершілікпен келгенін айтты.

– Себебі ол өз салмағындағы ең мықтылармен кездесті. Және ол биыл әлем чемпионатын ұтқандықтан, бүгін соны дәлелдей алмай қаламын ба деген қобалжу да болды. Бірақ дайындығымыз еш кетпеді, - деді бапкер Азаттыққа.

Бауыржан Жауынтаев бұған дейін дзюдодан жасөспірімдер арасында Азия және әлем чемпионатында жеңімпаз атанған спортшы.

Нанкиндегі жасөспірімдер арасындағы олимпиада ойындары 28 тамызға дейін жалғасады. Бұл жарысқа Қазақстаннан барған 51 жас спортшылар 17 спорт түрінен сайысқа түсіп жатыр.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG