Accessibility links

Моңғолия бас мүфтиі: Елде «жиһадшылар» жоқ


Моңғолияның Баян-Өлгий аймағындағы қазақтар. Суреттің авторы - Баяр Балганцэрэн. 2014 жыл.
Моңғолияның Баян-Өлгий аймағындағы қазақтар. Суреттің авторы - Баяр Балганцэрэн. 2014 жыл.

Моңғолия мұсылмандарының бас мүфтиі Өсерхан Мұхай елде радикалды көзқарастың тарамауын жетістік ретінде атады. Азаттыққа сұқбатында ол Моңғолия қазақтарының діни мәселелері жайында айтып берді.

Моңғолия мұсылмандарының дені – қазақтар. Тұрғындар саны 2 миллион 800 мың деп шамаланатын бұл елде 150 мыңдай қазақ тұрады.

Өсерхан Мұхай – 2009 жылдан бері Моңғолия мұсылмандарының бас мүфтиі. Рамазан айының алдында Азаттыққа берген сұхбатында ол Моңғолиядағы ислам дінінің жағдайы туралы баяндады.

МОҢҒОЛИЯ МҰСЫЛМАНДАРЫ

Азаттық: – Моңғолиядағы мұсылман негізінен қазақтар болса керек. Дегенмен өзге де мұсылмандар бар шығар?

Өсерхан Мұхай: – Моңғолияда тұратын қазақтардан басқа моңғол ұлтынан да ислам дінін қабылдағандар бар. Бұған қоса «хотон» деп аталатын моңғолдың бір тармағынан таралатын азғана топ та ислам дінін ұстанады.

Бірақ біз олардың нақты есебін осы күнге дейін жүргізбедік. Жер-жерлерде жұма намазына келіп тұрады. Сондай-ақ Түркия және араб елдерінен келіп уақытша тұрып жатқандар бар.

Азаттық: – «Моңғолия мұсылмандар одағы» дейтін ұйым құрып, жұмыс істеп жатқандарыңызға біраз болды. Исламнан өзге дін өкілдері басым мемлекетте қандай да бір кедергілер жоқ па?​

Цэнгэл ауданындағы мешіт. Баян-Өлгий аймағы, Моңғолия. Сурет жергілікті блогер Жанарбек Ақыбиұлынан алынды.
Цэнгэл ауданындағы мешіт. Баян-Өлгий аймағы, Моңғолия. Сурет жергілікті блогер Жанарбек Ақыбиұлынан алынды.

Өсерхан Мұхай: – Кедергі жоқ. Дегенмен мұсылман емес елде діни басқарма құру, діни іс-шараларды өткеру оңай емес. Бірақ, 1992 жылы қараша айында қабылданған «Үкімет және дінаралық заң» деген заңда үш дін «дәстүрлі дін» деп белгіленген. Соның бірі – ислам. 2007 жылы «Моңғолия мұсылман ұйымдары одағы» деген атпен бірлестік құрылған.

Оған дейін 1990 жылы заң шықпай тұрып құрылған «Моңғолия мұсылмандар қоғамы» деген ұйым жұмыс істеген болатын. Моңғолия үкіметі біздің жұмыс істеуімізге кедергі де келтірмейді, демеушілік те көрсетпейді. Әрбір мешіт өзін-өзі қаржыландырып, жұмыс жасап жатыр.

ҚАЗАҚСТАНМЕН ҚАТЫНАС

Азаттық: – Моңғолияда 1990-жылдардан бері мешіттер салына бастады. Қазір олардың саны қанша?

Өсерхан Мұхай: – 1947 жылы Моңғолия үкіметі өзінің ғибадатхана-пұтханасын жаңалауға шешім қабылдағанда қазақтарға арнап Баян-Өлгий аймағының орталығы Өлгий қаласында бір мешіт тұрғызыпты. Бірақ кейін сол мешіт жабылып қалған.

Баян-Өлгий аймағында тұратын қазақтар. Сурет авторы - Баяр Балганцэрэн. Моңғолия, 2014 жыл.
Баян-Өлгий аймағында тұратын қазақтар. Сурет авторы - Баяр Балганцэрэн. Моңғолия, 2014 жыл.

Содан кейін екінші рет 1991 жылы 200 адамдық мешіт салынды. Қазір Моңғолияда араб елдерінің демеушілігімен салынған мешіттердің саны елуге, медреселердің саны – жиырмаға жетіп қалды. Имамдар негізінен Қазақстан мен Түркиядан оқып келеді.

Азаттық: – Қазақстан мұсылмандар діни басқармасымен қарым-қатынас жасап тұрасыздар ма?

Өсерхан Мұхай: – Қарым-қатынасымыз өткен жылдан бастап жақсара түсті. Қазір біздің кейбір имамдар Қазақстанға барып, бір-екі айлық курстардан өтіп келеді. Сондай-ақ, биылдан бастап Қазақстандағы діни басқарманың қарамағындағы медреселерге бізден оқушылар қабылданды.

Бізге жетпейтіні енді тек діни оқу-құралдар болып тұр. Қазақстан діни басқармасынан бізге кітаптардың жетуі өте қиын. Кейбір Қазақстанға іссапармен немесе қыдырып барған жігіттер бірен-саран кітапты көтере келеді. Басқа жағдайда оқулықтар жетпейді. Өз ішімізден кейбір түрікшеден аударған кітаптарды Ұланбатырда бастырамыз. Әзірге соны қанағат тұтып отырмыз.

ЖАСТАР ЖӘНЕ ДІН

Азаттық: – Діни жоралғыларды атқаруда қаншалықты еркіндік бар?

Өсерхан Мұхай: – «Үкімет пен дін бөлек» дейтін заң бар. Сол себепті үкіметтік телеарналар мен газет-журналдар діни ахуалды көп сөз қыла бермейді. Бұған қоса олардың ішкі ережелеріне байланысты діни насихат жүргізуге рұқсат етілмейді де. Сондықтан өзіміздің мұсылмандар одағының веб-сайты арқылы уағыз жүргіземіз.

Азаттық: – Баян-Өлгийдегі жастар арасында дінге бет бұрғандар көп пе?

Баян-Өлгий аймағындағы қазақ балалары. Сурет авторы - Баяр Балганцэрэн. Моңғолия, 2014 жыл.
Баян-Өлгий аймағындағы қазақ балалары. Сурет авторы - Баяр Балганцэрэн. Моңғолия, 2014 жыл.

Өсерхан Мұхай: – Жұма намазында мешітке келетін мұсылман қауымының 80-90 пайызы жастар. Қазір аға және орта буынға қарағанда жастардың діни жолға түсуі өте жоғары деңгейде екені байқалады.

Азаттық: – Қазір әр елден «жиһад» деп Сирия, Ирак сияқты соғыс аймақтарына аттанып жатқандар бар. Моңғолия мұсылмандарының арасындаосындай жағдай кездесе ме?

Өсерхан Мұхай: – Жоқ. Біздің басты жетістігіміз де осы.

Азаттық: – Мұның себебін қалай түсіндіресіз?

Өсерхан Мұхай: – Оның бірнеше себебі бар. Бұл жерде тұратын мұсылмандардың саны аз. Оған қоса жергілікті жерде ежелгі ата-дәстүр қатаң сақталатындықтан оғаш қылық таныта бастаған немесе басқа ағымдарға түсе бастаған жастарды дер уақытында ауыл ақсақалдары жөнге, түзу жолға салып отырады.

Бұған қоса діни уағыз жөнімен, дұрысымен жүргізіліп жатыр, сондықтан да «жиһад» ұғымы ел ішіне тарай қоймады.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рақмет.

XS
SM
MD
LG