Accessibility links

«Нұр-Мүбәрәк» атауынан «Мүбәрәк» сөзін алып тастау туралы ұсыныс айтылды


Демонстрант Хосни Мүбәрәктің суретін басып өтіп бара жатыр. Каир, 1 ақпан 2011 жыл.

Демонстрант Хосни Мүбәрәктің суретін басып өтіп бара жатыр. Каир, 1 ақпан 2011 жыл.

Египеттегі оқиғаларға байланысты Қазақстанның Мұсылмандар одағы Алматыдағы «Нұр-Мүбәрәк» университетінің атауын өзгерту туралы ұсыныс айтты. Университет басшылығы бұл атауды саясаттан алшақтатуға тырысады.

"Нұр-Мүбәрәк" университетінің атауына қатысты хабарды тыңдаңыз

Ақпанның 3-і күні Қазақстанның мұсылмандар одағы мен Орталық Азиядағы адам құқығы бойынша Мұсылмандар комитеті қазақ үкіметін Египеттегі саяси дағдарыс кезінде үнсіз қалмай, елдегі жағдайды қалыпқа келтіруде белсенділік танытуға шақырды.

Комитет өкілдерінің пікірінше, 2011 жылы Ислам конференциясы ұйымына төрағалық жасап отырған Қазақстан басшылығы Египеттегі саяси қақтығысты ушықтырмауға үлес қосуы тиіс. Олар Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты өз беделін пайдаланып, Египеттегі оқиғалардың соңы азаматтық соғысқа ұласпас үшін президент Хосни Мүбәрәкке ықпал етуге шақырды.

Бұдан бөлек, комитет өкілдері ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Алматыда орналасқан қазақ-египет «Нұр-Мүбәрәк» университетінің басшылығына университет атауынан Египет президентінің есімін алып тастау туралы кеңес береді.

«Египеттегі болып жатқан оқиғаларды, сонымен қатар халықаралық қауымдастықтың президент Хосни Мүбәрәкке деген көзқарасын ескере отырып, мұсылман ұйымдары Қазақстандағы оқу орнының атышулы саяси қайраткердің есімімен аталуына қарсы. Университет атауының өзгертілуі әлем жұртшылығына Қазақстан халқының египет халқымен бірге екенін және ондағы прогрессивті өзгерістерді қолдайтынын көрсетеді» деп жазылған бейсенбі күні тараған баспасөз-мәлімдемесінде.

– Менің пікірімше, оны (университетті – ред.) Ислам мәдениеттерінің қазақстан-египеттік университеті деп атасақ дұрыс болар. Жалпы, менің ойымша, университеттерді тірі адамдардың есімімен атап, заң деңгейінде шешім қабылдау дұрыс емес. Бұл қарапайым этика нормаларына қайшы, – деді Қазақстан мұсылмандар одағының төрағасы Мұрат Телібеков Азаттық радиосының тілшісіне.

Ал университеттің проректоры Шәмшаддин Керім университеттің атауын өзгерту-өзгертпеу мәселесін екі елдің үкіметтері шешетінін, оқу орнының атауын өзгертуді қаламайтынын айтады.

– «Нұр-Мүбәрәк» университеті туралы Египет пен Қазақстан үкіметтері арасында 2001 жылы келісім қабылданған. 2003 жылы президенттің бұйрығымен бекітілген. Сондықтан бұл келісімнің әрпін өзгерту жоғарыда айтылған процедуралардан өтеді. Ал енді атауға келсек, «мүбәрәк», «нұр» сөздері ислам дінінде, қазақ, араб тілінде өте жақсы мағына береді. Бұл сөздер президенттер келмей тұрған кезде де болған. «Мүбәрәк» сөзі «бақыт», «жақсылықтың бастамасы» деген мағынаны білдіреді. Ал саясат өзгере береді. Мәңгі адам жоқ. Бірақ осы сияқты мәңгі өзгермейтін құндылықтар бар. Сондықтан бүгін саясат былай өзгерді екен деп ауытқығанымыз жөнсіз деп есептеймін, – деді ол Азаттық радиосына.

Қазақ-египет «Нұр-Мүбәрәк» университеті Қазақстан мен Египет президенттерінің келісіміне сәйкес 2001 жылы ашылған.

Ал Египет астанасы Каирде наразылық шаралары бүгін де жалғасып жатыр. Жергілікті халықтың наразылық танытып, ел президенті Хосни Мүбәрәктің қызметтен кетуін талап етіп жатқанына осымен он күн болды. Президент Мүбәрәк сейсенбі күні президенттік тақтан мерзімі біткен кезде, яғни осы жылдың қыркүйек айында бір-ақ кететінін айтқан.

Соңғы келіп түскен мәліметтер бойынша жергілікті полиция мен Хосни Мүбәрәкті жақтап көшеге шыққан топ суық қару қолданып, режимге қарсы шеру тартқан 800-ден астам демонстрантты жаралаған. Наразылық акциясына қатысушылардың ішінде 5 адам қаза тапқан.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG