Accessibility links

«Советтер жағында» соғысқан ауған қазақтары


Совет әскері Ауғанстан шығып барады. 21 мамыр 1988 жыл. (Көрнекі сурет)

Совет әскері Ауғанстан шығып барады. 21 мамыр 1988 жыл. (Көрнекі сурет)

СССР 1979 жылы 24 желтоқсанда «Ауғанстанға шектеулі әскери контингент кіргізуге» шешім қабылдады. Совет Одағы қолдауымен «дұшмандарға» қарсы соғысқан үкімет әскері қатарында жергілікті қазақтар да болған.

Совет Одағы Ауғанстанда 1979-1989 жылдар аралығында жүргізген соғысқа қазақтар да қатысты. Олардың көбі СССР-ден барған әскер қатарында болды, ал кейбірі оларға жақтасқан үкімет әскері құрамындағы ауғандық қазақтар еді.

«ТАНКИСТ ПЕН КОМАНДИР»

Бұдан алты жыл бұрын Ауғанстаннан Қазақстанға қоныс аударған, қазір Алматы облысы Қарасай ауданында тұратын Абдулсаттар Асанбек «сегіз жыл бойы совет әскерінің құрамында дұшмандарға қарсы соғысқанын» айтады.

– Сол кезде ауған үкіметі сіздің жасыңызға, сосын аяғыңызға қарайтын еді де әскерге алып кете беретін. 18 жаста едім. Бізді Тырмызыға [Термез – ред.] әкетті де, сол жерде алты ай танкінің курсын оқытты. Одан кейін тоғыз ай Кабулге әкеп оқытты. Содан кейін соғысқа шығарды, – дейді ол.

Ауған соғысына қатысқанын айтқан Абдулсаттар Асанбек. Алматы, 23 желтоқсан 2014 жыл.

Ауған соғысына қатысқанын айтқан Абдулсаттар Асанбек. Алматы, 23 желтоқсан 2014 жыл.

Абдулсаттар Асанбек совет әскерін тұрақты азық-түлік және ақшамен қамтамасыз еткені үшін қолдағанын айтады.

– Совет әскерлерімен сегіз жыл бірге жүрдік. Сонда бізге ай сайын бидай, ұннан бастап сақал алатын ұстараға дейін беретін еді. Екіншіден, айлығыңды уақытында беретін. Одан соң алты ай сайын 15 күнге үйге жіберетін. Сол себепті менің көңілім оларға хош болды, – дейді ауған соғысына қатысушы.

Абдулсаттар Асанбек 1989 жылы совет әскері Ауғанстаннан шығарылған соң да елдің сол кездегі президенті Мұхаммед Наджибулла (1987-1992 жылдары президент болған) әскерінің құрамында танкист болғанын айтады.

Ауғанстандағы 1979-1989 жылғы соғыс кезінде совет әскері жағында соғысқанын айтқан ауғандық қазақтардың енді бірі өзін «Командир Абдуали Ахмет» деп таныстырды. Оның айтуынша, 13 жасында совет әскері Ауғанстанға келе бастағанда әке-шешесімен бірге Иранға ауып кеткен.

Ауған соғысына қатысқанын айтқан Абдуали Ахмет. Алматы, 23 желтоқсан 2014 жыл.

Ауған соғысына қатысқанын айтқан Абдуали Ахмет. Алматы, 23 желтоқсан 2014 жыл.

– 18 жасқа толғанда Баракат есімді досым екеуіміз Ираннан Түркияға кетпек болып құжат жасаттық. Бірақ ол құжатымыз жалған болып шықты да, Түркия шекарасынан ұстап алып, Ауғанстан шекарасына әкеліп өткізіп жіберді. Сөйтіп Ауғанстанда үш жылдай орыс әскерімен бірге соғыстым, – дейді Абдуали Ахмет.

Ол да совет әскері Ауғанстаннан кеткен соң Наджибулла әскерінің құрамында қалып, бөлім командирі болғанын айтады.

«АУҒАН ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ БІРАЗЫ БОСЫП КЕТТІ»

СССР-дің Ауғанстандағы соғысы кезінде ол елдегі қазақтардың кейбірі совет әскері жақтаған үкімет жасағы жағында жүргенін қазақстандық ауған соғысы ардагері Бақытбек Смағұл да растайды.

– Мазари-Шарифте, Құндызда, тіпті Кабулде де ауған әскері құрамында жүрген жергілікті қазақтар болды, – дейді ол.

СССР Ауғанстанға жіберген арнаулы десант жасағы құрамында болған қазақстандық Орынбасар Тазабеков те совет-ауған соғысы кезінде ауғандық қазақтарды көргенін айтады.

– Ауған жерінде қазақтар өте аз болды. Көбісі малын бағып, саудасын жасап, тыныш жүретін. Бірақ тұтастай алған жергілікті ауғандықтар совет әскерін жақтырмайтын, – дейді ол.

Ауған соғысына қатысқанын айтқан Абдуали Ахметтің әскери билеті.

Ауған соғысына қатысқанын айтқан Абдуали Ахметтің әскери билеті.

​Орынбасар Тазабеков бірде әлдебір ауған қыстағын бомбалау туралы бұйрық алғандарын, «сол кезде ол қыстақтағы жеті-сегіз қазақ отбасыларына алдын-ала ескертіп, көшіріп жібергендерін» есіне алды.

Ауғанстан қазақтарының совет-ауған соғысы кезіндегі жай-күйін білетінін айтқан адамның бірі – Иранда туып-өскен, қазір Алматыда тұратын ғалым Ислам Жеменей. Оның сөзінше, ауғандық қазақтардың көбі совет әскерінен аулақ кетуге тырысқан.

– 1979 жылы Ауғанстан жеріндегі туысқан қазақтарды аралап жүргенмін. Алғаш совет әскері шекарадан енгенде жұрт жаппай басқа жаққа боса бастады. Өйткені арнайы білімі жоқ болғанымен, жергілікті жұрт коммунистік партияны қабылдай алмады. Сондықтан жергілікті ұлттармен бірге ауған қазақтарының да біразы Иранға, Түркияға және Пәкістанға қоныс аударып кетті, – дейді ол.

Совет әскері Ауғанстанға 1979 жылы желтоқсанда кіріп, 1989 жылы ақпанда елді тастап шықты. Кейбір деректер бойынша, бұл соғыстан 600 мыңдай ауған азаматы мерт болған. Ал совет әскері 14 мыңнан астам адамынан айырылған. Соғысқа Қазақстаннан 22 мың солдат аттанып, оның мыңға жуығы қаза тапқан, бірнеше мыңы мүгедек болып оралған. Ол соғысқа Ауғанстандағы қазақтардың қаншасы қай тарапта қатысып, нешеуі мерт болғаны әлі анық емес.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG