Accessibility links

Головкин әлемдік рекордын тағы жаңғыртты


Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин мен канадалық Давид Лемье арасындағы жекпе-жек. Нью-Йорк. 18 қазан 2015 жыл (Сурет Головкин командасының баспасөз қызметінен алынды).

Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин мен канадалық Давид Лемье арасындағы жекпе-жек. Нью-Йорк. 18 қазан 2015 жыл (Сурет Головкин командасының баспасөз қызметінен алынды).

Нью-Йорктегі жекпе-жекте канадалық Давид Лемьені жеңген қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин қатарынан 21-кездесуді нокаутпен ұтып, жаңа әлемдік рекорд орнатты.

АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында 17 қазанда (Қазақстанда жексенбі күні таңертең) әйгілі Madison Square Garden аренасында өткен жекпе-жектің бірінші раундында екі боксшы бірнеше соққы алмасып, бір-бірінің күш-қайратын байқасты. Ал екінші раундта Геннадий Головкин басымдылықты өз қолына алып, канадалық бәсекелесіне бірнеше соққы дарытып үлгерді. Үшінші раундты қарсыластар бір сарынды өткізсе, төртінші раундта GGG (Головкиннің лақап аты) Давид Лемьеге төрт-бес соққы жасады.

Бесінші раундта Лемье бауыр тұсынан тиген Головкиннің соққысын ауырсынып, ринг ортасына отыра қалған. Осы сәтті пайдаланған Головкин қарсыласына ауыр соққы жасады. Лемьенің нокдаун алғанын көрген төреші санай бастаған. Бірақ Лемье есін жиып, кездесуді жалғастыруға дайын екенін білдіріп басын изеді. Жекпе-жек жалғасқан бетте Головкин тағы бірнеше соққымен Лемьены бұрышқа тықсырған. Осы сәтте бесінші раунд аяқталғанынан белгі беріп гонг соғылды.

Алтыншы раунд та қазақстандық боксшының басымдылығымен өтті. Жетінші раундта Головкиннің ауыр соққыларынан кейін Лемьенің мұрны қанап, оған медициналық көмек көрсетілді. Сегізінші раундтың ортасында Головкин Лемьені бұрышқа тығып, ауыр соққылардың астына алған соң төреші кездесуді бірден тоқтатып, бұл жекпе-жек Геннадий Головкиннің пайдасына техникалық нокаутпен аяқталды.

Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин мен канадалық Давид Лемье арасындағы жекпе-жек. Нью-Йорк. 18 қазан 2015 жыл (Сурет Головкин командасының баспасөз қызметінен алынды).

Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин мен канадалық Давид Лемье арасындағы жекпе-жек. Нью-Йорк. 18 қазан 2015 жыл (Сурет Головкин командасының баспасөз қызметінен алынды).

​Кездесу соңынан білдірген пікірінде Геннадий Головкин:

– Жанкүйерлерге шоу сыйлағаным үшін ризамын. Лемье – мықты қарсылас. Әрбір қарсылас қауіпті. Мен бокс тарихына жаңа леп әкеліп, орта салмақтың үздігі атанғым келеді. Мен бизнесмен емеспін, мен – боксшымын, - деді.

Ал Лемье «Головкинді құрметтеймін. Алдағы уақытта да дәл осындай үлкен кездесу өткізгім келеді. Әрине, кездесуді жалғастырғым келген. Төрешілер тоқтатпағанда жалғастырар едім. Бірақ, қарсыласым мықты болды» деп түйіндеді.

33 жастағы Геннадий Головкин осымен кәсіпқой рингтегі 34-кездесуін жеңіспен аяқтады. Қазақстандық боксшы 31 жекпе-жекте нокаутпен жеңіске жеткен. Орта салмақтағы WBA (Super), IBO және WBC (Interim) дәрежелері бойынша әлем чемпионы атағын сақтап қалған Геннадий Головкин оған қоса IBF тұжырымы бойынша Давид Лемьеге тиесілі болған чемпиондық белдікті де жеңіп алды.

Геннадий Головкин (сол жақта) мен Мартин Мюррейдің жекпе-жегі. Монте-Карло, 22 ақпан 2015 жыл.

Геннадий Головкин (сол жақта) мен Мартин Мюррейдің жекпе-жегі. Монте-Карло, 22 ақпан 2015 жыл.

Қазақстандық кәсіпқой боксшы биыл үш кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Бұған дейін 21 ақпанда Монакода ұлыбританиялық Мартин Мюррейді 11-раунда нокаутқа жіберген Головкин 17 мамырда Калифорнияда америкалық кіші Вилли Монроны алтыншы раундта нокаутпен ұтқан.

Головкиннің әлемдік бокс тарихына қосқан тағы бір жаңалығы – ол осымен қатарынан 21-кездесуде бәсекелесін нокаутпен жеңіп, әлемдік рекорд жасады. Оған дейінгі рекорд – қатарынан 19 кездесуде нокаутпен жеңіске жеткен америкалық Майк Тайсонға тиесілі болатын.

Геннадий Головкин бұл жолғы кездесудегі жеңісі үшін екі миллион доллар сыйлық берілді. Мұндай көлемдегі гонорарға ол алғаш рет ие болып отыр. Ал Лемье 1,5 миллион доллар алды.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG