Accessibility links

«Батырхан Шүкенов қырғыз арасында да танымал еді»


Қазақстандық танымал әнші Батырхан Шүкенов.

Қазақстандық танымал әнші Батырхан Шүкенов.

Азаттықтың Қырғыз қызметіне сұхбатында әнші Әділ Чекилов сәуірдің 28-і күні 52 жасында дүние салған қазақстандық музыкант Батырхан Шүкеновтың Қырғызстанда танымал болуының сырын айтты.

«Азаттық»: – Батырхан Шүкеновпен жақын дос әрі әріптес болдыңыз. Екеуіңіз қалай таныстыңыздар, алғашқы кездесу қалай өтті?

Әділ Чекилов: – 1980 жылдардың аяғында Фрунзеге Алла Пугачеваның театры концертпен келгені есіңізде болар. Мен сол кезде сахна сыртына барып, Батырхан Шүкеновпен амандастым. «Сізді көзіммен көріп, қолыңызды алғаныма қуаныштымын, музыкаңыз қатты ұнайды» дедім. Ол кезде біз «А’Cтудио» тобы жігіттерін шынымен әріптес аға тұтып, олардан үлгі алып, еліктеуге тырысатынбыз. Батыр да жылы шырай танытып, екеуміз қол алыстық. Кейін түрлі шаралар мен концерттерде жиі кездесіп жүрдік. Алматыда жүргенде жақын танысып, көбінесе кәсіби тұрғыдан араласып кеттік.

«Азаттық»: – Батырхан Шүкенов өз ісінің шебері екені даусыз, мұны жұрттың бәрі біледі. Оның музыкасы да ерекше, Орталық Азияда оның әндерінің ерекше орны бар. Ал өмірде қандай жан еді?

Әділ Чекилов: – Өте ақкөңіл жан болатын, достарын қатты қадірлейтін. Бішкекке келген сайын «Әділ, сәлем! Хал қалай? Мен Бішкектемін, келсеңші, әңгімелесейік» деп міндетті түрде телефон соғатын. Достықты қадірлейтін, үнемі жайдары жүретін адам еді. 1992 жылы Бішкекке концертпен келген «А’Cтудио» тобы ата-анамның үйінде қонақта болды. Батыр түрлі қызық жайттарды жиі айтатын, адамдарға пародия жасайтын, жұртты күлдіріп, көңілдендірудің шебері еді.

«Азаттық»: – Олай болса, оның әндерінің көбі неліктен мұңды болып келеді? Әлде жүрегінің түпкірінде әлдебір мұң жатты ма екен?

Әділ Чекилов: – Мүмкін. Әрине, кез келген адам сияқты, ол да өмірдің мәнін іздеген шығар, бәлкім, таппаған соң өзін жалғыз сезінген болар.

Батырхан Шүкенов пен Әділ Чекилов (оң жақта).

Батырхан Шүкенов пен Әділ Чекилов (оң жақта).

«Азаттық»: – Ол бақытты жан ба еді?

Әділ Чекилов: – Иә, әр адам сияқты ол да өзінше бақытты болды.

«Азаттық»: – Соңғы кезде Батырхан Шүкенов «Россия-1» телеарнасының «Один в один» жобасына қатысып жүрді. Сұхбаттарының бірінде «жұмыс көп, бұрылуға мұрша жоқ, ұйықтауға әрең уақыт табамын» деген еді. Қазір баспасөз оның мезгілсіз қазасына осы себеп болуы мүмкін деп жазып жатыр. Жұрт таныған, мойындаған артистке бұл жоба соншалық қажет болды ма?

Әділ Чекилов: – Оның екінші тынысы ашылды. Мүмкін, іштей бірдеңе сезіп, бәріне үлгеруге асыққан болар. Әрине, жұмыстан да шаршаған шығар. Оның үстіне, артист адам сахнаға шыққан кезде бүкіл дүниені ұмытып, шығармашылығы мен көрерменіне жан-тәнімен беріледі.

«Азаттық»: – Оның дағдарған, күйзелген кездері болды ма?

Әділ Чекилов: – Шығармашылықпен айналысатын адамдардың бәрі белгілі бір дағдарыс кезеңдерін бастан өткереді, депрессияға түседі. Мұндай жағдай кез келгеннің басында бар. Соңғы рет екеуміз бір ай бұрын сөйлескенбіз. Бішкектегі «Ала-Тоо» ойын-сауық орталығының ашылу салтанатында түсірілген сюжетті ағасы Бауыржанға жібергенмін. Сол жолы арнайы шақырумен келіп, тамаша концерт қойған. Бауыржанға хабарласып, «видеоны Батырға көрсетіңізші» деп өтінгенмін. Ол Батырға видео қатты ұнағанын айтқан. Енді әлгі сюжетті әлеуметтік желілерде жариялағым келеді.

«Азаттық»: – Батырханның мезгілсіз қазасы әлеуметтік желідегі жұрттың жаппай азасына ұласты. Оның қазасына қайғырған жандар Қырғызстанда да өте көп болды. Біздің елде де Батырханды жақсы көреді әрі қадірлейді. Ал қырғыз көрермендеріне деген оның ықыласы қандай еді?

Әділ Чекилов: – Айтпақшы, әлгінде айтқан сюжетте оның «Мұнда достарым көп, Бішкекте – ерекше публика. Бішкек пен Баку – адамға шабыт беретін, аурасы ерекше қалалар» деген сөздері бар. Ол бұл туралы ән жазу керек екен деп жүретін. Оған Қырғызстан жұрты қатты ұнайтын. Үнемі тәнті болып, жылы лебізін білдіретін.

«Азаттық»: – Сізге Батырханмен бір сахнада өнер көрсетудің сәті түсті ме?

Күшті әсер қалдырған «Джулия» әнін біз сияқты музыканттар әлдебір жаңалықтың лебіндей қабылдадық.

Әділ Чекилов: – Баяғыда, «Элес» тобында жүргенімде бір сахнаға шығып жүрдік. Мысалы, «Азия дауысы» фестивалінде. Ол кез «Ялла», «А’Cтудио», «Элес» сияқты топтардың жұлдызды шағы болды. Жиі болмаса да, бір сахнада өнер көрсеттік. Екеуміз менің музыкалық аспапқа арнап жазған композицияларымның бірін жазбақ болғанбыз. Бірақ, оның бұрылуға мұршасы жоғын түсініп, «Міне, енді боспын. Келіңдер!» деп өзі хабарласатын шығар деп күтіп жүргенмін. Екеуміз гитарист Азамат Әшірбаевтың ұлымен бірлесіп, Азамат туралы ән жазғымыз келген. Екеуіміздің жоспарымызда осындай да жоба болған, бірақ, өкінішке қарай, орындалмай қалды.

«Азаттық»: – Оның қай әнін ерекше жақсы көресіз?

Әділ Чекилов: – Әрине, күшті әсер қалдырған «Джулия» әнін бірінші атар едім. Біз сияқты музыканттар бұл әнді әлдебір жаңалықтың лебіндей қабылдадық. Жігіттердің өнері танылып, үлкен сахнаға шыққанына қуандық. Маған оның көп әндері ұнайды.

«Азаттық»: – Батырхан Шүкеновтың феномені, яғни оның өзіне ғана тән қайталанбас ерекшелігі неде деп ойлайсыз? Қалың жұрт алаңдарға жиналып, әндерін айтып, гүл шоқтарын қойып жатыр... Қаншама адам оның қазасын аза тұтып, қаншама естеліктер айтылып жатыр... Мүмкін, пафос сияқты көрінер, бірақ ол бүкіл халықтың нағыз сүйіспеншілігіне бөленді. Оның феномені неде деп ойлайсыз?

Әділ Чекилов: – Оның ерекшелігі адамгершілігі мен қарапайымдылығында, кісілігі мен кішілігінде деп ойлаймын. Өте дарынды жан болатын. Жоғарыда «Ала-Тоо» ойын-сауық орталығындағы концерт туралы айттым ғой. Сол концертте біз бір жұпты – қырғыз қызы мен оның шетелдік досын жолықтырдық. Әлгі ағылшын жігіт «Мені бұл концертке «өзім пір тұтатын әншім өнер көрсетеді» деп сүйген қызым ертіп әкелді. Оны өз көзіммен көріп, әнін тыңдағым келді. Оның шынымен тамаша музыкант екенін алғашқы дауысы мен алғашқы нотадан түсіндім. Сүйген қызымның талғамы осындай жоғары болғанына қуаныштымын» деген еді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG