Accessibility links

Қытай атынан Риоға баратын қазақ балуан


Қытай құрамасындағы қазақ балуаны Ерланбек Кәтейұлы (көк формада) Астанадағы олимпиадалық іріктеу жарысында. 19 наурыз 2016 жыл. (Суретті түсірген - Жеңіс Ысқабай).

Қытай құрамасындағы қазақ балуаны Ерланбек Кәтейұлы (көк формада) Астанадағы олимпиадалық іріктеу жарысында. 19 наурыз 2016 жыл. (Суретті түсірген - Жеңіс Ысқабай).

25 жастағы Қытай қазағы Ерланбек Кәтейұлы еркін күрестен биыл Рио-де-Жанейро олимпиадасына барады. Азаттық тілшісі шетелдегі қазақ балуанымен сұхбаттасқан еді.

Биыл наурызда Астанада өткен күрестен Рио олимпиадасына Азия елдері арасындағы іріктеу жарысында Ерланбек Кәтейұлы олимпиада жолдамасын иеленді. Қытай құрамасы балуаны алдымен Содикхожа Исмоиловты (Тәжікстан), Шого Маеданы (Жапония) жеңді. Ал шешуші кездесуде бұрын Ресей құрамасы сапында Еуропа чемпионы болған, қазір Бахрейн азаматтығын алған Адам Батыровты ұтты.

– Азия және әлем чемпионаттарына қатыстым. Олимпиадаға алғаш бара жатырмын. Енді тек соған дайындаламын. Биыл мен үшін екі ірі жарыс бар. Олимпиададан кейін күзде Қытайдың ішкі спартакиадасы өтеді. Ол жарыс Қытайда олимпиададан кейінгі беделге ие, - дейді балуан.

ШОПАННЫҢ БАЛАСЫ

Ерланбек Кәтейұлы Қытайдың Алтай аймағы Қызылтас ауылында туған. Ол 2010 жылы Қытай біріншілігінде 65 килограмм салмақ дәрежесі бойынша чемпион атанып, осы елдің ұлттық құрамасына алынған. Ол қойшы шаңырағында дүниеге келгенін, бала кезден қой бағып өскенін айтады.

Күресті кешірек бастадым. Басында ата-анам қарсы болды. Бірақ қой бағудан шаршап, күреске бет бұра бастадым.

– Алты ағайындымыз, мен кенжесімін. Күресті кешірек бастадым. Басында ата-анам қарсы болды. Бірақ қой бағудан шаршап, күреске бет бұра бастадым. Ішкі Қытайдағы күрес орталықтарына бардым. Сол жерде күреске түпкілікті бет бұрдым, - дейді балуан.

Ерланбек қазір Қытайдың Лянчжоу кентінде әкесі және ағайындарымен бірге тұрып жатыр. Анасы екі жыл бұрын дүние салған.

«ҚАЗАҚ ЕКЕНСІЗ ҒОЙ»

Ерланбек Кәтейұлы Қытай чемпионатында еркін күрестен 65 килограмм салмақта бірнеше мәрте чемпион атанған.

Лондон олимпиадасында еркін күрестен қола жүлде иеленген қазақстандық балуан Ақжүрек Таңатаров.

Лондон олимпиадасында еркін күрестен қола жүлде иеленген қазақстандық балуан Ақжүрек Таңатаров.

2011 жылы Астанада өткен Лондон олимпиадасына іріктеуде Ерланбек ширек финалда Қазақстан құрамасы мүшесі Ақжүрек Таңатаровтан (осы олимпиаданың қола жүлдегері – ред.) жеңіліп, жолдамасыз қалды. Бұл оның олимпиада ойындарына жасаған алғашқы қадамы еді.

– Ақжүрек менің қазақ екенімді соңына дейін білмеді. Тек ол финалға дейін жетіп, жолдама алған сәтте жанына барып, қолын алдым. Ақжүрек қазақша сөйлегеніме таңғалып, «қазақ екенсіз ғой» деп иығымнан қақты, - дейді ол.

АЗИЯНЫҢ ҚОЛА ЖҮЛДЕГЕРІ

Ерланбек Кәтейұлы әлемдік жарыстарда Қазақстан балуандарымен бірнеше рет кездескен. Ол 2014 жылы Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен Азия ойындарында қола медаль иеленген.

Осы жарыстың бірінші айналымында ол қазақстандық Дәурен Жұмағазиевті жеңіп, ширек финалда үндістандық, Лондон олимпиадасы қола жүлдегері Йогешвар Дуттан жеңіліп қалған. Ал қолаға таласта солтүстік кореялық Кан Чин Хукты жеңді. Бұл Ерланбек Кәтейұлының халықаралық жарыстағы алғашқы медалі еді.

Қытай құрамасындағы қазақ балуаны Ерланбек Кәтейұлы Астанадағы олимпиадалық іріктеу жарысында. 19 наурыз 2016 жыл. (Суретті түсірген - Жеңіс Ысқабай).

Қытай құрамасындағы қазақ балуаны Ерланбек Кәтейұлы Астанадағы олимпиадалық іріктеу жарысында. 19 наурыз 2016 жыл. (Суретті түсірген - Жеңіс Ысқабай).

– Балуан кілемге бірнеше жыл бойы төккен тері мен жаттығу нәтижесін көру үшін шығады. Бұл – спорт. Сондықтан кілемге шыққан кез келген спортшымен спорттық ережеге сай белдесу керек. Дәуренмен Азия ойындарында шықтым және жеңіске жеттім, - дейді Ерланбек.

2014 жылы Азия ойындарында қола алғаннан кейін Қытай бапкерлері оны Лас-Вегастағы әлем чемпионатына жіберді. Ол алғашқы айналымда түркиялық Мұстафа Каяны жеңгенімен, екінші айналымда америкалық Брент Меткалфтан жеңіліп қалды.

Ерланбек Кәтейұлы спорттан алыстағысы келмейтінін айтады. Спортшы ретінде карьерасын аяқтаған соң бапкерлікпен айналысуды жоспарлап жүр. Балуан тарихи отаны Қазақстанға оралу туралы сұраққа «болашақ көрсетеді» деп жауап берді.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG