Accessibility links

Үрімжіде виза алу қиындығы тағы айтыла бастады


Қазақстанның Қытайдағы төлқұжат-визалық қызметі кеңсесі алдында тұрғандар. (Азаттыққа оқырманнан келген мұрағаттағы сурет.)

Қазақстанның Қытайдағы төлқұжат-визалық қызметі кеңсесі алдында тұрғандар. (Азаттыққа оқырманнан келген мұрағаттағы сурет.)

Шыңжаңдық қазақтар Қазақстан визасы тым ұзақ рәсімделеді, жаз айларында кезек күрт көбейеді деп шағымданады. Ал сыртқы істер министрлігі «қажетті шаралар атқарып жатқанын» айтады.

Үрімжі қаласында тұратын Ақытбек есімді этникалық қазақ – он шақты жыл бойы Қытайдағы Қазақстанның дипломатиялық өкілдігінен виза алу машақатын көріп жүргенін айтып шағымданушылардың бірі. Ол биыл өзі тарихи отаным деп санайтын елге баруға ертерек қамданып, Үрімжідегі Қазақстанның төлқұжат-визалық қызметіне бірнеше ай бұрын виза алуға өтініш берген.

Ақытбек сияқты сапарға жаз айындағы демалыс кезінде шығатындар көп. Олардың көпшілігі – жаз шыға қолы босайтын малшы-диқандар мен мұғалімдер. Виза алушылардың айтуынша, мамыр айынан бастап Қазақстанға барушылар саны бірден өсіп кетеді де, виза алу кезінде ұзақ-сонар кезек пайда болады.

«Үрімжідегі Қазақстанның төлқұжат-визалық қызметінде бар-жоғы екі-үш адам ғана жұмыс істейді. Жазда барсаң да, қыста барсаң да сол екі-үш адам отырады. Яғни жұмыс істеу жүйесі дұрыс құрылмаған. Ал алдын-ала қамдануды білмейтін жергілікті этникалық қазақтар виза алу кезінде делдалдарға ұрынады» дейді Ақытбек.

«ДАТ АЙТСАҚ, «ШЫҚ» ДЕЙДІ»

Азаттық тілшісіне өзін Оңал деп таныстырған Үрімжі қаласының тағы бір тұрғыны әсіресе, алыс аймақтардан келгендер үшін «виза алудың қасірет екенін» айтты.

Қытайдың Алтай аймағында мал айдап бара жатқан қазақтар. 2 маусым 2012 жыл.

Қытайдың Алтай аймағында мал айдап бара жатқан қазақтар. 2 маусым 2012 жыл.

«Менің туыстарым Алтай аймағында тұрады. Үрімжі мен Алтайдың арасы 600 шақырым. Кейде соншалықты алыс жерден келіп апталап жатып қалады. Бұған қоса осы виза беру мекемесінде істейтін қызметкерлердің адаммен қарым-қатынасы, сөйлесу мәдениеті өте төмен. Кейде датыңды айтсаң «шық» дейді, болмаса қарауыл шақырады. Қазақстанда туысымыз, тамыр-танысымыз тұрады. Кейде той-томалаққа, кейде өлім-жітімге баруға тура келеді. Бірақ бізде ең жылдам берілген визаның өзіне бір айда әрең қолың жетеді» дейді Оңал.

Қазақстан визасына өтініш тапсырушы үрімжіліктер төлқұжат-визалық қызмет бөлімшесін Алтай мен Құлжа қалаларынан да ашып қойса деп сұрайды. Үрімжі - Қытайдың батысындағы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының орталығы. Этникалық қазақтардың көпшілігі осы ауданға кіретін Қарамай қаласында және Іле-Қазақ автономиялық облысында (Құлжа және Алтай қалалары) тұрады.

«ШЕШІМІН ТАПҚАНША ҚАРАСТЫРЫЛА БЕРЕДІ»

Азаттық тілшісі Үрімжі қаласындағы Қазақстанның төлқұжат-визалық қызметіне қоңырау шалған еді. Аты-жөнін айтпаған дипломат: «Өтініш берген соң 15 күннің ішінде виза дайын болады. Өтініш берген азамат өзінің мекен-жайын қалдырады. Біз визаны пошта арқылы тиісті мекен-жайға жібереміз» деп жауап берді.

Ал Қазақстан сыртқы істер министрі баспасөз қызметінің өкілі Нұржан Айтмаханов виза алу кезіндегі қиындықтарды шешу үшін «тиісті шаралар атқарылып жатқанын» айтады.

Астанадағы Қазақстан сыртқы істер министрлігі ғимараты.

Астанадағы Қазақстан сыртқы істер министрлігі ғимараты.

«Жалпы мұндай мәселелер (виза алу қиындығы – ред.) бар. Жаз айларында тек Қытайдағы қазақтар емес, қазақстандық азаматтар да сондай қиыншылықтарға тап болады. Бұл мәселе бойынша, бір емес, бірнеше кездесу өткізілді, әлі де өткізіледі. Шешімін тапқанша қарастырылады. Өткен жылдың нәтижесі бойынша Үрімжідегі Қазақстан азаматтарын қабылдау күні арттырылды. Бұрын үш күн қабылдайтын болса, енді төрт күн қабылдайтын болады. Сосын қызметкерлер саны бір кісіге көбейтілді. Бұрын екі терезе жұмыс істеп келсе, енді үш терезе арқылы азаматтарға қызмет көрсетіледі» деді Нұржан Айтмаханов.

Азаттық тілшісінің «Алтай мен Құлжа қаласынан «төлқұжат-визалық мекеме ашу туралы мәселе бұған дейін сыртқы істер министрлігінде қарастырылды ма?» деген сауалына баспасөз қызметінің өкілі «анық жауап бере алмайтынын» айтты.

Үрімжідегі Қазақстанның төлқұжат-виза қызметі бұған дейін де дауға ілінген. 2011 жылы Азаттық қытайлық қазақтардың виза алу қиындығы туралы, мыңдаған адамның бір уақытта апталап кезек күтуге мәжбүр болғаны жайында жазған еді. Шыңжаң қазақтары виза рәсімдеу кезінде сыбайлас жемқорлық пен ретсіздікке куә болғандарын айтқан. Көп ұзамай бұл мәселеге қазақстандық БАҚ та назар аударып, кейін сыртқы істер министрлігі жемқорлық туралы шағымдарды жоққа шығарса да, Үрімжіге қосымша бір дипломат жіберген болатын.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG