Accessibility links

Азаттық радиосы Монғолияда тұратын қазақтардың baiolke.com сайтына шолуды ұсынады.


БАЯН-ӨЛГИЙЛІК САЙТ

Интернетте 2010 жылдан бастап жұмыс істей бастаған baiolke.com сайты «Жастар», «Заң», «Көкейкесті», «Тарих», «Әдебиет», «Әлеумет» деген айдаршалармен материалдар жариялап келеді. Ал соңғы кездері «Алтын қор» деген атаумен Монғолия қазақтарының орындауындағы әндер мен күйлер топтамасын жасау қолға алынды. Бірақ сайт беті сирек жаңаратылатыны аңғарылады.

Мәселен, жастар бетіндегі «Азат Монғолия және Баян Өлгей аймағы» деп аталатын соңғы мақала 2012 жылдың қараша айында жарияланса, «Біз қай елдің патриотымыз немесе өлгейлік тәрбие » деп аталатын мақала 2011 жылдың ақпанында жарыққа шыққан екен. Осы екі аралықта сайт бетіндегі «Жастар» айдаршасына «Шыңғырған біздер, шыңырауда кімдер», «Моңғолия Шыңғысханның Совет одағы жасаған бейнесін түзеуге әрекеттенуде», «Қазақтың хан Кенесі», «Тәрбие туралы» секілді мақалалар ілініпті.

ҚАЗАҚСТАНМЕН САЛЫСТЫРУ

Алғашқы кезеңде Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдарында шыққан материалдарды жариялаумен шектелген сайтта ұлтқа қатысты мақалаларға көбірек орын беріліп, көп талқыланған.

Мәселен, «Түркі ынтымағы үшін тер төккен ғалым», «Абай өткен 112 жылдан соң», «Біз неге жеңілдік», «Көші-қон: күңгей мен көлеңке», «Шоқынған қазақты да шеттетпейік» деп аталатын мақалар оқырмандар талқысына ең көп түскен тақырыптар ретінде тіркеліпті.

Оқырмандар тарапынан түрлі пікір туғызған тақырыптардың бірі – ғалым Зардыхан Қинаятұлының baiolke.com сайтына берген «Демократиялық беталыс тұрғысынан Қазақстан Моңғолиядан көп артта» деген сұқбаты.

– Әрине, экономикалық әлеуеті жағынан Моңғолия Қазақстанмен қара таластыра алмайды. Бірақ, қазіргі саяси жүйе, демократиялық беталыс тұрғысынан Қазақстан Моңғолиядан көп артта. Моңғолияда парламенттік басқару жүйесі 1991жылы заңмен бекітілді. Содан бері конституцияға ешқандай өзгеріс кірген жоқ. ...Айтпағым, Моңғолияда демократиялық түзім жақсы қалыптасып үлгерді, – дейді Зардыхан Қинаятұлы.

Бұл сұқбатқа пікірінде Қағбат есімді оқырман Монғолияда жиырма жылдан бері заңға ешкандай өзгерістің енгізілмеуін «баяғы жартас – сол жартас» деп бағалапты. «Монғолияның қазіргі жағдайы айтпаса да түсінікті, артта қалуының бірден бір себебі – ешқандай өзгермеген заңмен жұмыс жасауында» деген түйін жасаған оқырман.

САЙТ АВТОРЛАРЫ

Қытай қазақтарының сайттарымен салыстырғанда «baiolke.com» сайтының оқырмандары да, жазармандары да көп емес. Негізгі авторлардың арасында Баян-Өлгийден қоныс аударып, қазір Қазақстанда тұратын Қаржаубай Сартқожа, Қайрат Бодаухан, Зардықан Қинаятұлы, Шынай Рахметұлы сияқты адамдар бар.

Ал сайттың ең көп пікір жинаған беті – «Қайдасың бауырым». Мәселен, Бірін бірі іздеген қазақ аталған бетке 397 пікір қалдырса, «Көші-қон: күңгей мен көлеңке» деп аталатын мақалаға 5 пікір ғана жазыпты.
  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG