Accessibility links

Моңғолиядағы боксшы қазақ қызы


Нұржамила Батырбекқызының қарсыласын жеңген сәті. Улаанбаатар, Моңғолия жасөспірімдер біріншілігі, 2016 жылдың ақпаны. Сурет боксшының жеке архивінен алынды.

Нұржамила Батырбекқызының қарсыласын жеңген сәті. Улаанбаатар, Моңғолия жасөспірімдер біріншілігі, 2016 жылдың ақпаны. Сурет боксшының жеке архивінен алынды.

Моңғолияда тұратын 17 жасар боксшы Нұржамила Батырбекқызы биыл ол елдегі жасөспірімдер біріншілігінде жеңімпаз атанды.

Нұржамила Батырбекқызы Моңғолия астанасы Улаанбаатар қаласындағы орта мектептердің бірінде оқиды. 2013 жылдан бері республикалық жарыстарда жүлде ала бастаған қазақ қызы Моңғолия жасөспірімдерінің 2016 жылғы чемпионатында 48 килограмм салмақ дәрежесінде алтын медаль алды.

Нұржамила Батырбекқызының (сол жақтан екінші) жеңіс тұғырына көтерілер сәті. Улаанбаатар, Моңғолия жасөспірімдер біріншілігі, 2016 жылдың ақпаны. Сурет боксшының жеке архивінен алынды.

Нұржамила Батырбекқызының (сол жақтан екінші) жеңіс тұғырына көтерілер сәті. Улаанбаатар, Моңғолия жасөспірімдер біріншілігі, 2016 жылдың ақпаны. Сурет боксшының жеке архивінен алынды.

Нұржамила Азаттыққа берген сұқбатында жуықта өткен жарыс жайлы, өзінің бұл спортқа неліктен қызыққаны туралы әңгімеледі.

Азаттық: - Әңгімемізді жуықта жеткен жеңісіңнен бастайық. Жарыс қалай өтті, бәсеке қиын болды ма?

Нұржамила Батырбекқызы: - Ақпанның 15-20-сы аралығында өткен жарысқа Моңғолияның барлық аймағынан боксшылар келіп қатысты. Осы жарыста мен өз салмағымдағы алтын медальмен қатар «Үздік боксшы» деген атақ алдым. Жалпы, 48 килограмм ең жеңіл салмақ болғандықтан, мықты боксшылар да өте көп. Соңғы үш жылда осы салмақта мықты қыздардың саны көбейіп келеді.

Азаттық: - Боксшы болуға қалай құмарттың? Әлде отбасыңда боксшылар бар ма?

Нұржамила Батырбекқызы: - Жоқ. Отбасымдағылардың барлығы спорттан алшақ. Әкем – дін қызметкері, Моңғолия мұсылмандар қоғамының бас директоры, ел президенті әкімшілігінің жанынан құрылған дін істері басқармасында қызмет етеді. Тек мен спортпен айналысқалы боксты қызықтап, тамашалайтын болды. Үйде ағам ән айтады, ал әпкем мен сіңілім биге қатысып жүр.

Спортқа келуіме әлімжеттік себеп болды. Кішкентай күнімнен ұл балалармен ойнауға құмар болдым. Солармен күресіп, төбелесіп өстім. Мінезім де ұлдардыкі секілді қалыптасты. Сондықтан ба, әлде басқа да себебі болды ма – орта сыныпқа келгенде айналамдағылар мені бөлектеп, ыңғайы келсе тиісе бастады. Сосын өзімді қорғау үшін бокс үйірмесіне жазылдым.

Азаттық: - Мектептегі үйірмеге барасың ба, әлде арнауы клубта дайындаласың ба?

Нұржамила Батырбекқызын марапаттау сәті. Улаанбаатар, Моңғолия жасөспірімдер біріншілігі, 2016 жылдың ақпаны. Сурет боксшының жеке архивінен алынды.

Нұржамила Батырбекқызын марапаттау сәті. Улаанбаатар, Моңғолия жасөспірімдер біріншілігі, 2016 жылдың ақпаны. Сурет боксшының жеке архивінен алынды.

Нұржамила Батырбекқызы: - «Улаан-Арслан» дейтін жергілікті бокс клубы бар. Бұл жерде тек жастар ғана емес, үлкендер де жаттығады. Осыдан төрт жыл бұрын сонда жазылып, Нармандах есімді бапкердің қоластына барғанмын. Бүгінге дейін сонда жаттығамын. Осы клубта қазақ ұлтынан тек мен ғана. Түске дейін мектептегі сабағыма барып келемін. Түстен кейін екі сағат уақытымды жаттығуға арнаймын.

Азаттық: - Ендігі мақсатың қандай?

Нұржамила Батырбекқызы: - Моңғолия қазақтары арасынан шыққан боксшы қыздар аз. Сол себепті Моңғолия атынан олимпиадалық жарыстарға қатыссам деген мақсатым бар. Бұл – әзірге тек арман. Бірақ арманға жету үшін жұмыс істеп жатырмын.

Азаттық: - Сұхбатыңа рахмет.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG